Амандық-саулық сұрасқан соң, танысып, жасыл кітаптың баянын айтты. Әпкеміздің есімі – Бұхаргүл екен.
– Атам Әбдіхалық молла 1884 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы Киікті, Мойынты өңірінде дүние есігін ашыпты. Атадан бес ағайынды екен. Бәрі дін жолына түскен қалпе, молда болған кісілер. Он алты жасқа толған шағында арғы атамыз Дүйсен қалпе Қаратау деген жердегі медресеге оқуға беріпті. Он бір жыл сонда оқып, елге қайтыпты. Молдалық құрып жүрген шағында 1930 жылы НКВД соңына түсіп, алты ай қыста тауды пана қып, күн кешіпті. Ақыры қуғын тоқтамайтын болған соң, Керегетас тауының бір үңгіріне Құран кітаптарын тығып, өзі Қырғызстанға өтіп кетеді. Сонда үбірлі-шүбірлі болып, 1963 жылы туып-өскен еліне оралады. Баяғы тығып кеткен кітаптарын 30 жылдан соң тауып, алады. Қазір сол кітаптар Ғабдулхамид бауырымыздың үйінде. Атамыз өлең жазған екен. Соны жинақтап шығарған едік. Егемендікті аңсаған атамыздың тілегі ел амандығы, бостандық таңы болатын. Сол кітабын сіздерге әкеп отырмын, – деді.
Содан бері екі айға жуық уақыт өткенін байқамай қалдық па, әлде күнделікті жұмыстың қаурыттығымен қаперге алмадық па, уақыт сырғып өте шығыпты. Ел ішінде өлең жазатын ақсақалдарымыз көп-ақ. Бұрын да жазған аталарымыз аз болмапты.
Өлеңдерін парақтап отырғанда автордың жан дүниесін сезінбей өте шығу мүмкін бе? Сонау ғасырдың қойнауында қалған құпиясы басым қасіретті жылдардың сұрқия келбетін көз алдымызға келгенімен, толық сезіне алмай әре-сәре күй кешесің. Мына өмірде тәуелсіздікке ештеңе жетпейтінін ғана түсініп үлгересің. Әбдіхалық молданың:
Бодандықтан көз ашпаған қазағым,
Сан ғасырда көрдің өмір азабын.
Әуел бастан бас-басыңа би болған,
Қазағыма құрды жаулар тұзағын,
– деген сөздерге қазір көркемдік жағынан көп мін айта алғанымызбен, сол кезде осы сөзді қаншалықты аңсармен, жан ауыртып жазғанын ойладық па?! «Қашан егемен ел боламыз?» деген бір кездегі мазалы сұрақ – бүгін біздің бақытымыз. Егеменбіз! Елміз! Тар жолда, тайғақ кешумен күні өткен Әбдіхалық молданың келбеті көз алдымызға жиынтық бейнедей көрінді. Азаттықты аңсаған, сол жолда жапа шеккен ерлерім, рухтарың шат болсын!
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»