«Биыл қазақстандықтарға берілетін шағын несиенің былтырғымен салыстырғанда 20 млрд теңгеге көбейтуді тапсырамын. Сонда оның жалпы сомасы 22 млрд болады. Нәтижесінде несие алып өз ісін бастайтын азаматтардың саны былтырғыдан екі есеге артып, 14 мыңға жететін болады», деді Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа әлеуметтік бастамаларды жария еткен Нұрсұлтан Назарбаев .
Мемлекет басшысы шағын несиенің кәсіп көзін ашушыларға, әсіресе ауылдағы халыққа тиімді екенін айтты.
«Шағын несиенің қандай пайдасы бар екенін осы жылдар ішінде біз көрдік. Әсіресе, ауылдағы ағайындарға, әр жанұяға. Биыл берілген несие келесі жылы қайтып келіп жатыр. Мыңдаған адам жұмыс алады», деді Президент.