Терезелерді қырау басып, аяз әр әйнекке өзіне тән шеберлікпен көркемдеп, бір-біріне ұқсамайтын өрнектер салады. Бейне-бір қарлы ханымның мұздан салынған сарайы тұрғандай. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмтылыс сәттерін тамашалайды. «Аяз салған өрнектер» жобасының дәстүрге айналып жалғасуы да осы сұлулықтың әсері.
Жуырда Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебінің ЮНЕСКО Клубына 10 жыл толу мерекесіне орай, «Он жылға – он іс-шара!» аясында «Аяз салған өрнектер» атты облыстық балалар шығармашылық сурет байқауы өтті. Көрмеге 221 баланың 300-ден астам әртүрлі техникамен жасалған жұмыстары қойылды. Бұл сұлу көріністерімен көз тартарлық суреттердің авторлары – 5 пен 17 жас аралығындағы өнерлі жас дарындар. «Сақ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев пен Суретшілер одағының мүшесі Серік Жорабеков және ОҚО «Жастар ресурстық орталығының» «Талантты жастарды қолдау» бөлімінің инспекторы Оспан Құдайбергенұлының қырағы көзінен өтіп, 28 бала жеңімпаз атанды. Жеңімпаз жас суретшілерімізге «Сақ» киностудиясының атынан Н.Паттеев мырза балалардың сүйіп көретін «Томпақ» фильмінің бас кейіпкері бейнеленген футболкаларды сыйлыққа тартты. Іс-шара барысында Балалар көркемсурет мектебінің «Алтын жүрек» белсенділер тобының тілшілері, мектепішілік «Өрлеу» газетінің кезекті басылымына материалдар жинақтап , келген қонақтармен сұхбаттасты. «Аяз салған өрнектер» атты облыстық сурет байқауының қорытынды кезеңі Оңтүстік Қазақстан облысындағы алғашқы ЮНЕСКО клубы Шымкент қалалық Балалар көркемсурет мектебі дайындаған қызықты тосын сыйлар мен түрлі шеберлік сыныптарға жалғасты.
Гүлнара Кулиева
ШЫМКЕНТ