![261111-8](http://old.egemen.kz/2011img/261111-8.jpg)
Үшінші күн (28 қараша ):
АТА ЗАҢ
Конституцияның қазақша Ата Заң деген бейнелі баламасы бар. Меніңше, бұл өте дұрыс теңеу. Біздің барлық заңдарымыздың атасы – Конституция»Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
![261111-10](http://old.egemen.kz/2011img/261111-10.jpg)
ЗАҢ – ЗАМАНА ЗЕРДЕСІ
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Мемлекетте қуатты, беделді тәртіп болмаса, ол күйрейді». --------------------------------------------------------------------------------------------------------------------- Аристотель: «Әлемді заң билеуі керек». ------------------------------------------------------ Сенека: «Жазылмаған кейбір заңдар жазылған заңдардан да қатаңырақ». -------------------------------------------------------------------------------------------------- Г.Фуллер: «Заң адамды бағындырады, заңды ақыл бағындырады». -------------------------------------------------------------------------------------------------- Дж.Гарфиллд: «Көндіре алатын күші болмаса, заң заң болудан қалады». ------------------------------------------------------------------------------------------------ Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды».![261111-9](http://old.egemen.kz/2011img/261111-9.jpg)
«ХАЛЫҚ – БИЛІКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ, КОНСТИТУЦИЯ – КӨПТІҢ КИЕЛІ СӨЗІ»
– 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан қандай қағидатты ерекшеліктері бар дер едіңіз? – Ең алдымен түбегейлі қағидаттар ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократия әдістерімен, соның ішінде, республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу қарастырылды. Бұрынғы Конституцияда мұндай қағидаттар атымен белгіленбеген еді, соның өзі-ақ мемлекет саясатын болжап-білуі қиын нәрсеге айналдыратын. Әу баста таңдаған жолдан болашақта ауытқып кетпеуімізге көмектесетін бағыт-бағдарлар ретінде белгіленген түбегейлі қағидаттар Негізгі Заңның рухын танытып тұрды. Жаңа Конституция Қазақстанды президенттік республика деп жариялады. Басқарудың нақ осы нысаны Қазақстан жағдайында оңтайлы болып табылатынын және қоғамның саяси, экономикалық жүйелерін ойдағыдай реформалауға барынша қолайлы жағдай жасайтынын уақыт көрсетіп берді. Біраздан кейін, елдегі қоғамдық институттар тиісінше күшейген кезде мен өз өкілеттіктерімнің біразын Парламентке бергенімді, сөйтіп іс жүзінде Қазақстанды президенттік-парламенттік республикаға айналдыруға қадам жасағанымды халық біледі. Жаңа Конституция Парламентті қос палаталы етіп бекітті. Ол жөніндегі ұсынысымды 1993 жылғы Конституцияда өткізе алмағанымды жаңа айттым. Тағы бір маңызды мәселе – Парламенттің міндеті заң шығарушылық қызметке жұмылу екендігі нақты белгіленгені. Сонымен бірге, мемлекеттік бюджетті бекіту, Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын мақұлдау немесе қабылдамай тастау, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру, Үкіметке сенімсіздік көрсету, оның мүшелерінің есептерін тыңдау деген сияқты құзыреттердің барлығы да Парламентке бекітілді. Конституция жобасын бүкіл халық болып қалай талқылағанымызды айтып жатпай-ақ қояйын. Референдумда халықтың жаңа Конституцияға қандайлық қолдау көрсеткені де белгілі. Референдум нәтижелері шыққан сәтте менің бойымды ерекше қуаныш сезімі биледі. Мен бүкіл халықтың жеңісі үшін қуандым. Ойға алған мақсатқа жеткеніміз, біздің ісімізді қазақстандықтардың соншама қолдағаны қатты қуантты. Қазіргі таңда Қазақстандағы өркенді өзгерістердің бәрі Ата Заңның аясында жүзеге асып келеді. Еліміздің өркендеуі мен өрлеуінің негізі – Конституция. Мемлекетіміздегі экономикалық қуаттылық пен саяси тұрақтылықтың негізі де – Конституция. Конституцияның орнықтылығы – елдің орнықтылығының кепілі. Сондықтан оның әрбір әрпіне құрметпен қарауымыз керек. Қит етсе Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынып шыға келетіндер Ата Заңның қадір-қасиетін жете ескермейтіндер демеске амалың жоқ. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында біздің кемел келешегіміздің кепіліне айналатын баянды Конституция үшін күрес жеңісті болғанына бәріміз де куәміз. Жиырма жылдық мерейлі мерекеміздің қарсаңында, Конституция күнінде өткізілген парадта: «Халық – биліктің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі» дегенім де сондықтан. (Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен журналист Сауытбек АБДРАХМАНОВТЫҢ сұхбат кітабынан).* * *
ЖАСА, ҚАЗАҚСТАНЫМ! Басты алға азат ел – анамыз, Бастауда Нұрсұлтан данамыз. Гүлденді кең байтақ даламыз, Түрленді сәнді сан қаламыз. Елдікке, бірлікке сенеміз, Ерлікке, тірлікке кененбіз. Қажырмен қарыштап келеміз, Болашақ бағына енеміз. Басқарған Елбасы ұлы іс – Басталған жаңаша құрылыс. Баянды басталды бетбұрыс, Оңғарған ер көсем құрып іс. Жаңаша дарыған білімім, Жараса дамыған ғылымым. Қазақтың өркенін өсірген Азат күн – бақытым – ұлы күн. Құтты бақ төрінде той бүгін Құттықтап, құшағын жайды күн. Ақтарып туған жер байлығын, Мақтан қып, тойлаймыз айбынын. Әдібай ТАБЫЛДЫ.* * *
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
• Қазақстан саяси тәуелсіздік алғанға дейін үш рет Конституция қабылдаған болатын. Оның ең алғашқысы – 1926 жылғы наурыздағы Жалпықазақстандық кеңестің Х съезінде бекітілген Қазақ КСР Конституциясы, екіншісі – 1936 жылғы 5 желтоқсанда өмірге келген Ата Заңымыз, үшіншісі – 1977 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясында қабылданған Конституция. • 1993 жылы тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясы қабылданды. Мұнда елімізде Парламенттің рөлін түбегейлі көтеруге ұмтылыс жасалынды. Соған сәйкес 1995 жылғы 30 тамызда жүргізілген референдумның (бүкілхалықтық дауыс беру) нәтижесінде Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы қабылданды. Бұл жаңа Конституцияда биліксіздік құбылысын жеңу мақсатында парламент құқықтары елеулі шектеліп, президенттік билік күшейтілді. Сөйтіп, атқарушы биліктің тікелей Президентке бағынушылық тетіктері нығайтылды, оның заң шығарушы парламенттік билік алдындағы жауапкершілігі азайды. ________________________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Александр ТАСБОЛАТОВ.