Театр • 03 Наурыз, 2018

Семейде «Ахметтің аманаты» драмасы сахналанды

199 реткөрсетілді

Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Ахметтің аманаты» драмасы сахналанды. Қойылымда ұлт ұстазы, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың шырғалаңға толы өмірі, абақтыдағы кешкен азабы, шеккен мехнаты жан-жақты бейнеленеді. 

Спектакль әйгілі тұлғаның жары Бәдрисафа екеуінің шаңырақ көтеріп, киіз үйдің уықтарын қадап жатқан шуақты сәтінен басталады. Осы уақытта «үштіктің» жалаңдаған жендеттері келіп, әйелі мен қызын жылатып-сықтатып Ахаңды тұтқындап әкетеді. Қойылым режиссері осы бір күйзеліске толы сәтті ұсыну арқылы Байтұрсыновтың ғана емес, Алашорда үкіметінің де шаңырағы шайқалып, ұлт серкелерінің сағы сына бастаған кезін көрсеткісі келген секілді.

Драмадағы оқиға желісі негізінен бас кейіпкер А.Байтұрсынов пен тергеуші, А.Байтұрсынов пен алаштың жас жолбарысы (спектакльде аты аталмайды, біз Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековтің бірі деп болжадық-А.Қ) арасындағы диалог ретінде өрбиді. «Байтұрсынов, мойындайсың ба? Қолыңды қой да, азаптан құтыл. Ертеңге дейін ойлан. Тағы азап күтіп тұр сені» дейді зілденген тергеуші. «Мен халқыма ешқашан қарсы болған емеспін. Не азап көрсем де алашшыл қайраткерлерімді сатпаймын. Ұлтымды сатпаймын. Соны біл» дейді Байтұрсынов. «Дегенмен қайсар бұл алаштықтар, сындырам әлі, сені, сындырам, сағыңды. Неткен қайсар адам еді, бірақ аямау керек, бұл алаштарды» деп кіжінеді мойындата алмай амалы таусылған тергеуші.

Ұлт ұстазы мен әуелде түрмеге қамалып, кейін Байтұрсыновтың кеңесімен кешірім сұрап, аман қалған жас жігіттің абақтыдағы әңгімесі де әсерлі шыққан. «Әр буын өз дәуірінде өзіне артылған жүкті көтеруі тиіс. Біз, алаштықтар өзімізге артылған жүкті көтердік. Бағасын келер ұрпақ береді. Сен болашақсың, балам, мына қапастан тірі шығуың керек, сонда ғана ақиқатты айта аласың. Біз армандаған асыл күнді сендер келер ұрпақ көресіңдер. Түбі азат ел болады, Алаш! Мен оған сенем» дейді өз өмірінің соңына жеткенін білсе де, келешектің жарығынан үміт үзбеген Ахаң. «Аха, мен егер тірі жетсем болашаққа, мен мұны өз аузымнан айтып берем. Келер ұрпақ, жас буын, жаңа заман сіздерді ақтап алады деп сенемін» дейді болашақтан күдер үзбеген жас жігіт. Қойылымда Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтың Ахмет Байтұрсыновтың шаңырағында болып, болашақ Алашорда үкіметінің бағыт-бағдарын талқылаған сәттері де сахналық шегініс жасау арқылы айшықты бедерленген.

Драманың авторы – өскемендік ақын Әскерхан Ақтай. Режиссері – Ербол Жуасбек. Әскерхан Ақтай бұл туындысын негізінде былтыр Алашорданың 100 жылдығына орай жарияланған шығармашылық байқауға арнап жазғанын, алайда байқау қорытындысы шықпағаннан кейін облыстық Мәдениет басқармасына ұсынғанын айтады. «Басқарма ұсынысымды қуана қабылдап, «Семейде қойсақ қайтеді» деді. Семей театры да бұл іске іркілмей кірісіп, қойылымды сахналады. Ұсынысымды қолдап, қуаттаған облыстық мәдениет басқармасы, Семейдегі театр директоры Бауыржан Төлеков, режиссер Ербол Жуасбек пен ондағы актерлердің жұмыла көтерген жүгінің арқасында спектакль сәтті шыққан секілді. Бағасын халық бере жатар. Алаштың, алаш қайраткерлерінің рухына арналған дүние ғой бұл», - дейді драма авторы.

Бас кейіпкер Ахмет Байтұрсыновты кейіптеген актер Бекзат Омашев: «Оңай рөл жоқ қой. Әрбір рөлдің өз жауапкершілігі, өз қиындығы бар. Ал саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған өзі ғалым, өзі қайраткер Ахмет Байтұрсыновтай кесек тұлғаның рөлін сомдау екі есе жауапкершілік жүктегені рас. Өз рөлімде алаш қайраткерінің зиялы, бекзат болмысын көрсетуге тырыстым. Алаш, Алашорда туралы еңбектерді парақтап шықтым. Мұның алдында Мұстафа Шоқай рөлін ойнап, Атырауда өткен фестивалге қатысып, театрымыз лауреат атанған-ды. Бұл - репертуарымдағы көсемдердің екінші рөлі. Мұндай салмақты рөлдер актерді өсіреді, шығармашылығын одан әрі шыңдай түседі деп ойлаймын» деді. Ал Ахмет Байтұрсыновтың жары Бәдрисафаның рөлін сомдаған Сұлушаш Төлекова да қойылым өзіне үлкен жауапкершілік жүктегенін, «драма қалай шығар екен?!» деп толқып, қобалжу сезімін бастан өткергенін жасырмады.

«Алаш тақырыбы қазақтың жанына жақын болғанымен ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың жарының рөлін алғанда толқығаным рас. Рөлімді дұрыс ойнай алмай Алаш тарихына жетік адамдар тарапынан сын естіп қалмаймын ба деген де уайым болды. Алайда Аллаға шүкір, қойылым жаман сахналанбаған секілді. Жұртшылық жылы пікірлерін білдіріп жатыр. Бәдрисафа апамыздың рөлін сомдау барысында алаш қайраткерлері ғұмыр кешкен қилы заманды көз алдымнан өткергендей болдым. Алаш қайраткерлерінің мамыражай, алаңсыз шақтары көңіліңе қуаныш сыйлап, еңсеңді көтерсе, түрмеге қамалып, азап шеккен мезеттері көзіңе жас үйіріп, жүрегіңді ауыртады. Бұл қойылымның жас ұрпаққа берер тағылымы мол. Сондықтан жастар көбірек келіп көрсе дейміз», - дейді актриса.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Карнегиде ән салады

Руханият • Бүгін, 10:21

«Хат қоржын» (27.06.2019)

Қоғам • Бүгін, 10:18

Арыс, біз біргеміз!

Аймақтар • Бүгін, 09:53

Апатта босанған ана

Аймақтар • Бүгін, 09:36

Газ құбыры құрылысы ойдағыдай

Қазақстан • Бүгін, 09:33

Салық жүйесі жетілдіріледі

Экономика • Бүгін, 09:28

Зардап шеккендермен кездесті

Аймақтар • Бүгін, 09:27

Кемеңгерлік келбеті

Қазақстан • Бүгін, 09:23

Агросектордың әлеуеті қандай?

Қазақстан • Бүгін, 09:15

Апаттың алдын алу мүмкін бе еді?

Аймақтар • Бүгін, 09:13

«Егеменнің» еңбегі еленген күн

Қазақстан • Бүгін, 09:03

Әрі ақын, әрі жазушы

Руханият • Бүгін, 00:18

Ұқсас жаңалықтар