09 Ақпан, 2010

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ДЕҢГЕЙІ АРТАДЫ

1261 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Біздің елімізде адамның өмірінен, құқықтары мен бос­тандықтарынан артық қазына жоқ екендігі Конституция­мыз­дың ең бірінші бабында нақпа нақ жазылған. Ал Ата Заңы­мыз­дың әр бабы мүлтіксіз ор­ын­далатындығына Мемлекет басшысының халыққа арнаған жаңа Жолдауына орай сенім одан әрі нығая түсті. Жолдауда атап көрсетілгендей, елімізде жасалынған барлық экономи­калық, саяси, құқықтық негіз­дер халқымыздың игілігіне ғана жаратылады. Алайда, ондай игілікті істі жүзеге асыру, яғни Елбасы айтқандай, экономи­ка­ны жаһандық қалпына келті­руге дайындау және оның сырт­қы сынақтарға тұрақты­лығын арттыру үшін бірнеше міндетті шешу қажет. Соның бірі – елде сенімді құқықтық ортаны қалыптастыруды одан әрі жалғастыра түсу болып та­былады. Бұл орайда азаматтар­дың конституциялық құқық­тары мен бостандықтарының сақталуын айырықша қамта­масыз ету мәселесі прокуратура органдарына жүктелетіндігі бекер емес. Өйткені қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту ішкі сая­си сала мен ұлттық қауіпсіздік­ке тікелей байланысты. Демек, ең алдымен азаматтардың құ­қы, бостандығы айрықша қор­ғалуы керек. Міне, осыған байланысты ел прокурорлары қыл­мыстық қудалауға тап бол­ған, сондай-ақ арнайы меке­мелерде ұсталып отырған жеке тұлғалардың құқықтарын сақ­тауға және оларға қатысты қи­нау мен өзге де тыйым салын­ған ықпал ету әдістерін қол­дану фактілерін болдырмауға ерекше назар аударып отыр, дейді Бас прокуратураның рес­ми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Оның айтуына қарағанда, БҰҰ-ның азаптауға және өзге де қатыгез немесе адамның қа­дір-қасиетін түсіретін әрекет­терге қарсы күрес жөніндегі арнайы баяндамашысы Ман­фред Новак Қазақстанның осы бағыттағы құқық қорғау қыз­метінің ілгері дамығанын атап көрсеткен. Осыған сәйкес про­курорлық қадағалауды әрі қа­рай жетіл­діру мақсатында және БҰҰ-ның арнайы баяндама­шысы­ның ұсыныстарын ескере оты­рып, жақында еліміздің Бас Про­куроры Қылмыстық іс жүр­гізуге тартылған және ар­найы мекемелерде ұсталатын адамдарға қатысты азаптау жә­не басқа да заңсыз әдістер қол­данумен байланысты аса қа­тыгездік танытқаны жөніндегі арыз-шағымдарды тексеру жө­ніндегі нұсқаулықты бекітіпті. Онда қылмыстық процестің және жазаны орындаудың бар­лық сатыларында азаптау мен өз­ге де қатыгез әдістердің ал­дын алу және жолын кесу жө­ніндегі кешенді іс-шаралар көз­делген. Атап айтқанда, ал­дын-ала тергеу мен анықтауды жүр­гі­зудің заңсыз әдістердін қол­дану туралы кез келген мә­лімет прокуратура органдары­ның бақылауына алынады, ал қажет болған жағдайда, олар бойынша өндіріс тікелей про­ку­рорлармен жүзеге асыры­лады. Сол сияқты ол құжат про­курорларды сезіктілерден жауап алғанда, сотпен қамауға алуға санкция беру туралы мәселені шешуі барысында және басты сот талқылауы кезінде азаптау және өзге де қатыгез әрекеттер­дің орын алған-алмағандығын анықтауды міндеттейді. Алдын ала қамау абақтыларында, қылмыстық жазаларды орындау мекемелерінде прокурорлар тергеу және жедел іздестіру амалдарын өткізу мақсатында шығарылған барлық сезікті, айыпталушы, сотталушы және сотталғандармен апта сайын құпия қабылдаулар өткізіп оты­ратын болады. Азаптау және өзге де қатыгез әрекеттердің қолданылғандығы расталған жағдайда прокурорлар ондай заңсыз әдістерді қолдану арқы­лы анықтау мен тергеу жүргізу кезінде алынған деректерді дәлелдеме ретінде пайдалануға жол бермеуге шара қолданады. Азаптау туралы әрбір материал бойынша тыйым салынған әдіс­терді қолданған қызметкер­лер­мен қатар ондай әрекеттер салғырттық немесе азғырушы­лық танытуының салдарынан орын алған лауазымды тұлға­ларды да қылмыстық жауапкер­шілікке тарту туралы мәселе қойылады. Бір сөзбен айтқанда, аталған нұсқаулық талаптары­ның жүзеге асырылуы қадір-қасиетке қол сұғылмауына, қа­тыгез әрекеттердің және жаза­ның қолданылмауына азамат­тар­дың конституциялық құ­қық­тарын сенімді қорғауды қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Сол сияқты сыбайлас жем­қорлықпен күрес жүргізу әрбір мемлекеттік органның және лауа­зымды тұлғаның міндеті екендігі белгілі. Алайда про­курорлардың тексерулері көр­сет­кендей, кейбір басшылар бұл маңызды жұмысты жүргіз­бек түгілі сыбайлас жемқорлық­қа қарсы заңнама талаптарын ескермейтіндігі анықталды. Мәселен, өткен жылы проку­рорлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама­ның сақталу барысына 2,5 мың­ға жуық тексерулер жүргіз­ген екен. Сонда оның нәтижесі бойынша 1300-ге жуық заңсыз актілер өзгертіліп, күші жойыл­ған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жа­са­ғандары үшін 3 мыңнан ас­там тұлғалар түрлі жауапкерші­лікке тартылды. 12 қылмыстық іс қозғалып, мемлекет пайда­сына 120 млн. теңгеден астам қаржы өндірілді. Мұратбек ҚАСЕНОВ. ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ  АШУ КӨЗДЕЛДІ 4-5 ақпан күндері еліміздің Орталық сайлау комиссиясы “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” Жастар қанатымен бірлесе отырып, 6 ақпан –Дүниежүзілік сайлау күні аясында Қазақстанның сайлау құқығы мен сайлау жүйесін насихаттауға бағытталған шаралар ұйымдастырды. Дүниежүзілік сайлау күні Сай­лауды ұйымдастырушылар ассо­циациясының бастамасы негізінде белгіленген. Бұл күнді атап өтудегі басты мақсат – демокра­тиялан­дыру үдерістерінің тұрақтылығын қо­ғамдық санаға сіңіру, азаматтар­ды сайлау үдерісінде қол жеткізген жетістіктері туралы хабардар ету, жас сайлаушылардың демокра­тия­лық құндылықтарға деген ынта-пейілін қалыптастыру. Міне, осыған орай, еліміздің Орталық сайлау комиссиясы билік партиясының “Жас Отан” Жастар қанатымен ауқымды шараларға ұйытқы болды. Бұл шаралар шең­берінде жастар еліміздің 14 облысы мен Алматы қаласында мәслихат депутаттарымен, осы мәселеге мүдделі мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың және жас­тар­дың құрылымдық бөлімшелерінің, қоғамдық бірлестіктердің және үкі­меттік емес ұйымдардың өкілде­рімен бейресми кездесулер өткізді. Мәселен, облыстық және қа­ла­лық деңгейдегі депутаттармен ақ­параттық пікірталас ретінде “Менің сайлаудағы жеңісім” деген тақы­рыппен болған кездесу кезінде жас­тар билік органдары өкілдеріне өз­де­рінің көкейлерінде жүрген сауал­дарын қоюға мүмкіндік алды. Ал “Жастар және сайлау: үдерістер және жетістіктер” деген тақырыпта сай­лау комиссиясы өкілдерімен бол­ған кездесу барысында жас эл­ектораттың белсенділігі мен олар­дың құқықтық мәдениетін арттыру, жоғары оқу орындары мен сайлау комиссиясы арасындағы тәжірибе алмасу үдерісін жандандыру мә­селелері талқыланды. Сондай-ақ, аталған шаралар ая­сында еліміздің жасы 16-ға толған азаматтарына жеке куәліктерді табыс ету рәсімі, жас сайлаушылар үшін сайлау заңнамасын білу бой­ынша арнайы тест те өткізілді. Бұ­лардың барлығы сайлаудың демо­кратиялық ұстанымдары мен пос­тулаттарын еліміздің миллиондаған азаматта­рының санасына берік ор­нық­тырудағы рөлін ашуға, жас сай­лаушылардың мемлекетті басқаруға өздерінің тікелей құқықтары мен мүмкіндіктерінің бар екендігін білуі және түсінуіне, олардың бойында белсенді азаматтық көзқарас қа­лып­тасуына, азаматтық-құқықтық мә­дениеті мен құқықтық санасы­ның артуына оң ықпал етуі тиіс. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.