09 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

1295 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Жолдауда белгіленген маңызды межелерге қол жеткізу – Қазақ­стан­­ға қазіргіден де биік асуларды ба­­ғындырып, қуатты мемлекетке ай­­налуына зор мүмкіндік береді. Біз­­дің бүгінгі таңдағы жетіс­тік­тері­міз де қомақты. Елімізді төрткүл дүние танып, мойындады. Ендігі жерде қа­жырлы еңбегіміз – Ота­ны­мызды әлем­дік ауқымдағы өрісі кең, ха­лықаралық аренада лайық­ты беделге ие, өркендеген елге ай­нал­дыруға жұмылдыруға бағытталуы тиіс. ҰЛЫ ІСТЕР ҚИЫН КЕЗЕҢДЕ ТУЫНДАЙДЫ Президент Н.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлес­кен отырысында жария еткен “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жол­дауы мемлекетіміздің бүгінгі таңдағы қоғамдық-саяси өмірінің негізгі оқиғасы болып отыр. Жан-жақты зерделенген бұл құжат баршамызға терең ой салып, ерекше толғандырмауы мүмкін емес. Ең бастысы, қойылған мақ­сат – айқын. Жолдауда біздің қо­ғам­дағы барлық көкейкесті мәсе­лелерге дәйекті түрде толыққанды жауап берілді. Әрине, әсіресе, әлемдік эко­но­миканы жаһандық дағдарыстың екпіні шарпып тұрған кезде, “ша­руа­сын дөңгелентіп”, мәселелерді шешудің оңтайлы жолын тауып отырған мемлекет жоқ. Осы әлем­дегі үлкенді-кішілі мемлекеттердің бәрі аласапыран заманға тап бо­лып, дағдарыстан кейінгі дамудың жолдарын дамылсыз іздестіруде. Қазақстан болса қалыптасқан жағ­дайдан шығудың оңай жолын іздестіру мен өз экономикасының кем-кетігін бүтіндеп қана қоюдан бірден бас тартып, жедел жаңғыру жолын таңдаған ел екендігін сенімді түрде мәлімдеді. Мұның мәнісі мынада. “Болар ел ертеңгі күнді бүгін болжайды”, деген нақылды Қазақстан берік ұс­танып, бар күш-жігерін дағда­рыс зардаптарын еңсеріп қана қой­май, жаңару жолына, яғни, ин­дустриялық-инновациялық жедел дамуға бағыттау арқылы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын одан әрі жақсарта түсуді көздейтінін сенім­мен жария етті. Көш басында елдің тыныс-тір­шілігі мен экономикасына жетік, мем­лекетіміздің ұстанған бағыт-бағ­дарын көрегендікпен анық білетін, шар болаттай шыңдалған дана, жігерлі дара тұлға тұрғанына Қа­зақстан халқы тағы да көз жеткізді. Елбасының Жолдауы қоғамы­мызда риясыз қолдау тауып, қызу талқыланып жатуы оның тұтастай ел көкейінен шыққанын айғақ­тай­ды. Өйткені, бұл құжат – Қазақ­стан­ның болашақтағы өркендеуі­нің жан-жақты ойластырылып, таяу онжылдыққа жасалған сер­пін­ді стратегиясы, бізді кемел ке­ле­шекке бастайтын батыл қадамы екені даусыз. Жолдауда белгіленген маңызды межелерге қол жеткізу – Қазақ­стан­­ға қазіргіден де биік асуларды ба­­ғындырып, қуатты мемлекетке ай­­налуына зор мүмкіндік береді. Біз­­дің бүгінгі таңдағы жетіс­тік­тері­міз де қомақты. Елімізді төрткүл дүние танып, мойындады. Ендігі жерде қа­жырлы еңбегіміз – Ота­ны­мызды әлем­дік ауқымдағы өрісі кең, ха­лықаралық аренада лайық­ты беделге ие, өркендеген елге ай­нал­дыруға жұмылдыруға бағытталуы тиіс. Соңғы жылдарда біздің мем­лекетіміз аумалы-төкпелі эконо­ми­калық және саяси күрделі жағ­дайларда төтеннен туындаған сан-қилы сынақтардан сүрінбей өтті. “Ұлы істер мен батыл баста­ма­лар қиын-қыстау кезеңдерден бас­тау алады”, деген аталы сөз бар. Бұ­ған қосарым: Мұндай істі бас­тау – дара тұлғаның ғана қолынан келеді. Және біздің Президентіміз – дәл сондай көшбасшы. Турасын айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне тән табандылығы мен талапшылдығы, шын мәнінде кемеңгер көшбас­шы­лығы арқасында Қазақстан дағ­дарыстан шыңдалып шығып, тә­лім­ді тәжірибе жинай білді. Мем­лекет басшысы айтқандай, кешегі қиындықтар кезеңіндегі біздің жұ­мысымыздың басты қорытындысы – “әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы біздің елдің өсу қарқы­ны­на әсер етті, бірақ біздің да­муымызды тоқтатқан жоқ”. Қиын-қыстау кезеңде, Пре­зи­дент­тің тікелей бақылауымен әлем­дік дағдарыс салдарын ең­се­ру­ге бағытталған Парламент пен Үкі­меттің қоян-қолтық және шұ­ғыл жұмыстары уақытында қа­был­данған заңдармен, нақты шешім­дермен, маңызды қаулы, қарар­лар­мен сипатталады. Біздің ендігі ор­тақ мақсатымыз елді жаңғыртып, Қазақстанның әлеуетін өсіру мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы дамудың 2020 жылға дейінгі межелерін еңсеріп, ха­лық­ты ауқымды табыстармен қам­та­масыз ету болып табылады. Басқаша айтқанда, Отаны­мыз­дың келешегі қазақстандықтардан орасан күш-жігерді, алдағы табыс­тарға деген нық сенімді, сапалы білім алуды, өз елін жан-тәнімен сүйетін нағыз ұлан болуды талап ететін ауқымды істерді абыроймен атқара білуімен тікелей байла­ныс­ты екенінде. Бүгінде біздің қо­лы­мызда Қазақстанды өркендеген және беделді, басқа елдерге үлгі бо­латын мемлекетке айналдыра алудың тарихи сәті түсіп тұр. Пре­зидент Н.Назарбаев Жолдауда ха­лық­тың жасампаздық қуатына үлкен сенім артады, ұлы істерге үндеп, жігерін жаниды. Жолдауды қолдайтын, үлкен ілтипатпен, зор ықыласпен қабылдайтын ой-пі­кір­лерін жеткізе отырып, Қазақстан халқы да: “Ынтымақты елде бақ тұрар”, дейді, өзінің Елбасына үміт артады, дәйім сенімін білдіреді. Президентіміздің Стратегиясы – Орталық Азиядағы дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекетті одан әрі реформалаудың аса маңызды жо­басы. Президент айтқандай, мұн­дай игілікті істерден ешкім шет­кері қалмауы тиіс, өйткені Қа­зақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету әр азамат­тың қолында. Біздер бір кісідей жұмылып, тек ынтымақ пен бір­лікте, еңбектің бейнеті мен зейне­тін бірге көруге тиіспіз. 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясын орындау Қазақ­стан­ға экономикалық өркендеу тұр­ғы­сынан өңірлік және халықаралық деңгейдегі ең маңдайалды орын­дарды иемденуге мүмкіндік береді. Енді, біздің еліміздің алдында жаңа ауқымды міндеттер тұр. Он жылға жоспарланған межелер эко­номикадан бастап, әлеуметтік мә­се­лелерге дейінгі барлық са­ла­лар­ды дерлік қамтиды, Қазақ­стан­ды айбынды, қуатты, гүлденген елге айналдыруды көздейді. Президент жоспарында қамтылған барлық салалар бойынша қолдағы мүмкін­дік­тер олардың орындалуына қо­лай­лы ахуал мен оңтайлы сәттер­дің мол екеніне көз жеткізеді. Нұрсұлтан Әбішұлы барша қа­зақстандықтарды мемлекетіміздің жаңа, бәсекеге қабілетті келешегі­не өз үлестерін қосуға шақырады. Бұл жерде еңбек өнімділігін арт­тыру, ұлттық инновациялық жүйе­ні дамытуға тың серпін беру, ин­вес­торлар үшін тартымды жағдай мен қаржы тетіктерін қалып­тас­ты­ру, шикізаттық емес саладағы экс­порт­таушыларды қолдау және өңір­лік даму реформаларын жүр­гізудің маңызына назар ауда­рыл­ған. Мемлекет басшысының жаңа бағдарламасының тағы бір айқын ар­тықшылығы – халықты әлеу­мет­тік қамсыздандыру болсын, эко­номиканы дамытудың басым ба­ғыттары болсын, бұл мәселелердің барлығы да еліміз дамуының бұған дейінгі біз ұстанып келген бұл­жымас бағытпен толықтай сабақтас. Алдағы онжылдықта тұрлаулы және теңдестірілген даму ең алды­мен экономикалық даму мен жедел әртараптандыру сапасына тікелей байланысты екеніне күмән жоқ. Мемлекет басшысы басқарудың бар­лық деңгейлеріндегі жұмыстар­дың нәтижелілігі тек осы талап бойынша бағаланатынына назар аударуы тегін емес. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қоғамның экономикалық идеоло­гия­сы ретінде белгіленді. Еліміздің даму үрдісінде мұның ең басым бағыт екені ақиқат. Президент болашаққа батыл сеніммен қарайды. Жедел индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асыра отырып, біз жаңа экономика құра аламыз, жаңа өндірісті, жоғары ақылы жұ­мыс орындарын ашуды, орнықты өсімді қамтамасыз ете аламыз. Мем­лекет басшысы бұл туралы “индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы еліміздің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктері” деп көрегендікпен дәл бағалады. Сондықтан да Жолдау қағида­ларында инновация мен ғылымды дамыту арқылы экономиканы қол­даудың жүйелі шараларын қабыл­дау, оңтайлы макроэкономикалық ортаны қалыптастыру мен іскерлік ахуалды жақсарту күн тәртібіндегі өзекті мәселе ретінде орынды алға қойылған. Индустрияландыру жоспарын жүзеге асыруда жергілікті билік маңызды рөл атқаратын болады. Бұл ең өзекті мәселе. Жергілікті мем­лекеттік органдардың бастама көтеретін және істі қолға алатын кезі келді. Өңірлердің экономи­калық дамуын дәл жоспарлап, оны ұлттық стратегиямен орайластыра отырып, өндіріс күштерін оңтайлы орналастыру керек. Жергілікті жердегі инвестиция­лық стратегия мәселелері мен жаңа өңірлік саясат Жолдаудың негізгі са­ласы болуы кездейсоқ емес. Онда: “Біз өңірлік дамудың рефор­ма­­ла­рын­сыз жедел әртараптан­дыруға қол жеткізе алмаймыз”, деп баға берілген. Қазақстан жұртшылығы әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар мәртебесі мен қызметі туралы өткір мәселенің шешімін зор қанағатпен қабылдады. Олар енді жергілікті ат­қарушы органдарға берілетін бол­ды. Сөйтіп, олар маңызды бизнес-жобаларды әзірлеуді өз мойын­дарына алып, оны табысты жүзеге асыруға жауапты болатын өңірлік корпорацияларға айналуы тиіс. Сондықтан жергілікті биліктің ендігі басты міндеті – өңірлердегі жеке кәсіпкерлікті жан-жақты қол­дау және дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу мен жаңа баста­ма­ларды ынталандыруға көшу. Бұл ретте жергілікті мемлекеттік орган­дарға қажетті бюджет ресурстары мен әкімшілік тетіктер беріліп отырғанын да айта кеткен жөн. Осы айтылған бағытта нақты қадамдар белгіленіп, “Бизнестің жол картасы – 2020” жаңа бағдар­ламасын жүзеге асыру міндеті алға қойылды. Оның қаншалықты ма­ңызды екенін Мемлекет басшы­сының: “Әртараптандырудың өзегі кә­сіпкерлік болады”, – деген сөз­деріне жүгінсек те жеткілікті. Көздеген мақсат – өңірлердегі кә­сіп­керліктің жаңа толқынын қа­лыптастыру және сол арқылы қо­сымша тұрақты жұмыс орындарын ашу болып табылады. Осы орайда, еліміздің дамуында қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнеске мол сенім артылып отырғанын тағы да қайталап айту артық болмас. Қоғамда орта таптың үлесін арттыру – стратегиялық сипаттағы міндет. Ұлттық буржуазия болмаса, экономикалық шарықтаудың да, игіліктің де болуы екіталай. Жолдауда “дағдарыстан кейінгі әлемнің сынақтары мен қауіп-қатерлеріне сәйкесінше сай болатын” қаржы жүйесіндегі рет­теулердің маңызына ерекше назар аударылды. Отандық қор рыногы 2020 жылға қарай ТМД мен Ор­талық Азиядағы Ислам банкінің өңірлік орталығына айналуы және құрлықтағы жетекші қаржы орта­лықтарының ондығына кіруі тиіс. Жолдаудағы тағы бір маңызды тұжырымдама – жаңа даму орта­лық­тарын құру арқылы иннова­ция­ны ынталандыру. Инновациялық өндіріс саласында ғылыми серпі­лісті қамтамасыз ететін жаңа үш ғылыми орталық: өмір туралы ғы­лымдар орталығы; энергетикалық зерттеулер орталығы; тақырып­ара­лық аспаптық орталық құрылатын болды. Менің ойымша, бұл иннова­цияны, ғылымды қажетсінетін ал­дыңғы қатарлы технологияларды әзірлеу жұмысына белсенді түрде енгізу мемлекеттік стратегиядағы елеулі бетбұрыс болып отыр. Бұл біздің мемлекетіміздің әлемдік ахуалдың келешектегі талап-сы­нақ­тарына төтеп бере алатындығын айқын көрсете алады деп ой­лай­мын. Жолдауда агроөнеркәсіп кеше­нін қарқынды дамытуға ерекше назар аударылған. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен экспортты әрта­рап­тандыруды қамтамасыз ету мін­дет­терін бір мезгілде шешуге мүм­кіндік береді. 2000-2009 жылдар аралығында республикалық бюджеттен агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту үшін 790 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен 250-ге жуық миллиард теңге бөлінді. Олардың 110 мил­лиардқа жуығы субсидия түрінде бөлініп берілді. Бұл – ауқымды қа­ражат. Дегенмен, ауылды дамытуға қатысты оң ілгерілеушіліктермен қатар агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелер әлі де орын алып отырғаны мәлім. Сондықтан Президент агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту жөнін­дегі нақты міндеттерді алға қойды. 2014 жылы агроөнеркәсіп кешені­нің өнімділігі екі есе өсіп, ішкі нарық отандық азық-түлік тауар­лары­мен 80 пайызға қамтылуға, 2015 жылға қарай аграрлық сала­ның экспорттық әлеуеті 8 пайызға дейін ұлғаюы тиіс. Бұл Жолдау халықаралық жоға­ры стандарттарға сәйкес құқық қорғау жүйесін қалыптастыру міндетінің қойылғандығымен де тарихи құжат дер едім. Демек, осы саладағы мәселені байыптай кел­генде, қоғамымызда бұл рефор­ма­лар­ды батыл жүргізетін уақыттың келгені анық. Президент мүдделі мемлекеттік органдарға осы жылдың ішінде мемлекеттің құқық қорғау жүйесін реформалауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуді міндеттеді. Құқық қорғау органдары қызметіндегі екпін ме­кеменің ішкі мүдделерінен азамат­тар құқы мен мемлекет мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары адам құқын қорғау болуы керек. Президент жазалауға бейімдік­тен арылып, бас бостандығынан айыру жазасының балама түрлерін кеңейту, жанжалдарды соттан тыс әдістермен шешуді белсенді түрде енгізу міндетін де алға қойды. Ерек­ше маңызды мәселе: заңдарды ізгілендіру, олардың сапасын арт­тырумен қатар құқық қорғау жүйесін реформалауды жүзеге асыруда қатаң парламенттік және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету керектігі айқындалып отыр. Кез келген жоспардың іске асуы қазақстандықтардың әлеумет­тік ахуалы мен денсаулық жағдайы­ның жақсы болуымен тікелей байланысты екені ақиқат. Тек адам капиталы ғана өскелең өзгеріс­тер­дің, инновацияның және еңбек өнімділігінің басты қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан Стратегияда еліміздің экономи­калық дамуының осы маңызды сатысына баса назар аударылған. Жолдау, сонымен қатар, Қа­зақстанның әлеуметтік бағдарды ұстанған мемлекет болғанын және осылай қала беретінін де нақты айқындап берді. Білім беру мен денсаулық сақтаудың сапалы жүйе­леріне қол жеткізу мүм­кіндігінің арта түсуі де стратегия­лық сипат­тағы міндеттер ретінде белгіленді. Президенттің бастамасы бойын­ша “Жаңа халықаралық универ­ситет”, “Интеллектуалдық мектеп­тер” және “Арнаулы қор” ерекше оқу орындары құрылды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы қазақ­стан­дық жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарға шығару жөнінде нақты тапсыр­малар берді. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат енді саламатты өмір салты мен адамның өз ден­саулығы үшін ынтымақты жауап­кер­шілік қағидасын енгізуді алға қойды. Президент алдағы он жылда Қазақстанның барлық азамат­тары­ның өмір сапасы мен тіршілік дең­гейін жақсартуды, әлеуметтік тұ­рақтылық пен қамсыздандырылуын нығайтуды әлеуметтік саясаттың басым бағыты ретінде белгіледі. Жыл сайын әлеуметтік көмек мөлшері ұлғайып келеді. Респуб­ликалық және жергілікті деңгейде тұрғындардың түрлі топтарына көр­сетілетін төлемдердің, жеңілдік­тердің және жәрдемақылардың 30-дам астам түрі белгіленген. Бүгінде ТМД-дағы бірде-бір мемлекетте жан басына шаққанда өз азамат­тарына осындай әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Кейінгі он жылда мемлекеттегі әлеуметтік жәрдемақылар мен зей­нетақы мөлшері 3 еседен астам өсті. Енді біз Қазақстан өз аза­мат­тарының білім алуы, денсаулық сақ­тауы мен әлеуметтік қорғалуын басты назарда ұстап, толық жауап­кершілікті мойнына алған мемлекет деп батыл айта аламыз. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан халықаралық дәре­жедегі жоғары миссияны атқару­ға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге кірісті. Бұл біздің мемлекетіміздің халықаралық беделі мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы көрнекті сая­сат­кер ретіндегі мәртебесін нақ­ты­лаған тарихи маңызды оқиға. Қазақ мемлекеттілігінің құрылысындағы ірі табыстар ғана емес, сонымен қа­тар әлемдік аренадағы ядролық қарусыздану, экономикалық ық­пал­дастық, сенім және қауіпсіздік шаралары, толеранттық және кон­фессияаралық үнқатысу секілді ерек­ше маңызды үрдістер де Пре­зиденттің атымен тікелей бай­ланысты. Елбасы атап өткендей, осы за­манғы адамзат тарихындағы күрделі кезеңде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – бұл өте жауапты мәселе. Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету­дегі Президент айқындаған тұжы­рымдама зор халықаралық серпіліс туғызып, әлемдік қоғамдастықтың тарапынан оң қабылданды. 2010 жылғы тағы бір елеулі оқиға – Қазақстан, Ресей және Бе­ла­русьтің Кеден одағына кіруі бо­лып табылады. Бұл Қазақстандық компаниялар үшін экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуға қолайлы ахуал қалыптастыратын болады. Сонымен қатар бұл отандық тауар өндірушілердің Кеден одағындағы әріптестерімен қатал бәсекеге түсіп, өз тауарлары мен қызметтерінің сапасын арттыруына тура келеді. Кеден одағының құрылуы, оның базасында Бірыңғай эконо­ми­калық кеңістік құру – бұл шын мәнінде біздің халқымыздың мүддесі үшін нақты ықпалдастықты дамытуға бағытталған Қазақстан­ның сыртқы саяси және экономи­ка­лық стратегиясындағы елеулі бетбұрысы. Президент Стратегиясының та­бысты болуы Жолдауда алға қойған міндеттерді заңнамалық жағынан қамтамасыз етумен де тікелей байланысты. Бұл орайда біздерден, парламентшілерден, “Ғылым ту­ралы” жаңа заң жобасын әзірлеуді жеделдету, концессиялар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу, білім беру және денсаулық сақтау сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіру, құ­қық қорғау жүйесін реформалау жө­ніндегі заң жобаларымен тия­нақ­ты жұмыс істеу талап етіледі. Президент стратегиялық мін­дет­терді шешуде жүйелі қадамдар жасау қажеттігіне назар аударады. Сондықтан Парламентте маңызды заңнамалық актілерді сапалы әрі уақытылы қабылдауға орай қарба­лас жұмыстар күтіп тұр. Біздің қоғамдағы барлық топтардың бірігуі – президенттік Стра­тегияны жүзеге асырудағы түпкі нәтиженің кепілі. Өзара іс-қимыл, әріптестік, қоғамдық кон­сенсус – Жолдау мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған іс-қимыл тұғырнамасы шоғырланған негізгі ұстанымдар, міне, осылар. Жолдаудың өзегі, менің ойым­ша, асырып айтпағанның өзінде, елімізді жаңғыртудың идеология­лық тұғырнамасы болып табылады. Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір қа­зақ­стандық үшін ең жоғарғы құн­дылық – біздің Отанымыз болып т­а­былатынын атап айтты. Біздің ендігі және алдағы ұранымыз – “Бәрінен бұрын – Қазақстан!”. Әр­бір азамат ел ішінде және одан тыс жерлерде қоғамдағы тұрақ­тылық пен қазақстандықтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ық­тимал кез келген қадамнан аулақ болуы тиіс. Ел экономикасының серпінді дамуына қолдау көрсету – Қазақстанның әр азаматының пары­зы. Қазақстан әлемдік нарық­қа ықпалдасу жолымен алға нық сеніммен басатын болады. 2020 бағдарламасының орын­далуында жұмыстың басты өзегі болып табылатын “Нұр Отан” партиясының рөлі ерекше. Нақты саяси және жасам­паздық күш ретінде партия осы жұмыс­тар­дың басында болуға, оны өз бағ­дарламасы ете отырып, елді жаң­ғыр­туды жүзеге асыруға барша қоғам­ды жұмылдыруға мін­детті. Бүгінгі таңда “Нұр Отан” ғана инновациялық идеяны, сындарлы жобалар мен қоғамның өзекті мә­се­лелерін шешу жөнін­дегі ұсыныс­тарды туындататын Қазақстанның жетекші ой-санасы болуға лайық. Билеуші партия Қазақстанның жаңа тарихындағы күрделі де қи­ын­дыққа толы кезеңдерінде күрделі сынақтардан лайықты өте білді, сондықтан да ол қазақстандық­тардың қолдауы мен жоғары сені­мі­не ие болып отыр. Біздің табысқа жетуіміздің басты себебі – отан­дастардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы қоғам алдында тұрған нақты міндеттерді партияның іс­кер­лікпен шешуіне тікелей бай­ланысты. Тұжырымдап айтқанда, Мемле­кет басшысының Жолдауы біздің еліміздің тарихында ерекше орын алады. Дағдарыстың ақтық кезеңін­де, әлемді бұлыңғырлық жайлаған сәтте жария етілген Стратегияда мемлекеттің 2020  жылға дейінгі дамуының негізгі бағыты мен басты көрсеткіштері мазмұндалған. Осы­ның өзі әр адамның көкейіне түпкі нәтижеге деген зор сенім ұялатады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесі бюросының мүшесі. БОЛАШАҚ СТРАТЕГИЯСЫ Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстан халқына “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” Жолдауын академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универ­ситетінің ұжы­мы үлкен шабыт­пен қабылдады. Жолдауда ұсынылған стратегия Қазақстан халқының әл-ауқатын әрі қарай арттыруға, экономи­ка­ның өсуіне, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға, білім сапасын қамта­ма­сыз етуге бағытталған. Дағдарыс құбылыстарын сәтті жеңіп шығу Пре­зидент қойған жаңа страте­гия­лық мақсаттарға жетуге ұмтыл­дырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жолдауында табиғи-шикі­зат­тық, экономикалық, әлеуметтік, адамзаттық мүмкіндіктерді бел­сенділендіруге, инновацияларды енгізуге, инвестицияларды тартуға басты назар аударылған. “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мың­даған қазақстандық жұмысқа ор­наластырылды, жүздеген қала­лар мен ауылдар даму үшін жоғары ынталандыруға ие болып отыр. Пре­зидент “Бизнестің жол кар­тасы – 2020” атты жаңа жоба ұсын­ды, оны жүзеге асыру кәсіп­керлік бастамалардың қалыптасуы мен дамуына, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің артуына жәрдем­де­се­тіндігі сөзсіз. Алдағы он жылды Президент жеделдетілген индустриялық-ин­новациялық дамудың онжылдығы ретінде жариялады. Осыған бай­ланысты қуатты интеллектуалдық әлеует жинақталған ғылыми-тех­нологиялық орталықтарға, жоғары оқу орындарына ерекше жауап­кер­шілік жүктеледі. Ғалымдардың күші отандық өнеркәсіп пен бизнес үшін бірінші кезекті маңызы бар инновациялық жобаларды әзірлеуге және енгізуге бағытталуы тиіс. Президенттің айтуынша, эко­номиканың өндірістік және ши­кізаттық емес секторлары, құ­рылыс және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік және банктік сектор сияқты басым салалар күшті мемлекеттік қолдауға ие болады, бұл үшін Үкіметтің алдына Ұлттық қорды арттыру міндеті қойылып отыр. Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы тек еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың шикізаттық емес секторынан түсетін пайданы ұл­ғайту жағдайында ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Азаматтық қоғам институт­та­ры­ның дамуы, қоғамдық тұрақ­ты­лықтың нығаюы қазақстандық қо­ғамда ұлтаралық келісімді қам­та­масыз етудің кепілі болады. Қазақ­станда қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі барлық қазақ­стан­дықтардың мақтанышы болып та­былады. Біздің қоғамдағы бей­біт­шілік пен келісімнің сақталуы әрқайсымызға байланысты және біздің азаматтарымыздың әл-ауқа­тының өсуінің негізі болып та­бы­лады. Қазақстанның экономика, саясат, білім беру, мәдениет сала­ларындағы жеткен жетістіктеріне халықаралық қоғам жоғары баға беріп отыр және елімізді Орталық Азия аймағындағы сөзсіз көш­бас­шы ретінде мойындауда. Әлемнің жетекші мемлекеттерімен және бе­делді мемлекетаралық ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас орната білуі Қазақстанға Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға жетекшілік етуге мүмкіндік берді. Қоғамдағы әлеуметтік әл-ауқат­тың артуы өмір сапасы мен адам ресурстарының даму дең­гейі­не тікелей байланысты. Қазақ­стан­дық қоғамның өмір сүру сапа­сы­ның артуында ғылым, білім беру мен денсаулық сақтау сала­лары ерекше рөл атқарады. Бюд­жеттік сала қызметкерлері бюд­жет­тік бағдарламаларды қаржы­лан­дыру, стипендияны, еңбек­ақы­ны көтеру арқылы көрінетін Елбасының шынайы қамқорлығын үнемі сезінеді. Осылайша, адам капиталын инвестициялай оты­рып, мемлекет Қазақстанның эко­номикасының дағдарыстан кейінгі дамуына берік негіз жасап, сыртқы рынокта бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз етеді. Ұлттық экономиканы жаң­ғырту үдерісінде мемлекет қаржы­лан­дыратын ғылыми жобаларды іске асыру ерекше маңызға ие бо­лады. Ғылыми орталықтар болып табыла отырып, республиканың ірі жоғары оқу орындары бүгінде ұжым­дық қоғамдастықпен байла­ныс­тарын нығайту бойынша жұ­мысты белсенділендіре түсуде. Бұл ғылыми әзірлемелерді коммерция­ландыруға, ресурстарды сақтайтын технологияларды дамытуға, жо­ғары білікті ғылыми-педаго­ги­ка­лық к­адрларды дайындауға көмек­теседі. Қарағанды университетінің ғалымдары химиялық және метал­лургиялық өнеркәсіпке енгізуге арналған бірқатар ғылыми-тех­нологиялық жобалар дайындады. Оларды іске асыру Президент қажет деп атап өткен аймақтық дамуға септігін тигізеді. Білім сапасын қамтамасыз етуді басты міндет деп есептей отырып, Е.А.Бөкетов атындағы Қа­рағанды мемлекеттік универси­тетінің ұжымы Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” Жолдауында аталған басымдықтарды белсенді түрде қолдайды. СЕНІМ – СЕРІГІМІЗ Жамбыл облысы Шу ауда­ны­ның тұрғындары да барша қазақ­стандықтармен бірге Ел­ба­сымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың кезекті Жолдауын зор ықы­ласпен тыңдап, алдағы тұр­ған іс-шаралардың жүзеге асырылуына өздерінің үлесте­рін қосатындықтарын біл­діріп отыр. Жаңа Жолдау әлемді жай­ла­ған қаржы дағдарысынан сү­рінбей өтіп келе жатқан мем­лекетіміздің қол жеткен табыс­тарын ескере оты­рып, еліміздің әлемдік дең­гейде өркендеу жо­лындағы алдағы 10 жылдыққа арналған ауқымды жоспарла­рын айқындап берді. Оның ішінде 2009 жылы қолға алынған “Жол картасы” бағдарла­ма­сының елді мекен­дер­ге тигізген пайдасының зор екендігін аудан тұрғындары “Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу” ту­ра­лы Мемлекет басшысының Жар­­лығына сәйкес өткізіліп жат­қан аудан әкімінің тұрғын­дармен кездесулерінде ерекше атап көрсетуде. “Жол картасы” бойынша аудан­да өткен жылы 17 нысан жөн­­деуден өтіп, 346 млн. 144 мың теңге игерілсе, қайта даяр­лаудан 240 адам өтіп, 17 млн. 500 мың теңге, әлеуметтік жұмыс орын­дары­мен 257 адам қамтылып, 17 млн. 300 мың теңге, жастар тәжі­ри­бесінен 151 адам өтіп, 9 млн. 100 мың теңге, қоғамдық жұ­мыспен 316 адам қамтылып, 20 млн. 054 мың теңге игерілді. Ал 2010 жылы ауданда 20 нысанды жөн­деуден өткізу үшін 1 млрд. 140 млн. 721 мың теңге игеру жос­парланып отыр. Тәуелсіздік алған жылдары елі­міздің әлеуметтік, экономи­ка­лық, саяси дамуы жолында ынтымақ пен бірлікті ту етіп, Еу­ропаға төрағалық жасауы­мыз­ды қазақ халқының білімі мен ғылымы, ынтасы мен жі­ге­рінің жоғары деңгейге көте­рілуінің нәтижесі деп білеміз. Бұл жерде діни бірлес­тік­тердің, қоғамдық ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтар­дың, зиялы қауым өкілдері мен жастардың алатын орны ерек­ше болса, оның ішінде көш ба­сында келе жатқан “Нұр Отан” ХДП жұмысының қандай деңгейде болу керектігін Ел­басымыз өзінің Жолдауында нақтылап берді. Біз, Шу ауданының халқы Жолдауда көрсетілген басым­дық­тардың ойдағыдай жүзеге асатынына сенімдіміз. Бағылан ҚАРАШОЛАҚОВ, Шу ауданының әкімі. Жамбыл облысы. ЖАДЫМЫЗҒА ЖАТТАП ЖАТЫРМЫЗ Биссмиллахир-рахманир рахим! Мейірімді, рақымды Алла­ның атымен бастаймын! Ел Президенті Н.Ә.Назар­баевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” атты биылғы Жолдауын біз­дер, яғни дін өкілдері де ыждаһаттылықпен тыңдап, өз бағыт-бағдарымызға тың серпін алдық. Баршаға мәлім, дін мем­ле­кеттің рухани тіректерінің біріне айналуы керек. Сонымен бірге Елбасымыз айтқандай мемлекет мықты болса, оның діні де, мәдениеті де, беделі де мықты болады. Ислам діні өз ізбасарларын ұлтқа, нәсілге, тіліне қарап бөлмейді. Қайта бірлікке, ын­тымаққа шақырады. Сол үшін Қазақстан халықтары бәріміз достық, өзара түсіністік жағ­дайда сыйластықпен өмір сүруіміз қажет. Егемендік алып тәуелсіз ел болғалы да жиырма жылға жуықтап қалды. Осы аралықта рухани ой-дүниемізге қатысты бұрынғы қордаланып қалған талай істер шешімін тауып ке­леді. Біз дін өкілдері де мем­лекетіміздің рухани тірегі, әсі­ресе, елдің рухын көтеріп, отан­шылдық сезімін ояту, діні­міз арқылы Қазақ елінің бола­шағына ұлттық бірлігімізді ны­ғайтуға қызмет ету борышымыз деп есептейміз. Елбасының ана мен бала­ны, студенттер мен жас қыз­мет­керлерді әлеуметтік тұрғы­дан қорғауға қомақты қаржы бөлу мәселесін алға тартуы қуантпай қоймайды. Исламның басты міндеттерінің бірі – адамдар арасындағы бейбіт қа­рым-қатынас орнатып, тыныш­тық­та өмір сүру десек, Пре­зи­дентіміздің Жолдаудағы игі мақ­саттан туған мән-маңызы аса зор осындай ойларының жылдан-жылға сәтті жүзеге асып, жемісін беріп жатқанына халық куә. Иә, біз дін иелері Елба­сы­мыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ­стан халқы Ассамблеясына сөз арнап, еліміздегі демокра­тия­ландыру мерейін көтеріп, ке­лешекте Жолдауда айтқан нақты бекітілген тапсырма­ла­ры­на, елдің бірлігі мен ын­ты­мағы, діндер мен ұлтаралық татулық секілді ұлы мақсат­тарына жету үшін барынша қолдау көрсетуге әзірміз. Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Президентіміздің жа­сампаздыққа жігерлендірер тарихи Жолдауындағы белгі­лен­ген міндеттерді жүзеге асы­руға отандастарымызды белсен­ділікке шақырады. Осыған жұмылайық жамағат! Жақия қажы АБДОЛЛАҰЛЫ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Солтүстік Қазақстан облысы. КЕЛІСТІ КЕЛБЕТІМІЗДІ КЕЛЕШЕКТЕН КӨРЕМІЗ Биылғы Жолдауда тың ойлар өте көп. Мы­са­лы демография мәселесін алайық. Бәріміз жақ­сы білеміз, әлеуметтік тұрақтылықты басты мұ­рат етіп, тұрғындар тұрмысын жан-жақты қол­дай­тын елде халық саны артатыны белгілі. Пре­зидент 2020 жылға дейін халқымыздың санын 10 пайызға өсіру үшін барлық жағдай жа­са­ла­ты­нын мәлімдеді. Осыған байланысты өз тә­жі­рибемізге қатысты бір мысал айтайын. Әс­кери қызметшілер жұмыс ерекшеліктеріне орай әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған топқа кіреді. Тұрақты еңбекақы, медициналық қам­қорлық, қызметтік баспана секілді жеңіл­дік­термен қамтылған олар ертеңгі күнге сенім­мен қарап, отбасында бала санын көбейтуден қорықпайды. Бұған қоса үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап еңбекақы мөлшерінің 25 пайызға өсетіні әріптестерімнің сенімін арттыра түсті. Бұдан түйетін ой, Елбасы Жолдауында жоспарланған осы әлеуметтік сала бастамалары жүзеге асса, онда халық саны артатыны сөзсіз. Президенттің аға ұрпаққа деген ыстық ықы­ла­сына баршамыз куәміз. Әсіресе, Ұлы Отан со­ғысы ардагерлері ел қорғаған ерлерге лайық құр­метке ие. Жеңістің 65 жылдық мерейтойын атап өтетін биылғы жылы олардың әрқайсысына Ел­ба­сының тапсырмасымен 65 мың теңге мате­риалдық көмек беріліп, бұдан басқа да көптеген жеңілдіктер көрсетілетіні қуанышты жәйт. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары­мыздың ойдағыдай жүзеге асуының алғышарты – ішкі саясаттағы тұрақтылық пен сыртқы саясаттағы сауаттылық екенін Елбасы пысықтап өтті. Өз ішінде бейбітшілік, тыныштық пен келісімді сақтай білген Қазақстан ұлттық, аймақтық және әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға күш салуға бейіл. Мұны әлем елдері мойындады. Жас мемлекеттің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымын басқаруға кіріскені – әлемнің озық елдері мен беделді халықаралық ұйымдардың Қазақ еліне деген зор сенімінің белгісі. “Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”, – деді Елбасы 2020 жылға дейінгі даму жоспарымыз туралы. Баршамыздың көкейіміздегі игі мұраттар да осылар болуы қажет. Оған жету үшін әрқайсысымыздың жан аямай еңбектенуіміз керек екенін де Мемлекет басшысы баса айтты. Әрбір қазақстандықтың құлағынан кіріп, жүрегінен орын тебердей ойландыра да, сендіре де сөйледі. Туған Отанымыздың бақыты жолында ортақ мүдде, игі мақсаттарымызды айқындап беріп, оған жету жолдарын көрсетті. “Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!”. Мемлекет басшысы баршамызға басшылыққа алуға ұсынған төрт қағидаттың алғашқысы да, оң бастысы да осы. Бұл қазақстандықтарды патриоттық сезім мен отансүйгіштікке тәрбиелеп, туған ел мен жер алдындағы перзенттік парызымызды ұмыттырмайтын сөз. Абай ТАСБОЛАТОВ, республикалық Ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.  Астана. ФОРУМ МЕТАЛЛУРГТЕР ҚАЛАСЫНДА ЖАЛҒАСТЫ Еліміздің барлық аймақ­тарында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” Жолдауына арналған “Нұр Отан” ХДП-ның форумы жалғасуда. Кезекті форум 30 мыңға жуық адамның басын біріктірген елі­міздегі ірі партиялық ұйымдардың бірі – “Қазақмыс” корпорациясы жанынан құрылған “Нұр Отан” ХДП филиалы жұмыс істейтін Қарағанды облысының Жезқазған қаласында өтті. “Нұр Отан” ХДП форумы ба­рысында Жезқазғанның метал­лург­тері мен кеншілері Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды бағ­дарлама олардың өнеркәсібінің тұрақты жұмыс істеп қана қой­май, одан әрі дамып, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Пре­зиденттің кеншілердің мәсе­лелері мен қажеттіліктеріне айрықша назар аударғанының арқасында “Сарыарқаның мысты күмбезі” аталатын Ұлытау-Жез­қазған өңірі дамудың ең жоғары көрсеткішіне ие болып келеді. Елбасы Жолдауы жалпы тау-кен ме­таллургиясы саласының өр­кен­деуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсыр­малар туралы сөзінде “Қазақмыс” корпорациясы жанындағы “Нұр Отан” ХДП филиалының төрағасы Эдуард Огай: “Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық сала бой­ынша алға бастайтын Қазақстан­ның ұзақ мерзімді индустриялық-инновациялық стратегиясын сөзсіз қолдаймыз. Және де оны көшбасшылыққа бастайтын қазақ­стандық жол ретінде қабылдай­мыз. Бұрынғыдай әлеуметтік мәселелерге баса назар аударатын боламыз”, – деді. Корпорацияның жас маманы Сәбит Ахметов тек қағазбасты жұмыспен ғана мансапқа жету міндет емес екенін айта келіп, “Біздің Нұрсұлтан Әбішұлы сынды нағыз көшбасшы еңбек ұжымында өсіп, қалыптасады. Президент Жолдауы тікелей жастарға бағыт­талған. Білім, еңбекпен қамту, тұрғын-үй, тұрақтылық, болашаққа арналған инвестиция”, – деді. Жезқазғандық мыс қорыту зауытының энергетик маманы Александр Свеженцев Прези­денттің Жолдауда көтерген еңбек өнімділігі, инновацияны енгізу мәселелерінің аса маңызды­лығына тоқталды. “Индустрия­лық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы зор мүмкіндігіміз. “Қазақмыстың” кеншілері мен металлургтері бұл жұмысқа дайын”, — деді ол. Форумда мыс қорыту зауы­ты­ның ардагері Жақсылық Сарбаев та сөйледі. Ол әрбір адам өз елінің игілігі үшін жұмыс істеуі керек­тігін, сонда ешқандай қиыншылық болмайтынын айта келіп, “Біздің Президентіміз өзінің істерімен, бастамаларымен алға қарай қалай жүру керектігін көрсетіп келеді”, деп атап өтті. Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы.