Қазақстан • 06 Наурыз, 2018

Алматыдағы барлық мектептер кең жолақты интернет жүйесіне қосылған

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап көрсеткендей, мек­тептерді кең жолақты интернетке қосу және бейнеқұралдармен жабдықтау, сондай-ақ цифрлы білім беру ресурстарын дамыту мәселелерінің маңызы зор. Алып шаһар Алматыда бұл бағыт бо­йынша едәуір ілгерілеу бар. Оның бір ғана дәлелі қаладағы барлық мектептер кең жолақты интернетке қосылған.


Алматыдағы барлық мектептер кең жолақты интернет жүйесіне қосылған

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мектептерде «Kundelik.kz» электронды күнделік және журналдар жүйесі енгізілген. Бұл жүйе мұғалімдерге электронды форматта журнал толтыруға мүм­кіндік тудырса, ата-аналар қауымы үшін баласының үлгерімін онлайн режімде қашықтықтан-ақ қадағалауға жол ашқан. Мамандар жүйе жұмысын бастағалы бері оқушылардың үлгерім сапасы мен тәртібінде оң өзгерістер байқал­ғанын айтады.

Мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған ро­бот-техника және 3D модельдеу үйір­мелері 2692 оқушыны қам­тыған. Биыл Оқу­шы­лар сарайы база­сында балалар мен жасөспірімдер күшімен ин­но­­ва­­циялық бизнес жобаларды ен­гізуге арналған бизнес-инкубатор құрылмақ. Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова­ның айтуынша, бұл балалардың ер­те жастан зерттеушілік дағды­сын қалып­тас­тыруға және мектеп бітіру­­шілердің болашақта әлем­дік бәсе­келестік ортада лайықты орын алу­ларына мүмкіндік бермек. Педа­гогтардың біліктілігін арт­тыру мен мәртебе­сін көтеру әр­да­йым басты назар­да деген қала­­­ның бас мұғалімі осы бағыт­та қол­ға алынған бірқатар шаруаларды жіпке тізіп берді.

– Орта білім беру деңгейінде жаңар­тылған мазмұнды білім беруге кезеңдеп өту белгіленді және бұл 2020 жылы аяқталады. Осы ретте жаңартылған мазмұн­ды білім беруге 2016 жылы 1-ші сынып­тар, 2017 жылы 2, 5, 7-ші сыныптар өтті. Осы жылы кезең­деп өту ісі 3, 6, 8-ші сыныптарды қамтыса, 2019 жылы, 9, 10-шы сыныптар, 2020 жылы 11-ші сыныптар жаңа мазмұнды білім беруге толықтай өтеді. Елбасы халыққа Жолдауында атап көрсеткендей, жаңа мазмұнды білім беру жүйе­сіне өткен мұғалімдердің жал­а­қысы 30 пайызға өседі. Санаты мен еңбек өтілі жоқ жас мұғалім­дерге 18 696 теңге, жоғары санатты мұғалімдерге 27 мың теңгеден аса үстемақы қосылады. Жаңартылған мазмұнда білім беру бойынша 2016 жылы 1-ші сыныптың 2786 мұға­лімі, 2017 жылы 2,5,7-ші сы­нып­­тардың 3846 мұғалімі курстан өт­кізілді. Биылғы жылы білім бас­­­­қар­масының және білім беру ұйым­­­дарының сайттарына қала­дағы үздік мұғалімдердің бейнеса­бақтарын орналастыру бойынша жұмыстар басталды. Білім беру жүйесінің тиімділік көрсеткішінің маңызы оның нәтижелілігінде, – дейді Г.Ходжабергенова.

Алматы қаласының білім беру жүйесінде 1078 білім беру ұйымы жұмыс істесе соның 700-і мектепке дейінгі білім беру ұйымы. Мәселен соңғы екі жылдың өзінде қалада 10,4 мың адамға арналған 262 мектепке дейінгі мекеме ашылған. Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиелеумен 3 жастан 6 жас­қа дейінгі балалардың балалар­дың 81,2 пайызы қамтылған. 296 мек­теп­ке дейінгі ұйымның базасын­да 13 712 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырыл­ған. Жалпы, қаладағы орта білім беру ұйымдарында 243 348 оқушы білім алады. Жуырда ғана халық алдында есеп берген шаһар басшысы жастардың жақсы білім алуына лайықты көңіл бөлінетінін тілге тиек еткен еді. Бұл ретте оқу­шылардың сапалы білім алуы үшін мұғалімдерге қойылатын талап та күшейтілмек.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ