Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

ОСК жұмысының жаңа бағыттары таныстырылды

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясында 2017 жылдың жұмыс қорытындылары және үстіміздегі жылдың жаңа бағыттарын таныстыру бойынша кеңейтілген отырыс болды.  

ОСК жұмысының жаңа бағыттары таныстырылды

Отырысқа облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау ко­мис­сияларының төрағалары мен хатшылары, облыстардың, Астана және Алматы қала­лары әкімдері аппараттарының жетек­шілері, Парламент Мәжілісінің депу­таттары, Әділет, Білім және ғылым министрліктерінің, Қазақстан Республи­касының Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының өкілдері және электоралды білім беру бойынша жаттықтырушылар қатысты. 

Орталық сайлау комиссиясының төр­ағасы Берік Имашев отырыс­та сөй­леген алғысөзінде 2017 жылы ОСК-ның жұмысы сайлау жүйесінің заң­­на­малық негізін жақсарту, халық­ара­лық ынтымақтастықты дамыту, сай­­лау процестерін цифрландыру және элек­торалды білім беру жүйесін ұйым­дас­тыруға бағытталғанын атап өтті. Жыл қоры­тындысы бойынша баяндаманы төр­ағаның орынбасары Константин Пет­ров жасады.

Б.Имашев Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен және мүдделі органдармен келісу үшін енгізілген, Үкімет ұсынған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына назар аударды.

Отырыста Әділет вице-министрі Н.Пан, Парламент Мәжілісі депутаттық фракцияларының жетекшілері: «Нұр Отан» партиясынан И.Аронова, «Ақ жол» партиясынан А.Перуашев, ҚКХП хатшысы В.Косарев, Қазақстан халқы Ассамблеясынан С.Абдрахманов, Адам құқығы бойынша ұлттық орталықтың жетекшісі С.Оспанов, Еуропалық құқық және адам құқықтары бойынша сарапшылық институтының директоры М.Башимов сөз сөйледі. Сонымен қа­тар Қостанай облыстық сайлау комис­сия­сының төрайымы А.Маркова және Алматы облыстық сайлау комиссиясының төр­ағасы  Т.Даутов өз ойларымен бөлісті. 

ОСК төрағасы Берік Имашев еліміздің сайлау жүйесі 93 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшелерін қамтитынын және Орталық сайлау комиссиясы сайлау бойынша заңнаманы өзгертуге мүдделі тараптардың және қоғамның қатысуымен пікір алысатын ең тиімді талқылау алаңы екенін атап өтті. Сондай-ақ Б.Имашев Орталық сайлау комиссиясы жұмысының алдағы уақытқа қойған басымдықтары мен нақты бағыттарын ұйымдастыруда жаңа формалар мен әдіс-тәсілдерін қолдану жайлы, саяси партиялар және азаматтық қоғаммен ынтымақтастық мәселелері жөнінде айтып өтті.

Жақсыбай САМРАТ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»