Жалпы ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 730 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 13,8 млрд теңгені құрайтын 22,9 мың шаршы метр немесе 1644 пәтерлі 28 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тиісті ұсыныс берілген. Бұл жұмыстар Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде айтылған «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруді» жүзеге асыруға септігін тигізбек.
Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өткен, Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік бастамалардың өңірде орындалуы жүйесі талқыланған жиында өңірде тұрғын үй құрылысын белсенді түрде іске асыру басты назарда тұрғаны айтылды. Мәселен, 77 нысанның құрылысына 27,4 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, облыс әкімі Елбасы бастамаларын толығымен жүзеге асырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту екендігін атап өтті. Өзге де әлеуметтік бастамалардың өңірде орындалуын жүйеледі. Мысалы, үшінші бастама аясында республика бойынша 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынады. Бұл шарамен облыстың студенттері де қамтылатын болады. Ал «Шағын несие беруді көбейту» бағытында биылғы жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4 млрд. теңгеге шағын және орта бизнеске көмек көрсетілу жоспарлануда. Жастарды қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген жастарға кепілсіз 2 млн теңге көлемінде несие қаражаты ұсынылады.
Жиынға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел белсенділері Елбасы бастамаларын қолдап, Үндеуде атап көрсетілген мәселелер жүйелі түрде орындалу қажеттігін алға тартты.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»