«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіндегі атап өткен бес әлеуметтік мәселелердің барлығы да бүгінгі күні өзекті. Әсіресе, студент қауым үшін жатақхана мәселесі ерекше назарымызды аударғаны мәлім. Елбасы жастар үшін үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Білім грантының бөлінуі мемлекеттің жастарға жасап отырған орасан зор қамқорлығы» деді Еркін Аманжолұлы.
Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов Елбасы Үндеуіндегі әлеуметтік мәселелер жастар мен студенттер үшін үлкен мүмкіндік екенін, соған орай талпыныс керектігін тілге тиек етті.
« Елбасы Үндеуінің бірінші бастамасында айтылғандай, әр адам үшін ең бастысы баспана болып табылады. Әсіресе, жастар оқуды бітіріп, еңбекке араласқанда баспана керек болады, отбасын құрғанда оның қажеттігі арта түседі. Бұрын жастар оқуды бітірісімен баспана ала амайтын, бірнеше жыл жалға алған пәтерде, үйде тұрады, әбден қаржы жинап, кезекке тұрып, ол келген соң ғана алатын. Банктың пайыздық үстемесі де жоғары болатын. Міне, енді Елбасы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл әрбір жас үшін мемлекет басшысының әкелік қамқорлығы деп айтуға болады» деді Кенеш Ғалибекұлы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуімен студенттердің өздері танысып, қуаныштарын білдірді. Екінші курс студенті Дархан Мұсақов – болашақ тарихшы. Ол «Серпін» бағдарламасы бойынша Тараз қаласынан келіп білім алып жүр. Елбасының Үндеуінде айтылған мәселелер жастардың әлеуметтік тұрмысын көтереріне ол сенімді.
«Мен қазір пәтер жалдап тұрамын. Заманауи талаппен салынған жайлы жатақхана қазір әр студенттің арманы ғана болатын. Болашақта жайлы жатақханалар студенттердің тұрмысын көтерері сөзсіз» дейді Дархан.
Басқосу соңында институт ректоры Еркін Әбіл мемлекеттің осындай қамқорлығына студент жастар тек жақсы оқуымен, сапалы білімімен және болашақта білікті маман болуымен жауап беруі тиіс екендігін айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ
«Егемен Қазақстан»
Қостанай