Қошеметіміз құрғақ болмасын, өткен жылы Қазақстанның бір топ қылқалам шебері іргелес елге шеккен шығармашылық сапарында Өзбекстан Мәдениет министрінің орынбасары, өнер ғылымдарының докторы Камола Акилова: «Өзбекстанның ХХ ғасырдағы живопись өнеріндегі сіздің орныңыз бір төбе»! деп дүйім дарындардың алдында мәртебесін көтеріп, қолтаңбасына өнертанушы ретінде тарқатып тамаша баға берген екен.
Сөйткен Араншыны елде көп адам тани бермесе де, отандық суретшілер арасында кәсіпқойлығы жоғары бағаланады. Беделі мықты. Біздің өнертанушылар да тарихта аты қалатын суреткердің бірі сөзсіз – Араншы Шаржанов екенін алға тартады.
– Адамның шығармалары өзіне ұқсайды. Араншы ағамыздың әулиедей адалдығы бар, аузын ашса жүрегі көрінетін болмысы бөлек. Қараңызшы, көп суретшілер болмысты қалай көреді, қаз-қалпында солай бейнелейді. Ал Шаржановтың түстерді ойнатуы ерекше. Мейлі бір қарағанда, бояусыз қарды салсын, тауды салсын, түнді, жарқырап атып келе жатқан күнді салса да реңктерді қанықтыра қолдана отырып, ертегідей пейзаждар тудырады. Оның композициялық шешімдері ерекше. Реңктерді құбылта отырып кенепке жазылған оқиғалардың мағынасын терең ашады. Өзінің көңілі аса толмайтын жұмыстарынан да тазалық есіп тұрады, – дейді өнертану ғылымдарының кандидаты, суретші Жамбыл Нәтбаев.
Өнердегі өрнегін кітап-журналдағы суреттерді қайталап, сыныптастары мен өз үй ішіндегілерден бастаған тума таланттың өмірбаяны қасиетті Қазығұрт тауының етегінен өрбиді.
Бірде болашақ суретші мектеп кітапханасынан «Жас суретшілерге арналған жәрдем» деген кітап тауып алады. Сол арқылы кенептегі алғашқы бояуды және майлы бояумен сурет салу техникасын меңгереді де А.Пушкиннің портретін салады. Тырнақалды туынды барлығына да ұнайды. Шаржановтың үлкен ағасы да Ташкенттегі педагогика институтының сурет және сызу факультетіне түседі. Өзбектің атақты суретшісі Малика Нәбиеваның шеберханасында шыңдалып, мектеп оқушысы Араншыға да осы жерде дәріс алуға мүмкіндік туады. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін ол осы институтқа түсуге балы жетпей қалғандықтан ауылына қайтады.
Осыдан кейін Мәскеу түбіндегі Солнечногор қаласында әскери борышын өтеп жүріп, ара-тұра Мәскеуге барып, астаналық суретшілер ұйымдастыратын жасырын курстарға жазылады. Ол бейнелеу өнерінің құпияларын меңгере отырып, Мәскеудегі тоқыма институтының қолданбалы өнер факультетіндегі киім үлгілері факультетіне түсіп тынады. Ауыл баласына өз мамандығын меңгеру оңай болғанымен, физика мен химия пәндері көнбесе керек. Екі айдан кейін тағы да ауылға оралады.
Алайда ішін түртпектеген талант енді қайта Ташкентке сүйрейді. Осылайша А.Островский атындағы театр-көркемсурет институтының есігін қағып, станокты сурет өнері факультетіне түседі.
Көп ұзамай-ақ қабілетті қазақ баласын Өзбекстанның халық суретшісі Рахым Ахметов байқап, 3-курстан бастап өзіне тәлімгерлікке тартады. Шебер суретші болғысы келген студенттердің көбі майталманның шәкірті болуды армандаса, Ахметов Араншыны солардың арасынан өзі таңдап алған. Майталман суретшіге ере жүріп Шаржанов өзінің өмірдегі ең үздік этюдтерін жазды. Ал Рахым Ахметовтің де матаға салған бейнелері өзбек халқының рухани игілігі мен Өзбек- стан ұлттық бейнелеу өнерінің асыл қазынасына айналады.
Бастапқыда жерлесіміз академиялық сурет өнерінің соқпақтарымен жүрмек болып, «Уақыт және тағдыр» триптихын тудырады. Бұл сурет Шаржановтың басқа да тамаша жұмыстарымен бірге бұл күнде Өзбекстанның бейнелеу өнері мұражайында көздің қарашығындай сақталып келеді. Бір таңғаларлығы, Шаржановтың «Менің аталарым» атты диплом жұмысы қазақстандық өнерсүйерлердің жеке қорында екен.
Суретшінің дүниетанымы 1987 жылы Армениядағы суретшілердің симпозиумынан кейін түбегейлі өзгереді. Импрессионистік бағытқа еліктеп басқаша жұмыс істей бастаса керек. Матаға бояуды сілтей жағу, ауа мен жарыққа жол беріп, сезімге, әсерге бөлену суретшінің жанрлық құштарлығына айтарлықтай түзетулер енгізді дейді, өнертанушылар.
Ал Шаржановтың туған өлкесіне қайта оралуы, отандық бейнелеу өнерінің қоржынына салған олжасы бөлек баяндауға тұрарлық қызығы мен шығармашылық адамдарына тән шыжыққа толы бір әлем.
Бейнелеу өнеріндегі азаттығы өз мінезімен үйлесетін қылқалам шеберінің туындылары тамаша хикаялардан сыр шертеді. Мәселен, «Қуаныш» атты картинасының қасына аялдап көріңізші. Егде тартқанда перзентті болған жанның көкке көтерілген қуанышы уақыттың бедерінен қол бұлғайды. Базардан нәрестесіне бесік сатып алып бара жатқан жанның аспанда қалықтаған сүйіншісін хас шебер қалай дәл бере алған десеңізші. Бесікпен бірге сатып алған адыраспаны да оның үнсіз алақайлаған шексіз шаттығына гүл болып еріп бара жатқан жоқ па?!
Оқырман қаласа, суретшінің кенепке жазылған басқа әфсаналарын оның шығармашылық әлемінен іздеп таба алады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ