Президент • 05 Наурыз, 2018

Мемлекет басшысы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын ұсынды

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздегі әрбір отбасының баспаналы болу мәселесін қозғады. Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасын ұсынды.

Мемлекет басшысы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын ұсынды

Елбасы өз сөзінде соңғы жылдары әр отбасының баспаналы болуы үшін үлкен істер атқарылғанын айтты.

«Өткен жылы 11,2 млн шаршы метр үй қолданысқа берілді. Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд болып есептеледі. Дегенмен бұл да жеткіліксіз. Елімізде жеке баспанасы жоқ отбасылар әлі де бар», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сөз арасында бұл мәселені шешу үшін тұрғын үй ипотекасын қолжетімділігін арттыруды, арзан ресурстарды қамтамасыз етудің механизмі керектігін, осының арқасында әрбір жұмыс істеуші несиеге пәтер сатып ала алатынын және отбасылық бюджет мүмкіндігін есепке ала отырып, займға қызмет ететінін мәлімдеді.

Президент ұсынылған «7-20-25» бағдарламасының негізгі параметрлерін жариялады. Яғни, әрбір жұмыс істейтін қазақстандықтың мынадай шарттарда теңге бойынша ипотекалық несие алуға мүмкіндігі болады. Несие өсімі жылына 7 пайыздан аспайды, яғни қазіргідей 14-16 пайыз емес. Бастапқы жарна банктерде 30 пайызды, кейбірінде 50 пайызды құраса, жаңа бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспайды. Несие мерзімі бұрынғыдай 10-15 жылды емес 25 жыл болмақ.