Әдебиет • 01 Наурыз, 2018

Назымқоңыр Наурыздың бірі, ғана! (өлеңдер)

1633 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Назымқоңыр Наурыздың бірі, ғана! (өлеңдер)

Наурыздың бірі келді.
Көктем қыз таққа отырды бүгін енді.
«Ай, әйел бастаған көш оңбайды» — деп,
Кәрі Қыс қу жанынан түңіледі.

Ішінен қайталайды «әттегенін»,
Сонда да естіп қалдым «Қап...» дегенін.
Өз қызы ғой. 
Бірақ та перзентке де,
Қиятын дүние ме тақ дегенің...

Биліктен айрылу да оңай емес...
Өтеді көз алдынан талай елес.
Әлі де борандатып көру керек,
Беріле салған бірден қолай емес...

Көктемнің кереметін қара да да тұр,
Бір әдемі ыңыл бар далада кіл...
...Әрлеу үшін ұлықтау салтанатын,
Алыстан әнші-күйші келе жатыр.

Құрығынан қаштым да саяқ мұңның,
Көңіліммен анау қырды бояп, күлдім.
...Қанша тұяқ серіпсе де дәурені өткен,
Қысты да бір жағынан аяп тұрмын...

                                Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Көктем әлі келген жоқ...

Көктем әлі келген жоқ,
Шуламаңдар,
Шуламаңдар, бекерге, шулы алаңдар.
Ұнатпайды көктемнің келгендігін
Қураған шөп, қартайып қураған тал.

Өзгеріп те кеткен жоқ өмір, дара,
Өзгергені болмаса өңір ғана.
Көктем келді – дегені, 
Мына жұрттың,
Күнтізбеге алданған көңіл ғана.

Жатқан болар кешігіп,
Кім біледі?!
Жұртқа салсаң осы ғой...
Бүлдіреді.
Керім сұлу – көктемнің келгендігін
Бірінші боп – бәйшешек білдіреді.

Өмір деген, болған соң ой алаңы,
Сұрақтарын пенделер қояды әлі.
Келер болса шынымен көктем күліп
Алдыменен ағаштар оянады.

Біз емеспіз іздейтін, табатын да,
Біз емеспіз сөндіріп, жағатын да.
Әнге бөлеп жіберер айналаны
Көктем – деген, құстардың қанатында.

Шұғыласын байлаған бұрымына
Сендірмейді күннің де нұры мына.
Көктем келді – дегенің, 
Бар болғаны,
Назымқоңыр Наурыздың бірі, ғана!

                                          Әлібек ШЕГЕБАЙ
                       

                  

Наурыздың бірі ме, ертең?..
Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып,
Көшеге шығайықшы күліп, еркем,
Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!

Бала гүл көңіліндей,
Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,
Көктемнің ең алғашқы шеруінде,
Қайыңдармен жүрейік қатар басып!

Мойныңда күлгін шəлі,
Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын,
Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,
Гүлдер нəзіктігіңе еліктесін.

Иыққа құстар қонып,
Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,
Сені көрген адамдар құштар болып:
«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.

Сен сонда əнтек күліп,
Көзіңнің жорта қара шалғайынан,
Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,
Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.

Көктемнің бірі ме, ертең,
Сəт пе бұл қыстың соңғы кеші кірген?!.
…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,
Мен сенің атап кетем есіміңмен!

                                             Ерлан ЖҮНІС

                        ***

1-ші мартқа билет алды көктем,
Мен күтіп жүрген жан-тын ол-ды көптен.
Соншалық төзім берген, сезім берген,
Махаббат мəңгі неткен, мəңгі неткен!

                                              Мирас АСАН

                        ***

Ақпанның соңы — ақ қардың соры,
Бақтардың бәрін жылатқан.
Сусиды көрпе жапқан күлтелі,
Сыңсиды сылқым бұлақтар.

Наурыздың басы — жалғыздың жасы,
Қар қыздың қош бол дегені.
Ағыл да тегіл тау-құздың басы,
А-ха-хай көктем келеді!

Керіліп шықты керім бел алдан,
Тебіндеп өскін құлын жал.
Менің де қарғам көңілде жанған,
Сезімге малған жырым бар.

Жымия келді, қиыла келді,
Құйыла келді тұмаға.
Бізге де бір бақ бұйырады енді,
Булығып, сәулем, жылама.

Сол ескі жырдың жалғасы қалған,
Қысырдай қылпып түлеп ем.
Биылғы жылдың төл басы болған –
Бұлқынып туған бұл өлең.                     

                                       Қайсар ҚАУЫМБЕК