Көпшілік алдындағы дәстүрлі есеп беру жиынында өткен жылы институтта жүзеге асырылған ғылыми-ұйымдастыру, зерттеу, шаруашылық жұмыстардың негізгі бағыттары, ұйымдастырған іс-шаралары, ғылыми әлеуеті, кадрлық құрамы жайында кеңірек баяндалды. Уәлихан Қалижанның айтуынша, институттың халықаралық байланысы нығайған. Қаламгерлер мен ғалымдардың жекелеген өнімдері орыс тілін айтпағанда, ағылшын, түрік, неміс, басқа да шет тілдеріне аударылып, шетелдік баспалардан жарық көріп жатыр. Бұл басқосуда институт қызметкерлерінің 2017 жылы жарық көрген жеке және ұжымдық еңбектері көпшілікке таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өткізілді. Сонымен қатар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 2015-2017 жылдары гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырған 26 жоба бойынша қол жеткізген табыстары, нәтижелері, ғылыми іссапарлар, білім және ғылым интеграциясы, жалпы, институттың экономикалық-қаржылық ақпараты берілді.
Институт құрылымындағы «Фольклортану», «Ежелгі дәуір және ортағасырлар әдебиеті», «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті», «Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және публицистика», «Сыртқы әдеби байланыстар және талдау», «Әуезовтану», «Музыкатану», «Театр және кино», «Бейнелеу өнері», «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми-инновациялық бөлімдерінің өткен жылғы ғылыми және қоғамдық іс-шаралары, зерттеу жұмыстары Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, Индустрияландыру, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаларының аясында өткенін айтып өткен жөн. Осының бәрін жиынға келгендер қызыға тыңдады және институт жұмысымен жете таныс екендігін білдіріп, сөз сұрады. Сөз алғандардың арасында мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі, Беларусь этномәдени орталығының жетекшісі Л.Питаленко, шығыстанушы-профессор, «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының президенті Князь Мирзоев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, суретші Еркін Нұразхан жарыққа шыққан еңбектермен таныса отырып, жасалған еңбектің табысты болғанын, кейбір ғылыми еңбектерді қайта қараудың қажет екенін атап өтті.
Институт директоры Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ғалымдарға жасаған жекелеген қамқорлығын да атаусыз қалдырмады. Былтырғы жылы институттың оншақты жас ғалымы мақсаткерлік бағдарламасы аясында баспанамен қамтамасыз етілген. Институт өткен жылы ғылыми кадрлар дайындау саласында да айтарлықтай жетістіктерге жетіп, магистратура мен ғылыми ізденістерге байланысты кең ауқымды жоспарлы жұмыстар жүргізуді қолға алған. Соның нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлестікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылыми кадрлар даярлау орталығының бағдарламалары негізінде үміткерлер оқуға қабылданып, бірнеше магистрант, докторанттар білім алуда. Мұның өзі ғылымның білім мен тәжірибенің ұштаса отырып, дамуына ықпал жасайтыны баса айтылды. Бұл жұмыстың болашақта тұрақты әрі тиянақты түрде жалғасын таба беретінін қатысушылар қуанышпен қабылдады.
2018 жылы институт жүзеге асыратын гранттық жобалар мен нысаналы бағдарлама, республикалық және халықаралық іс-шаралардың мазмұны, идеялық бағдары республикамыздың даму стратегиясындағы екі бағдарламаны – «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруға бағытталған.
2017 жылы институттың іс-шаралар жоспарына және Білім және ғылым министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес бірнеше халықаралық, республикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар, ашық дәрістер ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілген.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиеттану, фольклортану мен өнертану саласында атқарған қызметі, жетістігі, жұмыс нәтижелері жайында көпшілікке толымды ақпарат ұсыну мақсатында өткізілген жария есеп беру жиыны қатысушылар тарапынан қанағаттанарлық деп қабылданды. Жиынға жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы, әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар, магистрант, докторанттар, түрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйым, сала қызметкерлері қатысты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ