Қазақстан • 07 Наурыз, 2018

Оралда аңыз болған абысындар туралы кітап шықты

1842 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында белгілі қаламгер Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты жаңа кітабы оқырман қауымға таныстырылды. Бір қызығы оқиғасы өмірден алынған бұл шығарманың кейіпкерлері, олардың ұрпақтары да осы салтанатты жиынға қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Оралда аңыз болған абысындар туралы кітап шықты

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен әдебиет кешіне халық көп жиналды. Кітапқа арқау болған Сақыпжамал, Сақып, Ділдә есімді үш абысынның талайлы тағдыры, басынан кешкен шым-шытырық оқиғалар ХХ ғасырдағы қазақ халқының ажырамас бір тарихы десе де болғандай. Айрандай ұйыған қазақы ауылдың берекесін кетірген Совет үкіметі, байларды тәркілеу, аштық, ұрыс даласын ғана емес, қазақ сахарасын да өртеп өткен соғыс, ең соңында 1952 жылы Капустин Яр полигоны ашылғанда атамекен – Құм Нарыннан күшпен көшіріліп, босқын болған бөкейліктер... – осының бәрі жаңа шығармада көрініс тапқан.

- Хайролла қарттың отбасы, аңыз болған үш абысын туралы әңгімені осы әулеттің келіні Рыстыдан жиі еститінмін. Өз анасы емес, қайын жұртын, енелерін осыншалық дәріптеп, құлай сүйген келіннің қылығына сүйсінсем, тарихына қанық болған соң қиын кезде қасиетін жоғалтпаған қазақ әйелдерінің мінезіне тәнті болдым. Ұрпақтары тарапынан осы бір шерлі шежірені, ұлағатты үйлесімді қағаз бетіне түсіруге ұсыныс түскенде, қуана келістім. Көркем дүние болғасын, әрине, кейбір жерін әрлеуге тура келді, бірақ негізгі желіден ұзағаным жоқ, - дейді кітап авторы.

Дариға Мұштанова – 1970 жылдардан айтыс өнерін жаңғыртуға атсалысқан ақын, «Адамның жаны – бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қогс қанат» жыр жинақтарының авторы. Біраз жыл ұстаздықпен айналысып, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері атанған. Әріптесінің жаңа шығармасының бағасын беруге осы кешке жергілікті қаламгерлер ақын Шолпан Қыдырниязова, өлкетанушы, ардагер журналист Тихон Әліпқали, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Амангелді Шахин мен Ғайса Ғали Сейтақ арнайы келген екен. Шағын шығарманың мазмұнымен алдын ала танысып алған олар бұл еңбектің құндылығы мен қызықты тұстарын жарыса әңгімеледі.

- Кітаптың оқиға желісі, сюжеттердің шымырлығы, әсерлі сәттердің молдығы бұл шығарманы экранға немесе театр сахнасына шақырып тұрғандай, - дейді Тихон Әліпқали.

Кітаптың алғысөзін жазған белгілі жазушы Сәбит Досанов: «Аңыз болған абысындар» атты шығармасы – тың тақырыпқа тұңғыш түрен салған, айтары анық, бояуы қанық, шұрайлы шығарма, оқушының ойына ой қосатын тұлғалы туынды. Адамдардың бір-біріне деген мейірімі, махаббаты қарасөзбен жырланған поэма» деп баға берген екен. Бұл шығармада көтерілген адамгершілік құндылықтар жас ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етіп, рухани жаңғыруға да сеп болатынын Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев те баса айтты. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатованың кештің шырайын кіргізе жүргізуі өте әсерлі болды.

- Оралдағы Қадыр орталығы – осындай керемет кештердің ордасына айналып үлгерді ғой. Мен әріптестерімді, жергілікті қаламгерлерді жаңа кітаптарын, тың туындыларын осы жерде халыққа таныстырып, оқырманды ойға жетелейтін мәнді де мағыналы әдебиет кештерін жиі өткізуге шақырамын, - деді Дариға Мұштанова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Айнабек САҒЫНТАЙҰЛЫ

Орал қаласы