Соның ішінде биология, химия, физика, математика, тарих, география, қазақ, орыс, ағылшын тілдері сияқты негізгі пәндер де бар. Алайда мектепте оқытылатын әр сабақтың өз орны бар. Туған елінің әдебиеті мен тарихын, географиясын білмеген жастың қалай болатынын көріп жүрміз. Ендігі жерде еліміздің географиясы оқытылмаса не болады? Жер шарындағы кез келген шөлді білгенмен, өз еліндегі көлді білмейтін ұрпақтан не күтуге болады? «Туған жерінің қара тасын мақтан етпеген жан, өзге елдің алтын тасын мақтан етіп жарытпайды», деген-ді Қаныш Сәтбаев.
Жақында аудандық басылымнан мектеп мұғалімдеріне жарияланған конкурсты оқыдым. Ауданымыздағы 5 мектепке химик, 3 мектепке географ, 2 мектепке биолог, 1 мектепке физик керек екен. Бұлардың дені – негізгі мектептер. Негізгі мектепте биологтың жүктемесі – 8, географтікі – 10, химиктікі – 5 сағат. Орта мектептегі химиктің жүктемесі – 9, физиктікі – 12 сағат. Сол жүктеме 2-3 сағаттан азайса, кім мұғалім болады? Бола қалғанда, жалақысы қандай болады? Жарайды, бірер сағатты факультативі мен кабинетіне деп қосар. Қалай десек те, айлығы мардымсыз ғой. Қазірдің өзінде мұғалім жетіспейтін жерлерде амалсыздан басқа пәннің маманы сабақ беріп жүр. Бұдан кейін білімнің сапасы бола ма? Оңтүстік Қазақстанның мектептерінде көп мұғалім аз ғана жүктемемен жұмыс істеп жүр деген дерек бар. Басқа өңірде де мұндай жайт жоқ дей алмаспыз. Ертең мұғалімдеріміз жұмыссыз қалмай ма? Министрлік мұны қалай шешеді? Жалақыны көбейткенмен, сағатты азайтса, не өзгеретінін түсіне алмай отырмын. Бәрібір негізгі мектепте 5 сағаттық жүктемемен жүрген жас маманның алатын ақысы аз.
Былтырдан бері мұғалімдердің апталық жүктемесі 16 сағат болады деген сөз шықты. Бұрын бір сабаққа бір бет жоспар жазсақ, енді екі-үш есе артты. Сондықтан қиындығы еселенген жаңа форматқа соның өзі де көп секілді. Негізі, 12 сағат жеткілікті болар еді. Біріншіден, оқудың сапасы артады. Екіншіден, кейбір сабақтардың сағат саны қысқарса, мұғалімдер зардап шекпейді. Яғни, сабақтың сағаты азайса да, жалақы азаймайды. Артылған сағаттардың есебінен шығатын бос жұмыс орындары болады.
Әрине, білім саласындағы кемшіліктер басылымдарда кеңінен жазылып жатыр. Екпін түсіріп айтар жайт, жаңаруға ешкім де қарсы емес. Ұстаздар тек жаңалықтардың жағдайға сай жүргізілмегеніне қынжылады. Өркениетті елдерде, ең жоғары жалақы мұғалімдерге төленеді. Біздің мектептің де, университеттің де оқытушыларының жүктемесі шетелден үш-төрт есе көп. Ал материалдық базасы көш кейін. Екі жыл бұрын еліміздің шалғай ауылдарындағы барлық мектеп ғаламторға қосылады деген еді. Әлі күнге мектебімізде директордың қабылдау бөлмесіндегі интернеттің өзі арасында тоқтап қалады. Аристотель хәкім: «Қоғамдық пікір мемлекет саясатын айқындауы тиіс» деген екен. Білім және ғылым саласының басшылары ұстаздардың тілегін ескерсе дейміз.
Серік ЗИЯТОВ,
Бұлан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы