Қазақстан • 07 Наурыз, 2018

Азаттық үшін күрескен азамат

1177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық ма­қаласына сәйкес, өткен ғасыр­ларда ел теңдігін аң­сап, соның жолында бар ғұ­мы­рын сарп еткен ардақты баба­ларымыздың есімдерін жария ету біздің борышымыз.

Азаттық үшін күрескен азамат

Елімізге белгілі қоғам қайрат­кері, атақты ғалым Мырзатай Жол­дас­­бековтің «Егемен Қазақстан» газетін­дегі «Асылдар неге елен­бейді?» деген мақаласында атақты Дос­жан хазі­реттің рухын ұлықтау туралы кемелді ойы баршамыздың санамызға қозғау салғаны сөзсіз.

Тарихымызды зерделеп қарасақ, сонау Ресейдің патшалық заманында, қазақ халқының бостандығынан туындайтын жер мен дін мәселесін көтерген, көкірегі ояу, заманының зиялы өкілдері болғаны белгілі. Солардың ішінде Жұмағали Ер­батыр­ұлын айтпасқа болмайды.

Жұмағали атамыз Ақтөбе об­лы­­сының Байғанин ауданы, До­ңызтау елді мекенінде шамамен 1880 жылдардың ортасында, ишан Ер­батырдың отбасында дүниеге келген. Жастайынан діндар әкесінен араб тілінен сауат аш­қан жас бала ер жеткен соң, әке­сінің ықпалымен Араб еліндегі «Әл-Асқария» медресесінде ислам діні жө­нінде жоғары деңгейде білім алып, араб, парсы және басқа да бірнеше тілдерді меңгерген.

Бір айта кететін жайт, араб еліндегі оқуын тәмамдаған ол уақытында ел­ге қайта алмаған. Оған себеп, елдегі әкесі қайтыс болып, оқытқан жер­дің қаражатын төлеуге мүмкіндік бол­мағандықтан, сондағы арабтың медре­сесінде қызметке қалған. Сол кезде жоғарыдағы М.Жолдасбеков айтып отырған Досжан хазірет Мек­кеге қажылыққа барған сапарын­да Жұмағалиды жолықтырып, оның­ қарызын өтеп, өзімен бірге ел­­ге алып келген. Келісім бойынша, Шибұлақ (Шилі) деген жердегі хазі­реттің медресесінде Жұмағали мүдәрис-ұстаз болып, шәкірттерді оқытумен айналысқан.

Медреседе қызметте жүріп, сонда Дос­жан хазіреттің ризашылығымен, оның Ұммагүлсім атты қызына үй­леніп, Жиенғали атты ұлды болған. Ке­йіннен атасы Досжан хазіреттің ба­тасын алып, көптен армандап жүр­ген туған жері Доңызтауға отбасымен оралған. Тасқабақ атты жерде жа­ңадан мешіт салдырып, ислам дінін уағыздап, тұрғындарды имандылыққа, адалдыққа, бірлікке үгіттеп, ауыл балаларын оқытумен айналысқан.

ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің қазақтың шұрайлы жерлерін күшпен басып алу саясатына қарсы елдің қамын ойлап, халықтың дінін, салт-дәстүрін, жерін сақтап қалу мақсатында басына түскен қатерге қарамастан күреске түскендердің ішінде Жұмағали Ербатырұлы да болған.

1905 жылы Орал,Торғай облыс­тарындағы Кіші жүз қазақтарының атынан заңгер Бақытжан Қаратаев­тың басшылы­ғымен, бар­­лығы 22 адам, соның ішінде, Доңыз­тау-Аққолқа болысты­ғынан молда Жұмағали Ербатырұлы патша өкіметіне жазбаша құзырхат жолдап, дін және жер мәселелерін нақты көтерген. Онда қазақтарға жасалып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатып, «Қазақ халқының қолына – «жер мәңгілік, өзінікі – деп заңды құ­­жат берілсін» – деп талап еткен. Со­нымен қатар отаршылдық ниет­пен қазақ жеріне орыстарды қо­ныстандырып, жергілікті халықты христиан дініне үгіттеп, мұсылман мешіттері мен мектептеріне ты­йым салу туралы патшаның 1868 жыл­ғы «Далалық ережесінің» тәр­тіп­терін бұзуды сұраған. Осындай әлеу­меттік маңызы зор істің барысында Жұмағали Ербатырұлы заңгер Б.Қаратаев бастаған делегациямен бірге Санкт-Петербургке барған. Онда белгілі генерал Ғұ­байдолла Жәң­гіровтің жәрдемімен делегация басшысы Б.Қаратаев орыс патшасының қа­былдауында болып, құзырхатта көрсетілген халқымыздың мұң-мұқта­жын жет­кізген.

Ғасырлар бойы бабаларымызға арман болған бостандық елімізге тәуел­сіздігімен бірге келіп, қазақтың бұл­жымайтын жері айқындалып, мұ­сылман қауымына ислам ді­нінің өркендеуіне мешіттер мен медреселердің есіктері айқара ашылуда. Осы бейбіт өмірде сонау қиын-қыстау заманда халқымыздың еркін болашағын аңсап, саналы ғұмырын арнаған діндар Жұмағали Ербатырұлы ишанның қайраткерлік ерен еңбегі елеусіз қалмайтынына сенімдіміз.

Елубай ЖҰМАБАЕВ

Ақтөбе