Кино • 06 Наурыз, 2018

Бүгінгі киноэкран: қайдасың, қазақ тілі?

485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәл қазіргі біздің киноэкраны­мызға қазақ тілінің еш қатысы жоқ секілді. Аталуы қазақша, кейіпкері қазақ тілінде сөйлейтін фильм күннен күнге азайып барады. Бұл тіпті қалыпты жағдайға айналғаны соншалық, күндердің күнінде қазақ тілінде түсірілген дүниені шам алып жүріп іздесек те таппай қаламыз ба деген күдікті ой туа бастады. Расында да, киноэкранымыз қазақ тілімен қош айтысуға шындап бел буғаны ма?.. 

Бүгінгі киноэкран: қайдасың, қазақ тілі?

Шынын айтқанда, қазір көрмей жатып-ақ, фильмнің қазақша ата­луының өзіне қуанатын жағдайға жет­тік. Жақында бірнеше күн қата­рынан жас­тардың сексенге жуық қыс­қа метражды фильмін тамашалауға тура келді.  Содан алғашқы он-он бесін сараптай бастадық. Фильмнің атауы да, кейіпкерлердің сөзі де сол баяғы көрші елдің тілінде. Несін айтайық, әйтеуір бір кезде қазақ тілінде аталған фильм басталды. Фильмнің қазақша аталуының өзіне-­ақ,­ «ойпырмай, ана тілін ұмытпаған ұрпақ бар екен-ау» деп марқайып отырмыз. Көз көріп, құлақ естіп үйреніп қалған басымыз, жап-жақсы басталған мына фильм екі-үш тілді қатар алып, аяғы қойыртпақтап кетпесе болғаны деп іштей қыпылықтағанымыз тағы рас. Әйтеуір, не керек, сөзі аз (тіпті жоққа тән), кейіпкердің іс-қимылына құрылған жап-жақсы фильм екен. Бір кезде фильмнің ортасына қарай кейіпкеріміз таза қазақ тілінде: «Әкең, не болып кетті өзі» дегені сол-ақ еді, өлгеніміз қайта тірілгендей, қуанғанымызды көрсеңіз. Қалай болғанда да, тілі қазақша шықты деп, көңіліміз жай тапқандай болған...

Әттең, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үміт шіркін қоя ма, жаңағы фильмнен соң енді жағдай түзелер дегенімізше болған жоқ, баяғы «жыр» тағы басталды да кетті... Кенет үмітіміз үзілді-ау дегенде, алдымыздан қазақша аталған тағы бір фильм шыға келді. Әрине бұл кезде басымызда бөрік болса, аспанға ататындай жағдайға жетіп қалғанбыз (оның үстіне, ол фильм өте жақсы болып шықты). Сөйтіп әупірімдеп жүріп, жаңағы сексенге жуық фильмнің арасынан жалпы саны он беске әрең жететін қазақ тіліндегі жұмыстарды таптық-ау әйтеуір. Ең болмағанда, отыз-қырық болса да, өйтіп-бүйтіп көңіл көншітуге болар еді. Ал енді сол сексенге жуық фильмнің он-он бесі ғана қазақ тілінде болуы, шынында да, дабыл қағарлық жағдай. Дабылыңыз не, бұл тіпті шыңғырып айтатындай түйткіл емес пе?!

Тура осы көрініс, арғы-бергі кезеңді айтпағанның өзінде, өткен жылы түсірілген толық метражды фильмдерден де байқалған еді. Алдыңғы мақаламызда көрсетілгендей, былтыр экранға шыққан отыз алты көркемсуретті фильмнің алты-жетеуі ғана таза қазақ тілінде тү­сірілген. Сол отыз алтыны көргенде де жастардың киносына қатысты дәл мынадай жағдайды басымыздан өткергенбіз. Жылына түсірілетін фильмнің саны аса көп болмағандықтан, бұрындары бұл мәселе айтарлықтай елене бермейтін еді (сол елемеудің салдарынан осындай күйге душар болып отырмыз). Ал енді бір жылда түсірілген фильмнің саны отыздан асып кеткен соң, тайға таңба басқандай, бірден-ақ өзекті (өзекті болғанда қандай!) мәселенің шеті көрінді де қалды. Шынында, бұл жағдай жалғаса берсе, тіпті жоғарыдағы кейіпкердің бір ауыз қазақша сөзіне зар болып қаларымыз анық.

Сол 36 фильм авторларының басым көпшілігі, жастар түсірген жаңағы сексенге жуық фильмнің авторлары – тәуелсіз елде дүниеге келген ұрпақ қой. Сонда біз жиырма бес-жиырма алты жылда өзінің ана тілінде фильм түсіре алмайтын шәкірттерді тәрбиелеген болып отырмыз ба? Өкінішке қарай қалай десек те, жас буынның киносына әзірге қазақ тілі жат екен. Ал біз киномыздың болашағынан үмітіміз бар деп толғанып жүрміз... Ана тілі – ұлттың жаны. Әлбетте, тіл жоқ жерде ұлттың жаны да болмайды. Олай болса, дәл қазіргі фильмдеріміздің сексен бес-тоқсан пайызынан қазақты іздеу – бос әурешілік. Сонда, ол фильмдер кімдер үшін түсірілуде?..

Ең қызығы, бұл туындылардың барлығының дерлік авторлары – өзіміздің қарагөз жігіттер мен қыздар. Сырттан қосылған бөгде ешкім жоқ. Шынында да, дәл қазір қазақ тілінде сценарий жазып, фильм түсіру бес-алты автордың ғана еншісінде қалғандай. Соның өзінде олар – қазақ киносының аға, орта буын өкілдері. Ал жастар киносының кескін-келбеті жаңағыдай кейіпте.   

Мұнан да сорақысы – таза қазақ тілді фильмдердің он-он бес пайызды ғана  (тіпті бұдан да аз) құрауы қалыпты көрсеткішке айналып кеткендей ме, қалай өзі? «Жүре берсең, көре бересің. Көре берсең, көне бересің» дейді. Осы біз көре-көре, ести-ести, шынымен де көндігіп бара жатқан жоқпыз ба?..

 

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,

кинотанушы, өнертану кандидаты