Алқалы жиында алдымен Үкімет басшысы Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.
«Мемлекет басшысының өз бастамаларын арнайы Үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл – Елбасының халқына ұсынған президенттік әрі перзенттік сыйы. Ол бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды», деді Б.Сағынтаев. Үкімет басшысы халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін барлық қадамдар бойынша бірыңғай жол картасы әзірленетінін айтып, тиісті министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді. «Қашанда халқының жан дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау – бәрімізге сын! Сондықтан біз барлық күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүктеген, ел күткен үдеден шыға білуге тиіспіз», деді Премьер-Министр.
Инфрақұрылымды дамытудың даңғылы
Үкімет отырысында инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, сонымен қатар бірқатар облыс әкімдері баяндады.
Мәлім болғандай, мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты – автожол саласын дамыту аясында 2017 жылы 4,4 мың км автомобиль жолдары жөнделді. Нәтижесінде 2017 жылы 22 автомобиль жолдарының жобаларында 600 км автожол қайта жаңғыртылған, бұл жоспардың 100 пайызын құрайды. Ал жыл қорытындысы бойынша 528 шақырым жолды ашу жоспарланған.
Екінші бағыт – логистикалық жобаларды жүзеге асыру аясында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін Құрық темір жол паром терминалы іске қосылды. «Осы жоба бойынша жүкті ауыстырып тиеудің жоспарлы көрсеткіші 50 пайызға артығымен орындалып, 1,5 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар 2017 жылдың желтоқсан айында Құрық портында автокөлік паром терминалының тестілік іске қосылуы жүзеге асырылды», деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов. Автокөлік паром терминалының толық құрылысын аяқтау 2018 жылға белгіленген. Оның жобалық қуаттылығы жылына 2 млн тонна жүкті құрайды. Жобаның жалпы қуаттылығы жылына 6 млн тоннаны құрайды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының үшінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2017 жылы жоспарланған 700 км инженерлік жүйенің 765 км-і жанғыртылды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ТКШ-ны қаржыландыру елімізде инженерлік желілердің тозуы 67 пайыздан 60 пайызға төмендеген. Биылғы жылы шамамен 800 км инженерлік желілерді салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл аталған көрсеткішті қосымша 3 пайызға төмендетеді деп күтілуде.
Төртінші бағыт – апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою шеңберінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 76 мектептің 73 мектебі салынды. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, қалған білім беру объектілері ағымдағы жылдың І тоқсанының аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдарында 108 мектеп салынған.
Бесінші міндет – шағын және орта бизнесті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аясында 2017 жылы 20 шағын және орта бизнес жобасы, оның ішінде Қостанай және Алматы облыстарындағы 2 индустриялық аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
2017 жылдың қорытындысы бойынша, жеткіліксіз инфрақұрылымды жеткізуге бағытталған 1 теңге бюджет қаражаты жеке сектордан 28 теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Инвестицияның жалпы көлемі 410 млрд теңгені құрады.
Алтыншы бағыт – халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларды қоса қаржыландыру аясында 2017 жылы Халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестік туралы негіздемелік келісім шеңберінде муниципалды жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді инновацияларды ынталандыруға, жұмыс дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын құруға, суару және дренаж жүйелерін жетілдіруге бағытталған 15 жобаны бірлесіп қаржыландыруға қаражат бөлінген. 2017 жылы келісімдер ратификацияланып және жалпы сомасы 366,4 млн АҚШ долларын құрайтын екі үкіметтік несие жобасы іске қосылды, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылған қаражат 320 млн АҚШ долларын құрады. Бұдан өзге, мемлекеттік кепілдік беру арқылы жүзеге асырылатын екі жобаны іске асыру басталды.
Айтқандай, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға барлығы 75 мың адам тартылған және пайдаланылған отандық жол-құрылыс материалдарының үлесі 93 пайызды құраған.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл күшейді
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – Қазақстанда 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы. Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Нұрғали Білісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты діни экстремизм көріністерін ескерту және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Жобаны әзірлеу кезінде 2013-2017 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің талдау деректері, экстремизм мен терроризм қаупін тудыратын жағдайлар мен факторлардың талдауы, халықаралық озық тәжірибе, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-ның және қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары ескерілген.
2013 жылдан бастап елімізде діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен жағдайларын жою және атаулы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде 202 комиссия жұмыс істейді.
Мәлімделгендей, аталған бағытта жалпы саны 8,1 млн-нан астам адам қамтылған 96,6 мыңнан астам шара өткізілген. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 755 «жихадшы» қалыпты жолға көшірілген. Дайындық жұмыстарының бастапқы кезеңінде 38 террорлық сипаттағы зорлық-зомбылық экстремистік науқандарының іске асырылуына жол берілмеген. Шетелде күдікті діни білім беру мекемелерінен 384 студент елге қайтарылған.
Аталған мәселеге қатысты Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те сөз сөйледі. Оның айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының талаптарына сәйкес Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуының тиімділігіне бағалау жүргізілді. Бағалау 4 критерий бойынша жүргізілді. Мәселен нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі, іс-шараларды орындау толықтығы, бюджет қаражатын игеру деңгейі, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, бюджет қаражатын игеру деңгейі 95,8 пайызды құраған. «Нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау сапасы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап индикаторлар мен көрсеткіштердің мәндері, іс-шараларды орындау мерзімдері түзетілмегенін атап өтемін», деді Т.Сүлейменов.
Талқылау нәтижесінде 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы мақұлданды.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»