Көктем шыға достық пейілмен көрші Талас облысының делегаттары да Жамбыл жеріне келді. Меймандарды «Айша бибі» кеден бекетінен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай бастаған азаматтар күтіп алды. Қырғыз ағайынға деген ыстық пейілін айтыскер ақын Ернұр Бейсенов жыр арқылы білдіріп, арнау айтты. Бұдан кейін салтанат Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі «Достық» үйінде жалғасын тауып, қырғыздарға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған жамбылдықтар құрмет көрсетті. Бұл жерде түрлі ұлт өкілдері өздерінің домбыра, дойра, тар, чанго, қомыз сынды ұлттық аспаптарымен өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін көтерді. Ал осындағы халқымыздың ұлттық ойындары, қолөнер шеберлерінің туындылары және өзге ұлт өкілдері салған картиналар айырқалпақты ағайынның таңданысын тудырды.
Қос облыс арасындағы достық мерейтойы «Рахмет саған, туған ел!» атты көркемөнерпаздар концертіне ұласты. Сонымен қатар көпшілікке қазақ халқының дархан пейілін танытатын деректі фильм көрсетілді. Мұнда тарихи сәттер бейнеленумен қатар, өткен ғасырдың басында бір жарым миллион өзге ұлт өкілдерінің қазақ даласын паналап келген сәті көрсетілді. Бұдан кейін келген қонақтарға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сәлемін жеткізіп, Жамбыл Жабаев бейнесі бейнеленген кілемшені сыйға тартты.
Өз кезегінде Талас облысы губернаторының орынбасары Азият Жарқынәлиева, Талас өлкелік телеарнасының директоры Ермек Үмбетов, Талас облыстық музыкалық драма театрының директоры Қуан Естебеков сөз алып, жамбылдықтарға деген жылы лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ әулиеаталықтарға қырғыз халқының мақтанышы «Манас» кітабын сыйға тартты.
Салтанатты шара барысында Жамбыл өңірінің сахна шеберлері әсем әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала би биледі.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы