25 Қараша, 2011

Белесті жылдың берекесі

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сырдың бойы астығын толығымен жинап болды. Бұл шаруалар үшін үлкен мереке. Соған орай «Алтын дән – 2011» мерекесі ұйымдастырыл­ды. «Алтын күз» мерекесі облыстағы күріш шаруашылығын дамытудың жай-күйін талқылаған семинар-кеңес­пен басталды. Онан соң Тұңғыш Президент атындағы саябақ жанындағы қалалық ипподромда ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Жыл сайын молшылық мерекесі тұсында ұйым­дастырылатын ат жарысы, қазақ күресі, қол күресі мен гір тасын көтеру секілді жарыстар жұртшылық көңілін бір серпілтіп тастады.

Осы күні аймақ диқандары мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығында жиналды. Оған облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысып, баяндама жасады.

Жиын барысында ауыл шаруашы­лығы саласының озаттары мен облыс­тың үздік шаруашылықтарының бас­шы­лары және үздік деп танылған аудан әкімдері марапатталды. Жыл қоры­тындысы бойынша Шиелі «ең үздік аудан» болып танылды. Аудан еңбек­керлері агроөнеркәсіп кешенін дамы­туда ілгері көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда әр гектар күріштен –2,5, көкөністен – 27,2, картоптан – 75,7 және бақшадан 52,1 центнер өнімді артық жинаған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда көкөніс, бақша, картоп дақылдары өткен жылдармен салыстырғанда 300 гектарға артық егіліп, аудан көлемінен тыс жерлерге 16 мың тонна картоп, 9,3 мың тонна көкөніс және 21,8 мың тонна бақша өнімдері сатылған. Егін шаруашы­лығында үздік табысқа қол жеткізген аймақ ретінде Сырдария ауданы таныл­ды. Ал мал шаруашылығын дамытуда Жаңақорған ауданы алдына жан салған жоқ.

«Алтын дән – 2011» салтанатты ша­ра­­лары аясында облыста күріш шаруа­шылығын дамыту мәселелері туралы семинар болып өтті. Онда күріш ша­руашылықтарының өнімдері мен өндіріске қажетті тауарларды, мате­риал­дық құндылықтарды жеткізуші компаниялардың көрмесі ұйымдасты­рылды. Көрмеге «Абзал және К», «РЗА», «Алуан Ас», «Сыр маржаны» серіктестіктерінің жаңашыл сорттары мен комбайн, жатка және тыңайт­қыштар жеткізуші компаниялар мен агрофирмалардың үлгілері қойылды. Облыстың ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы Талғат Дүйсебаев биыл салаға мемлекеттік қолдау 3,3 млрд. теңгенің көлемін құрағанын атап, қазіргі таңда облыста 7 тұқым шаруа­шылығы жұмыс істейтінін жеткізді. Диқандар жеті түрлі күріш сорттарын өсіруде. Дегенмен, дақылды дамыту мен оның сапасын көтеруде алда үлкен міндеттер тұрғанын да қоса айтты.

Кеңесте «Қазақ күріш шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС- нің бөлім бастығы Александр Подольских күріш жармасының сапасын жақсарту жолдарын әңгімелесе, Микробиология және вирусология ҒЗИ-нің бөлім бастығы Ғани Таубекова егістікте топырақтың құнарлылығын арттыруда микроорганизмдердің рөлі зор екенін баяндап берді.

Сыр диқандары мен ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің «Алтын дән - 2011» салтанатты мерекесі аясында  ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмең­кесі өтті. Қалың жұрт, әсіресе, қала тұрғындары алтын күзді асыға күтеді. Өйткені, осы мезгілде диқандарымыз ел қырманын күміс дәнге толтырып, «Алтын дән» салтанатты мерекесі аясында облыс орталығында ауылша­руашылық өнімдерінің жәрмеңкесін дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған биылғы жәрмеңкеге ауылшаруашылық өнімдері барлығы 425 автокөлікпен әкелінді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаевтың ай­туынша, үстіміздегі жылы облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері барлығы 160,7 мың гектар жерге ауылшаруашылық өнімдерін орналас­тырған. Оның ішінде дәнді дақылдар 86,8 мың, мал азығындық дақылдар 47,7 мың, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 23,9 мың, майлы дақылдар 2,2 мың гектарға егілді. Ақ күріштен соңғы 20 жылда қол жетпеген жетістікке жеткен диқандар қауымы жәр­меңкеге 175 тонна Сыр маржанын, 535 тонна картоп, көкөніс-бақша дақыл­дарын, 5 тоннадай жеміс-жидектер, 190 тоннадан астам ет және ет өнімдері мен 37 тонна сүт өнімдерін, сонымен бірге 450 бас уақ мал әкеліп сатуға шығарылды. Мәселен, осы күні ет және балық күнделікті баға­сынан 200-300 теңгеге арзан болды.

Сонымен, Қызылордада «Алтын күз – 2011» мерекесі салтанатты жағ­дайда өтті. Белесті жылға Сыр халқы берекемен келгенін көз көрді. Бастысы, Жер-Ана баласына иіп тұр. Соның арқасында тоқшылық заманда өмір сүріп жатыр. Тағдырын жермен тікелей байланыстырған шаруа үшін бұдан артық бақыт жоқ.

Ержан БАЙТІЛЕС.

Қызылорда облысы.