Өнер • Бүгін, 08:50

Ұлттық әуеннің белесі

6 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятының өзегінде ғасырлар бойы ұлттың жадын сақтап келген қос құді­рет бар: бірі – сөз өнері болса, екіншісі – күй өнері. Күй – халықтың жазылмаған шежіресі, уақыт пен кеңіс­тікті жалғаған үн. Сол қасиетті үн бүгінгі театр сахна­сында жаңа сипатқа ие болып, көркемдік болмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осы үрдістің жарқын үлгісінің бірі – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Халық аспаптар ансамблі.

Ұлттық әуеннің белесі

Жақында аталған өнер ұжымы өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтті. Шығармашы­лық кеңістікте бұл – уақыт тұтас бір мектептің қалыптасуына, көркемдік ұстанымның орны­ғуына, кәсіби дәстүрдің бекуіне жеткілікті кезең. Осы жылдар ішінде ансамбль ұлттық музыканы насихаттаушы ғана емес, театр кеңістігіндегі музыка­лық мәдениеттің жаңа үлгісін қалыптастырған ұжым ретінде танылды.

Кез келген өнер ұжымының тағдыры оны дүниеге әкелген тұлғаның болмысымен сабақ­тасып жатады. Қаллеки теа­тры құрамындағы Халық аспаптар ансамблінің тарихы да оның негізін қалаушы, талантты дирижер, білікті педагог, халықаралық байқаулардың лау­реаты, Мәдениет саласы­ның үздігі Маралжан Мырза­құлованың есімімен тығыз бай­ла­нысты. Соңғы демі үзілген­ше ұлттық музыкаға бар ғұмы­рын арнаған Маралжан Қаз­­бек­қызы 2021 жылы театр жаны­нан халық аспаптар ансам­блін құру бастамасын көтерді. Бұл жаңа ұжым­ның құрылуы ғана емес, дәстүрлі музыканы театрлық кеңістікпен тоғыстырған, сахна­дағы драмалық әрекет пен музы­калық ойдың біртұтас көр­кем әлемін қалыптастырған тың шы­ғармашылық алаңның дүние­ге келуі болатын. Өнер иесі ансамбльдің репертуарын жасақтап қана қойған жоқ, оның эстетикалық бағдарын, орын­даушылық мектебін, көркемдік бағытын айқындап берді.

Бүгінде сол игі жолды ха­лық­­аралық және респуб­лика­­лық байқаулардың лауреа­ты, дирижер Берік Сарыбай жал­ғастырып келеді. 2025 жылдан бастап ұжымға жетекшілік еткен жас музыкант ансамбль шы­ғар­­машылығына жаңа тыныс әкелді. Оның ізденістері­нен дәс­түр мен заманауи музыка­лық ойлаудың табиғи үйлесімі бай­­­қалады. Соның нәтижесінде ансамбль репертуары жаңарып, ұлттық аспаптардың көркемдік мүм­­­­кіндігін кеңінен танытатын тың жобалар дүниеге келе бас­тады.

д

Ұжым алғашқы қадамынан-ақ халық­аралық өнер кеңістігінде өз орнын айқындай білді. «Asia Folk – 2021» халықаралық фес­тиваліндегі бас жүлде мен І дә­режелі диплом, Фран­ция­да өткен «Nouvelles Étoiles» бай­­қауындағы жеңіс – қазақ­тың ұлттық аспаптық мәдение­тінің әлемдік деңгейде мойын­далуының көрінісі болды. Дегенмен, ансамбльдің басты жетіс­тігі марапаттар санымен өлшенбейді. Оның негізгі мис­сиясы – театр өнеріндегі музыканың рөлін жаңа деңгейге көтеру. Бұл тұрғыдан алғанда Қырғызстанда өткен «ART Ordo – 2023» халықаралық театр фестивалі ерекше аталады. Театр сахналаған «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасының төрт сағатқа со­зыл­ған қойылымын ансамбль толықтай жанды музыкамен сүйемелдеді. Мұнда музыка жай ғана фон қызметін атқарған жоқ. Ол драматургиялық әрекеттің белсенді қатысушысына айналды. Кейіпкерлердің ішкі психологиясын ашып, сахналық тартыстың эмоциялық қуатын күшейтті. Нәтижесінде, қойы­лым фестивальдың бас жүлдесін иеленді.

Аталған тәжірибе ансамбль­дің театрлық үдерістегі орнын айқын көрсетті. Бүгінде ұжым Еркін Жуасбектің «Үй­лену», Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиялары мен «Кешкі...7» спектакль-концертінің музыкалық әлемін қалыптастырып, сахнадағы оқи­ға мен музыкалық драматургия арасындағы алтын көпір қыз­метін қатар атқарып келеді.

Ұжым құрамындағы музы­канттар да – ұлттық аспап­тар­дың табиғатын терең мең­герген кәсіби орындаушылар. Домбыра, қобыз, жетіген, сы­бызғы, сазсырнай, шаңқо­быз, дауылпаз, шіңкілдек сынды көне аспаптардың үндік мүмкіндіктері олардың орындауында жаңа бояуларға ие болады. Ең бастысы, ансамбль дәстүрді қайталаумен шектелмейді. Олар ұлттық мұраны бүгінгі тыңдарманның қабылдау ерек­шелігіне бейімдеп, заманауи көркемдік кеңістікке енгізіп келеді. Осы ұстаным «Jas Time – Жаңа бағыт», «Қош келдің, Жаңа жыл», «Жібек жолындағы үндестік: Достық көпірі», «Көктем сазы» секілді концерттік бағдарламалардан анық көрінді. Айтулы жобалар ұлттық музыканы жаңа аудиторияға жақындатып, қазақ аспаптық өнерінің уақытпен бірге дамып келе жатқанын дәлелдеді.

Ансамбльдің бесжылдық мерейтойына арналған концерт те осы шығармашылық жолдың көркем қорытындысы іспетті өтті. Кеш шымылдығы Ж.Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуенімен» ашылды. «Наз» мемлекеттік би театрының бишілері қатысқан қойылымдық композиция көрерменді бірден қазақы музыкалық кеңістікке жетеледі. Одан кейін орындалған М.Бердіғұловтың «Шахристаны» мен Құрманғазының «Саран­жап» күйі ансамбльдің орын­даушылық қуатын айшықтай түсті. Актер Қасымхан Бұғы­бай шырқаған Кененнің «Көк­­­­шо­лағы» халықтық әншілік дәс­­түрдің өміршеңдігін сезін­дірсе, қобызшы Аида Әбенова­ның орындауындағы Нұрболат Сахының «Аққан жұлдызы» кештің лирикалық тынысын тереңдете түсті.

ж

Мерейтойлық бағдарлама­дағы ерекше сәттердің бірі  әлемдік музыка жауһарлары­ның ұлттық аспаптар үнінде жаң­ғыруы болды. Тимур Әбдікеев орындаған Астор Пьяц­цолланың «Oblivion» шы­ғар­масы қазақ аспаптарының мүмкіндігі қандай кең екенін дәлелдеді. Сондай-ақ Яннидің «Дауылы», Ришар Гальяноның «Tango pour Claude» туындысы, Д.Беккердің «Саламанка» рок-болеросы көрерменді ұлттық музыкадан жаһандық музыка кеңіс­тігіне жетелегендей әсер қал­дырды. Ал концерт соңында орындалған Төлеген Шөкеновтің «Ға­сырлар әуені» шығармасы кеш­тің идеялық түйініне айналды.

Бүгінде Қаллеки театрының Халық аспаптар ансамблі  –концерттік ұжым ғана емес, ұлт­тық жадыны жаңғыртушы мәдени институт, сахна мен күйді тоғыстырған шығармашылық зертхана, дәстүр мен бола­шақты жалғаған алтын көпір. Олардың әрбір орындауында қазақ даласының үні, ата-баба мұрасы, ғасырлардан жеткен күй мәдениетінің терең философиясы бар. 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Тарихы терең рухани орда

Аймақтар • Бүгін, 09:05

«Ацтека». Доп. Дүбір!..

Футбол • Бүгін, 09:00

Рыбакина орнын сақтап қалды

Теннис • Бүгін, 08:58