Cакралды сөзінің түп-төркіні латын тілінде жатыр. Еуропалықтар осынау ұғым-түсінікпен өздері ерекше қастерлеген діни, тіпті мистикалық құбылыстарды, күнде көріп жүрген таныс ортадағы өзгеше болмысты, иррационалды дүниені, нысандарды бейнелеген. Күні бүгін де бастапқы мағынасын сақтап келеді. Тап осы себепті дін атаулыны апиын ретінде қабылдаған кеңестік билік сакралды география теориясы мен практикасының адымын аштырмай, жөргегінде тұншықтырды. Құранды өртеген, молдалардың сақал-мұртын зорлықпен күзеген, мешіттерді аяусыз қиратқан елде дінге, діни ұғым-түсінікке қатысты орындар қатаң бақылаудан көз ашпай, мүлде басқа мақсаттарға пайдаланылды. Оларды сакралды мәртебесімен айшықтаудың өзі қатерсіз емес еді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана бабалар мұрасымен қайта табыстық.
Мақалада сакралды географияның мән-мағынасы терминге мейлінше сәйкес – қасиетті, киелі ұғымдарын қолданумен ашылған. Осыдан-ақ төл тарихымыз бен өркениетіміз жаһандық үдерістен, ақыл-ой бәсекесінен тыс тұрмағанын байқауға болады. Президент белгілеген жобаның мақсат-міндеттеріне бойлап, іргелі практикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін қоғамдық-гуманитарлық ғылым иелері ақиқатты ашатын теориялық, методологиялық қағидаттарға сүйенуі керек. Сонда өзімізді өзіміздің тануымыз, рухани жаңғыруымыз сапалы жаңа биікке көтерілері сөзсіз.
Қазақ халқы сакралды сөзін естімей тұрып-ақ дінді ғана емес, жарық дүниенің тылсым таңғажайыптарын, бүкіл қоршаған ортаны қастерлеудің классикалық қағидаларын қалыптастыра алды. Адамдардың күнделікті өміріне қатысты тыйымдарымыздың өзі мән-мағынасы жағынан қоғамдық санадағы, дүниетанымдағы сакралдылық жайлы тұжырымдарымыздың биік деңгейін бейнелейді. Мәселен, табалдырықта тұруға, босағаны керуге, малды ұруға, молаға қарай жүгіруге тыйымдары шаңырақты, мал-жанды, аруақтарды – екі дүниені де ерекше құрметтегеніміздің дәлелі. Сакралды географияның пайда болуы себебі мен философиясының түпкөздегені де – осы. Ол төл тарихымыздың қай дәуіріне болсын тән ізгілік, биік рух, болашаққа сенім тәрізді қасиеттермен үндесіп жатыр.
Елбасы мақаласы жарияланғаннан беріде Қазақстанның сакралды нысандарын анықтауға, әлеуетін зерделеу мен насихаттауға аз күш жұмсалған жоқ. Дегенмен, мақаланың «Кіріспесіндегі»: Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген пайымға ерекше назар аудару қажет деп білемін. Әңгіменің түйіні – сакралды географияға нені жатқызатынымызды, пәні мен нысанын анықтағанда қандай өлшемдерді басшылыққа алатынымызды біліктілікпен дәйектеуде. Мұнсыз уақыт та, қаражат та бекерге зая кетуі бек мүмкін.
Менің ойымша, сакралды география корпусын тізімдеуден ғылыми талдауын түзгенге дейін оның дүниеге келуіне әу бастан түрткі болған дін мен діни ұғым-түсінікке басымдық берген жөн. Түптеп келгенде, екеуі де, біріншіден, бәрінен ұлық түпжаратушыға, екіншіден, тылсым сырлы ерекше құдіретке адамдардың көзқарасын, құрметін білдіреді. Дәстүрлі қазақ қоғамында түпжаратушы ретінде Құдай мен Тәңірі қабылдана берген. «Таңғы ас тәңіріден», «Тазының иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген халықпыз.
Қазақтың сакралды әлемге сәйкес тілдік қоры да қалыптасқан. Солардың ішінде үш сөздің этимологиясы мен танымдық әлеуеті айрықша көзге түседі. Ол сөздер – әулиелі, киелі, қасиетті.
«Әулие» – қазақ тіліне арабтан енген сөз. Түпжаратушының сүйген құлы, адамды дұрыс жолдан адастырмаушы дегенге саяды. Ұлы даламызда құдай жолынан қылаудай ауытқымаған, ақылымен де, қолымен де қалтқысыз қызмет еткені үшін әулие санатына көтерілгендер бар ғой. Ендеше, сак-
ралды география нысандарының ең маңызды, ең мәртебелі бөлігін «әулиелі» терминімен айшықтаған жөн. Мәселен, ислам дінінің ғұламалары мен қайраткерлері Қ.А.Ясауидің, С.Ғылманидің, А.Машанидің, Х.Алтайдың кесенелері, егер сакралды география нысандары тізіміне ене қалса, «әулиелі» атауымен ұлықтауға лайық. Ислам діні Ұлы далаға VIII ғасырдың ортасынан тарай бастады. Демек, діни сакралды география хронологиялық тұрғыдан соңғы XIII ғасырды қамтып жатыр.
«Киелі» сөзінің мән-мағынасы өте күрделі. Халқымыз осы ұғыммен зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке қарсылығын, адамның, табиғаттың, қоғамның арасындағы жарасымдылық пен үйлесімді сақтауға құштарлығын білдірген. Жүгірген аңның, ұшқан құстың, жер мен судың, ерекше қасиетке ие адамның киесі ұрады деуімен қоғамдық-саяси, рухани, экологиялық, әлеуметтік тұрақтылықты, ынтымақ пен ықпалдастықты бәрінен жоғары қоя алған. Батыс тарихнамасында әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан қате тұжырымды – көшпелілер өркениеттен тыс қалған, олар соғысқұмар, отырықшыларға тыныштық бермеген тәрізді пайымдарды жоққа шығара алғанын да білуіміз керек.
Киелі сакралды географияның тұңғышы Қазығұрт тауы десек, еш қателеспейміз. Өйткені таудың басында Нұқ пайғамбардың кемесі қалғаны туралы аңызды білмейтін қазақ жоқ, оған тәу етушілер күні бүгінге дейін үзілген емес. Түркілердің Отаны Алтайдағы Берелді қалайша сакралды географияға жатқызбаймыз. Сакралды нысандардың осынау тобы исламға дейінгі дүниетанымды айшықтайды, көбінесе нақты киемен қосарлана аталады. Айталық, Абылай ханның киесі қызыл түлкі, Райымбек батырдың киесі ақ түйе, Жамбылдың киесі қызыл шұбар жолбарыс, Кемпірбайдың киесі көкала үйрек екен. Наурыз мейрамымен бірге айтылатын Қыдыр ата да халқымыздың кие құдіретіне бас игені.
Қысқасы, киелі сакралды география хронологиясы бойынша да, мазмұны жағынан да ауқымды әрі бай.
Сакралды географияның үшінші құрамдас бөлігін халықтың, мемлекеттің тағдыры мен тарихында бетбұрысты миссия атқарған оқиғалар орны және тұлғаларға байланысты жерлер құрауы керек. Тап осы мәселеде қоғамдық санадағы мәртебесімен есептескен жөн. Мәселен, XVIII ғасырдың батыры Райымбектің зиратына түнеп, аруақтан бала сұрау, тілек тілеу ертеден үзілмеген дәстүр. Осынысымен-ақ батыр зираты сакралды нысанға айналды. Ал батырлығы бір мысқал кем емес талай ерлердің есімі естен шықпаса да, зираттары қайда екенін білмейтініміз рас қой. Есесіне өмір жолы ауызша тарих мәліметтерімен ғана сипатталған жанның басындағы белгісі сакралды географияға айналғанына куәміз.
«Әулиелі», «Киелі», «Қасиетті» ұғым-түсінігінен туындайтын қазақ әлемінің, оның ішінде тарихының да гуманистік және жасампаз әлеуетін өзімізге де, өзгеге де түсіндірудің маңызы зор. Бодандықтағы үш ғасырға жуық уақыт ішінде әулиелі, киелі жерлеріміз аз бүлдірілген жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», деген ой-түйіндер, біріншіден, ұлттық кодымыздың тынысын кеңейтуді көздейді, екіншіден, мәдени, ғылыми, ономастикалық, т.б. міндеттерімізді тиянақтап тұр, үшіншіден, ең бастысы – қазақ қазақ қалпында ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алатынын еш бүкпесіз жайып салды. Турасын айтқанда, тәуелсіздіктің ғұмырын ұзартып, Мәңгілік Елге айналу үшін, Үшінші жаңғыру үшін бізге қазақ болып қалғаннан басқа жол жоқ.
Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің бәрі бірдей сакралды болуы мүмкін емес. Әулиелі, киелі, қасиетті нысандар, әдетте, көп бола бермейді. Негізінде алдымен халықтың ұстанған діні мен діни ұғым-түсініктері жатқандықтан, сонан соң мемлекеттілігі мен азаттығы бірінші орынға шыққандықтан олар, тарихи генезисі бойынша үш дәуірді бастан кешті: біріншісі – Ұлы далада homo sapiens пайда болғаннан әлемдік дін ислам тарағанға дейінгі дәуір. Бақсылық, тотемизм, тасаттық, Диқан баба, Қамбар ата, т.б. сенім-нанымдар осы дәуірдің сакралды географиясына әсерін тигізді.
Екіншісі – ислам діні Ұлы далаға келгеннен беріде бой көтерген әулиелі нысандар. Бұл орайда орта ғасырлардан белгілілері мен кейбір пысықайлардың өз пайдасы үшін аяқ астынан ойлап тапқан нысандарды шатастырмау керек. Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқандықтан Қазақстан діндер мен мәдениеттердің, түрлі өркениеттердің ықпалдастығын бастан өткерді. Біз үшін екі рухани құндылықтың парқы мен нарқы алабөтен. Олар – тәңіршілдік пен ислам. Осы екеуіне қатысты жерлердің, нысандардың, ескерткіштердің болмыс-бітімін анықтап, сакралдыға кіретін-кірмейтінін ғылыми бекемдейтін сәт келді. Отар өлкеге айналғанға дейінгі дәуірлерден жеткен жат діндер мен қазіргі қатерлі діни ағымдар мұрасын сакралды география мәртебесімен танудың реті жоқ.
Үшіншісі – қазақ хандығы шаңырақ көтергеннен кейінгі дәуір. Бұл дәуірдегі сакралды нысандарда ұлттық пішін мен мазмұн басым түседі. Тұтастай алғанда, сакралды нысандар адамдарды ұлтына, жынысына, руына, тайпасына қарай алаламай, баршаны адам қалпынан шықпауға үйретеді, оларды жақсылыққа шақырады, алдағы күнге сенімін арттырады.
Сакралды география «ақтаңдақтардан» ада емес. Соларды жою – ұлттық тарихты қалың көпшілікке жеткізудің пәрменді тетігі. Әзірге Қызылорда облысындағы Бегім ана мұнарасын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсүмбені, Қостанай облысындағы Мұғалім көлін рухани құндылық ретінде әркім мойындай бермейді. Тарихи тұлға Бегім ана, шыққан тегі жайлы әр жылдары Ә.Марғұлан, Ә.Кекілбай, А.Сейдімбек, Ә.Жәмішев, И.Жақанов, т.б. азаматтар зерттеулерін жариялады, аңыз-әңгімелер жинады, құнды-құнды ұсыныстарын алға тартты. Жалпыұлттық мән берілмегендіктен, өкінішке қарай осы сакралды нысан көпшілікке танымал емес.
Жасампаз әлеуеті рухани жаңғыру үдерісіне толық жегілмеген сакралды нысандар бар. Соның бірі – Шиелі ауданы аумағындағы Оқшы ата кешені. Дерек бойынша, мұнда Асан ата, Есабыз, Қыш ата, Ғайып ата, XIX ғасыр тұлғалары – Бала би, Досбол датқа сүйектері жатыр. Жергілікті әкімшілік пен ғалымдар қолға алса, әулиелі – киелі кешенді осы заманға сай абаттандырып, туризм, білім, тәрбие ошағына айналдыруға болар еді. Жалпы, Қызылорда облысының мекендері Сырды, темір жол бойын қуалай орналасқандықтан сакралды гео-
графияны ұлықтауға, кәдеге жаратуға сұранып тұр.
Сакралды география – жалпыадамзаттық құндылықтармен біте қайнасқан әрі оны әрлендірген ұлттық құбылыс. Демек, Елбасымыздың мақаласындағы: «тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді» деген қағиданы басшылыққа алумен коммунистік елестен біржолата қол үзгеніміз жөн. Тәуелсіздігімізді әлем мойындаған шақта рухани жаңғырудағы, қоғамдық санадағы, ономастикадағы ұлттық, мемлекеттік мүддемізді басымдықпен алға шығарып, сакралды жерлерімізді әліппеде ұлықтаудан заң күшімен қорғауға дейін қисынды жүйелей алсақ, ешкім қазақты ұлтшылдықпен айыптай алмайды.
Сакралды нысандардың біршамасы елді мекендерден жырақ жатыр. Ертең соларға апаратын жол, жол бойына әлеуметтік инфрақұрылым түсері сөзсіз. Салынатын жол мен инфрақұрылымға жоба шағынан дұрыс ономастикалық атау беруді қадағаламасақ, мысалы, Нысанбай жыраудың басына, Ақтау бекінісіне, Астанадағы пантеонға апаратын жол немесе нысан «Новый Абай», «Семь бочек», «Синема Сити» аталып шыға келу қаупі бар.
Сакралды нысандардың мекенжайы көп мәселеден хабар береді. Ойымыз түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейік. Алматыда «Ғылым ордасы» бар. Ол – кешегі Ғылым академиясының бас ғимараты. Мұнда кезінде Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, А.Жұбанов, т.б. тұлғалар еңбек еткен. Сөз жоқ, сакралды, қасиетті мекен. Бірақ ол Шевченко көшесінің бойында тұр. Есесіне Марғұлан көшесі қаланың шет жағына ығысып кеткен. Керісінше болуы керек еді.
Қысқасы, сакралды нысанды қоршаған елді мекендер атауы, жер-су ономастикасы – бәрі ұлттық-тарихи реңкпен ерекшеленгені абзал.
Сакралды география атауларын қоғамдық санада төл тарихымызбен ажырағысыз байланыста орнықтыру арқылы қазақстандық патриотизмнің іргетасы – жерге, тілге, мемлекетке құрметімізді нығайтамыз. Бұл қазақ жеріне көзін тігіп жүрген басқаларға да сабақ болғанына қоса, ұлттық тіліміздің мәртебесін, мемлекетшіл санамыздың деңгейін арттырары сөзсіз.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі