Республикалық «Deutsche Allgemeine Zeitung» газетінде жұмыс істеген жылдары маған депортациялау куәгерлерімен жиі сөйлесуге тура келді. Олардың көпшілігі 40-шы жылдары кішкентай бала болғанына қарамастан, сол кездердегі аштықты, өлім-жітімді, жүк вагондарға тиелген адамдарды және басқа да үрейлі көріністерді естеріне сақтап қалған. Сонымен қатар олар жер аударылғандардың мыңдаған отбасыларына пана болған, жан жылуын сыйлаған қазақтардың қонақжайлылығы мен мейірімділігі туралы үнемі жылы сөздерін айтып жүреді.
Тарихтан белгілі, айналасы 24 сағаттың ішінде барлық дүние-мүлкінен айырылып, өз жерінен аластатылған, алдарында не күтіп тұрғаны белгісіз немістер 40-шы жылдарда Қазақ даласына әкелінген. Мұнда олар қазақтардың мейірімділігі мен жанашырлығы арқасында үмітсіздік пен аштықтан құтылды.
Жазушы, аудармашы Герольд Бельгер өз халқының драмалық тағдырын, қазақ пен немістің рухани байланысын өз шығармаларында айқын көрсетті. Сол кезде алты жаста болған жазушы депортацияланған адамдардың маңдайына жазылған барлық қайғы-қасіретті өз көзімен көрді және оны «Кезбенің үйі» атты романында әсерлі баяндаған. Герольд Бельгер әрқашан қазақтардың жан-дүниесіндегі ерекше ыстық мейірімді, салт-дәстүрлерін, мектепте жүріп игерген қазақ тілінің байлығын, мұндағы халықтың өзара достығын зор ықыласпен айтып жүретін. Ол, әсіресе қазақтардың өздеріне үй салуға қол ұшын созғанын, азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар беріп көмектесіп, сол бір ауыр кезеңде қыспақтан алып шыққанын жиі әңгімелейтін. Жазушының айтуынша, немістің ерлері мен әйелдері еңбек армиясына жұмылдырылғанда қазақ отбасылары олардың балаларын алып қалып, тәрбиелеген.
Бүгінде Герольд Бельгер арамызда жоқ. Бірақ оның зайыбы Раиса Хисматуллина мен қызы Ирина Ковалеваның арқасында жазушының мәдени мұрасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына және Г.Бельгердің Петропавл қаласындағы мұражай бөлмесіне қойылған.
Сол бір қасіретті жылдар оқиғалары бүгінде халқымызды мәңгілікке біріктіретін, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін құралға айналды. Сондай-ақ бұл шежіре ауыр жылдарда талайларға көмек қолын созған қазақ халқына алғыс айту керектігін ұқтыратынына сенемін.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны белгілі. Ал осы 1 наурызды Елбасының Алғыс айту күні деп белгілегені көп жайтты аңғартады.
ҚХА-ның ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне жəне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту əділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», деген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың этностық және мәдени әр алуандығы біздің қоғамымыздың байлығы мен ортақ игілігі екенін ылғи айтып жүреді.
Қорыта айтқанда, Алғыс айту күні мерекесі қазақстандық бірегейлікті қалыптастырады, бізді біріктіреді, ортақ мүддеге қызмет етуге үндейді.
Олеся КЛИМЕНКО,
«Deutsche Allgemeine Zeitung»
республикалық неміс газетінің бас редакторы (Алматы)