![261111-11](http://old.egemen.kz/2011img/261111-11.jpg)
Ел тәуелсіздігінің заңдық базасы Конституцияны, біздің 1990 жылдан бастап қабылдаған аса ауқымды құқықтық құжаттарды тірек ететінін айрықша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заңдылығы осы сәттен басталды. Жаңа Конституцияның жобасын жасамастан бұрын біз елімізді басқару формасын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген факторларға байланысты еді. Қоғам көпұлтты елде конфедерацияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
Осы заңның негізінде республиканың мемлекеттік және қоғамдық құрылысына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Өйткені, Президент қызметін тағайындау Жоғарғы Кеңестің монополиялық билігін жоюға жетелеп, мемлекеттік құрылыс практикасында билікті бөлісу принципінің алғашқы қадамдарын бекітуге бастады. Қазақстанның егемендігін баянды ету процесінің келесі логикалық жалғасы “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация болды.
Еліміздің өткен даму жолы қазір Қазақстанда қолданылып отырған конституциялық оңтайлы үлгіні дұрыс таңдай білгенімізді айғақтайды. Оның бір тармағы қуатты мемлекеттік биліктің кепілі ретіндегі президенттік басқару дер едім. Осыған қатысты бір ғана мысал келтірейін. Құқықтық мемлекет құрылысын үздіксіз жалғастыра беретін елімізде конституциялық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету басты ұстаным саналады. 1993 жылы өзін-өзі таратқан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жаңа Парламенттің жұмысы басталғанға дейін Президентке заңдар шығару өкілеттігін беру туралы заң қабылдады.
Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында өз еркімізбен, өз қалауымызбен көптеген талқылаудан, пікір алысудан соң барып 1993 жылғы және 1995 жылғы халықаралық аренада өз жолымен өркендеуге бағыт ұстанған мемлекетіміздің Конституцияларын қабылдадық.
1995 жылғы Конституцияны қабылдаудың тағы бір себебі – экономикалық қажеттілік еді. 1993 жылғы Конституция бойынша жерге жеке меншікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көрсеткеніндей, жерді жеке меншікке бермейінше, толыққанды нарықтық қатынастарды дамыту мүмкін емес. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өндірісшілеріміз де, шетелдік инвесторлар да капиталдық тәуекелдікке бара алмайды. Жағдаятты басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктену тұрақтылыққа, баяндылыққа қауіп төндірді.
Сондай-ақ, Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына себептер қатарына аса қажетті болған сот реформаларын жатқызар едім. 1993 жылдың Конституциясы бұрынғы сот жүйесін консервациялап тастады, одан шын мәніндегі тәуелсіз соттың негізі орын таппады. Судьяларды тағайындау тәртібі олардың тәуелсіздігіне кепілдік бере алмады. ҚР Конституциялық сотының қызметі мен құқықтық негіздері де қайтадан қарауды талап етті. Осы органның 1995 жылдың 6 наурызында 13-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесін заңсыз (легитимсіз) деп тапқан шешімі саяси дағдарыстың себеп-салдарына айналды. Жалпы алғанда сол кездегі ғалымдар мен практиктер Конституциялық сотты шамадан тыс саясиландырып жіберді. Осыдан барып Конституциялық сотты Конституциялық кеңес етіп қайта құрудың қажеттілігі саяси дағдарыстың алдын алу мақсатында жасалған оң шара дер едік. 1993 жылғы Конституция шеше алмаған тағдырлы, ең басты мәселелердің бірі – жоғары мемлекеттік билік органдарын ұйымдастыру проблемасы болғаны белгілі. Анығырақ айтсақ, билікті бөлісу принципін жүзеге асыру моделінің өтпелі кезең жағдайларына сай келмеуі, билік тармақтарының конституциялық-құқықтық мәртебелерін анықтаудағы қарама-қайшылықтар, мемлекеттік билік органдары арасындағы тартыстарды шешудің тетігін жете анықтамау қызмет үйлесімін тежей бастады. Оның үстіне, жергілікті билік органдарының конституциялық негіздерінде де айтарлықтай кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар орын алды.
1995 жылғы Конституцияның 18 жоба үлгісі дайындалғанын айтайын. Бұл өте күрделі кезең еді. 13-шақырылған Жоғарғы Кеңестің лигитимді еместігі, Үкіметтің отставкаға кетуі, саяси дағдарысты сейілтудің тамаша қадамы ретінде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, ақырында, сол жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдумның өткізілуі алдағы Конституциямыздың салмағы мен жүктелер міндеттердің орасандығын айғақтайды.
1995 жылдың шілде айында дайын болған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқыға ұсынылды. Оған республикалық 53 ұйым мен қоғамдық бірлестіктер қатысып, 678 ұсыныс пен ескертпелер келіп түсті. Жалпы алғанда, елімізде 34459 талқылау ұйымдастырылып, 123717 адам сөз алды. Конституциялық комиссия 31886 ұсыныс пен ескертпені мұқият екшеді. Жаңа Конституция тек идеялды құқықтық модель, шындыққа сай келмейтін декларациялық құжат емес, заңды түрде шешімін тапқан нақтылы механизмдер мен институттар ретінде танылды. Қоғамда осы Конституцияның негізінде нақтылы өзгерістер жүзеге асырылып, жемісін төгуде.
Сұлтан САРТАЕВ, академик.