Шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов, «Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығының» басқарма төрайымы Айгүл Соловьева, Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы призидиумының мүшесі Салтанат Рақымбекова, ҚР Жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков, «Астана Innovations» АҚ Басқарма Төрағасы Олжас Сартаев қатысып, Қазақстанда «Индустрии 4.0» ұйымдастыру бойынша енгізілген жекеленген элементтер жайында, қоршаған ортаның экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік теңдігін сақтау үшін экожүйені кезеңмен қалыптастыру мәселелері туралы баяндады.
Жиын барысында Мұрат Әбенов елімізде Жасыл экономика сөзі көп қолданылғанымен азаматтардың көбі оның негізгі мазмұнын түсінбегенін жеткізді.
«Қазір Жасыл экономикамен айналысу негізгі талаптардың бірі. Егер біз Жасыл экономикамен айналыспасақ, біздің экономика бәсекелестікке қабілетті бола алмайды. Себебі, оны пайдаланған мемлекеттер бірінші кезекте үнемді, екінші кезекте сапалы, үшінші кезекте бағасы арзан, төртінші кезекте болашақта экологияны қорғауға, азаматтардың денсаулығын сақтауға мүмкіншілігі мол. Сол себептен Жасыл экономиканы пайдаланған компаниялар бәсекелестікке қабілетті, шығатын заттары арзандау және сапалы болады. Әрине бастапқы кезде мемлекеттің қолдауынсыз және бір ерекше көмек болмай, тәжірибе алмаспай, ғылыми ізденістерді пайдаланбай Жасыл экономиканы бәсекеге қабілетті ету қиын. Қазіргі уақытты бізде Жасыл экономиканы саласында бизнес жасап жүрген компаниялар көбейіп келе жатыр», деді Мұрат Әбенов
Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы призидиумының мүшесі Салтанат Рақымбекова еліміздің Жасыл экономикаға өту тұжырымдамасына бес жыл толғанын атап өтіп, оған өту де, оны қолдануда елімізде қомақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».