Қазақстан • 07 Наурыз, 2018

Мерген қыздар

1077 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы ішкі істер органдарында қызмет ететін қыз-келіншектер арасында ұйымдастырылған «Мер­ген қыздар» сайысына ішкі істер департаменті басқар­маларынан 26 қыз­меткер қатыстырылды. Оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылған сайыста нәзік жандылар өз біліктілігін сынға салды.

Мерген қыздар

Саптағы нәзік жандылардың мергендігін шыңдау бағы­тын­дағы сайыс жыл сайын ұйы­м­дастырылып келеді. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері айына екі рет тапаншадан ату­дың даярлық сабағынан өтіп, жаттығып, тәжірибелерін шың­дап тұрады.

– Департамент басшылығы тарапынан әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл сайыс біздер үшін. Ішкі істер органында қызмет атқаратын болғандықтан, қандай тәуекелге де дайын болуымыз керек. Бірінші рет қолымызға қару ұстап тұрған жоқпыз, яғни бізге қолға қару алу үйреншікті жағдай. Сайыста «мерген қыз» атануға әрқайсымыз тырысудамыз, – дейді ІІД штаб басқармасының бөлімше бастығы, полиция ма-йо­ры Ақмарал Көкенова. Бас­шы­лықтың айтуынша, ату даяр­­лық сабағында көрсе­тіл­ген жат­ты­ғуларды әйел қыз­мет­кер­лер тез меңгеріп алады екен. Өйт­кені олардың сау­сақ­тары басу шү­ріппесіне өте икемді. Макаров тапаншасы бойынша статикалық және такти­калық екі жаттығудан өткен сайыста жеңімпаз коман­далар мен жеке мергендер анық­талды. Мер­ген арулар департамент бас­шылығының марапатына ие болды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы