Тәрбие • 07 Наурыз, 2018

«Жан жылуы» балалар үйінде

858 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әсілінде «Қайырымдылық күні» деген шартты атау болғаны болмаса, мүмкіндігі бар азаматтар жақсылықты ешқайда жар салмай-ақ жасайды. Жақында шымкенттік бір студент өз қар­жысына қажетті тағамдарды алып, өзі қазан көтеріп палау пісірді. Сөйтіп, зәру жандарға таратып берді.

«Жан жылуы» балалар үйінде

Ал облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясының бас­та­масымен Алғыс айту мерекесі қарсаңында Оңтүстікте бас­талған онкүндіктің әр кү­ні жан жылуына, мейірім шапа­ға­тына бөленген деп айтса да болады.

Облыста «Жан жылуы» ак­ция­сы аясында жалғызбасты жә­не әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіліп, балалар үйлерінде қайырымдылық шаралары өтті. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері Төле би ауданындағы №2 балалар үйінің, Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар үйінің және Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлау және Алғыс айту күнінің мәнін ұғындыру мақ­сатында іс-шаралар ұйым­дастырып, сыйлықтар тарту етті.

– Қиын-қыстау кезеңде қа­зақ жеріне күштеп қоныс ауда­рылған түрлі этностардың бү­гінгі ұрпақтары ретінде біз­дің қиыншылықта пана бол­ған қа­зақ халқына айтар алғы­сымыз шексіз. Қазақтың бауырмал­ды­ғының арқасында өсіп-өндік. Ортақ отанымыздың өркендеуіне үлес қосуды парызым деп санап, қайырымдылық шараларына үнемі қатысып отырамын. Бүгін «Қайырымдылық күні» аясында өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер балаларға қуаныш сыйлауды жөн санадық. Мұндай игі шаралар адамдардың арасын жақындатып, бірлікті нығайта түседі, – дейді облыстық түрік эт­но­мәдени бірлестігінің төр­ағасы Латифша Асанов.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы