Медицина • 07 Наурыз, 2018

«ВИЧ» жұқпасы: үрей мен үкім

1589 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамдағы дұшпаныңа да тілемейтін аурудың бірі – адамның иммун тапшылығы вирусы, яғни «ВИЧ» жұқпасы. Бұрын бұл сырқат көбіне есірткіқұмарлар мен жезөкшелерде кездессе, қазір ол адам талғамайтын болған. Дауасы жоқ дертті жұқтырғандардың қатарында жұмысшылар да, балалар да, жүкті әйелдер де, тіпті, шенеуніктер де бар.

«ВИЧ» жұқпасы: үрей мен үкім

Адамның иммунитеті кез кел­ген ауруға қарсы тұрып, оны же­ңуге қабілетті. Ал иммуни­тет­тің өзін жоятын сырқат адамзат үшін ең қауіпті дерт болып саналады. АИТВ (ВИЧ) – дәл сондай қау­іпті вирус. Ол асқына келе иммун тапшылығы синдромына әкеліп (ЖИТС/СПИД), оның соңы өліммен аяқталады.

«Ғасыр дерті» атанған бұл ви­рус адамзатқа қайдан келді? Кей­бір зерттеушілер сырқат маймылдан таралды десе, енді біреулер бұл қолдан жасалған биологиялық қа­ру деген пікірді алға тартады. АИТВ жұқпасына қарсы дауа­ның әлі күнге дейін табылмай отыр­ғаны оның шынымен де адам­ның қолынан жасалған қару де­ген күмәнді қоюлата түседі. Олай дейтініміз, әлемде талай ауру­дың шипасын айна-қатесіз тап­қан небір ғалым-дәрігерлер бар. Өз саласының мықтылары са­налатын олар әлі күнге дейін «ВИЧ-ке» қарсы дәрі таба алма­уы ақылға қоныңқырамайды. Соған қарағанда бұл да бір дәрі-дәр­мекті сатудан пайда табатын бизнестің бір көлеңкелі тұ­сы емес пе деген күдік туындайды. Ғаламтордағы кей­бір мәліметтерде бұл жұқпа био­ло­гиялық қаруды тапсырыспен жа­сайтын орталықтардың ісі еке­ні, ол алдымен нашақорларға жа­сырын салынғаны туралы айты­лады...

Не десек те, әзірше адамның ағзасын иммун тапшылығына ұшы­рататын дерттің дауасы та­был­май тұр. Қазақстанда АИТВ жұқ­пасы алғаш рет 1987 жы­лы тіркелген. 2016 жылы бұл дерт­ті жұқтырғандардың саны елі­міз бойынша 2723-ті құраған. Олар­дың 62,7 пайызы – 30-49 жас аралығындағы азаматтар бол­са, 1575-і – еркектер, 1148-і – әйел­дер. Мамандар соңғы жылдары бұл сырқаттың жыныстық жолмен берілу үлесі артып отырғанын айтады.

Жалпы, АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып жүр. Соған қарамастан осы сырқатқа шал­дыққандардың қатары жыл санап артып келеді. Басты себе­бі, көпшілік бұл вирус туралы естігенде, «оның маған қаты­сы жоқ» деген көзқараспен қарай­ды да, оған онша мән бермейді екен. Шынтуайтында, жыл сай­ын көбейіп келе жатқан АИТВ жұқ­па­сынан ешкім де сақтан­ды­рыл­ма­ған. Сондықтан әр адам өзін жә­не жақын туыстарын, достарын ғасыр індетінен қорғағысы келсе, АИТВ туралы біле жүргені артық бол­майды. Одан сақтану жолдары да қарапайым. Саламатты өмір салтын сақтап, бей-берекет жы­ныстық қатынастан бойды аулақ ұс­таған жөн, дейді Астана қа­ла­сы ЖИТС-ке қарсы күрес ор­та­лығының мамандары. Со­н-
дай-ақ біреудің қолданған шприцін, қы­рынуға арналған заттарын қол­данбау керек. Татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде инелердің залалсыздандырылуына да айрықша мән берген абзал. Тіпті тіс емдетуге бар­ғанда да құрал-саймандардың тазалығын қадағалаған жөн.

Жақында АИТВ жұқпасының биз­неске әсері туралы арнайы жи­ын өткізген Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы ви­русты жұқтырған адамдар елі­міз­­де тегін емделетінін әрі олар­дың құқы қай жағынан да шек­тел­мейтінін айтты.

Алайда, «ВИЧ» деген атауды ес­тіген сәтте адамның бойын үрей би­лейтіні анық. Тіпті бұл өлімнің үкіміндей естіледі. Әрине, бұл дерттің дауасы жоқ. Ол жазылмайды. Бірақ АИТВ жұқпасын жұқ­тырған алғашқы кезеңде, яғни ауру ЖИТС (СПИД) синдро­мына жет­пей тұрып, оны асқындырмай, тұ­рақ­ты ұстап тұруға мүмкіндік бар. Адам өзін-өзі күтсе, имму­ни­­тетін қорғай білсе, АИТВ жұқ­пасымен ұзақ өмір сүруге болады. Орталықтың бас дәрігері Сәбит Әбдірайымовтың айтуынша, ағзадағы вирустың көбеюін бәсеңдететін антиретровирустық пре­параттарды уақтылы үзбей қа­былдаған науқас биоло­гия­лық қарттық жасына дейін өмір сү­ре алады екен. Олар да білім алып, қызмет атқарып, тіптен ана атанып, сау балаларды дүниеге әкеле алады.

– Соңғы он жыл ішінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өлім-жітімі 2,6 есеге азайды, ал ана­дан балаға берілу жағдайы 4 есеге төмендеді, АИТВ-ға тес­ті­леу­­мен қамту 2,5 есеге өсті, әрбір ал­тыншы тұрғын өзінің АИТВ-аху­алы туралы біледі. Жыл сайын Астана қаласы тұрғындарының 30 пайызы АИТВ-ға тестілеуден өте­­ді. Бұл үрдістер Үкіметтің АИТВ-ның таралуын болдырмау жө­ніндегі іс-әрекетінің ти­­ім­­ді­лі­гін көрсетеді, – дейді С.Әбді­ра­й­ы­мов.

Сондай-ақ жиында АИТВ жұқ­­пасы бар адамдарды жұ­мыс­тан шығаруға, жұмысқа қа­был­дау­дан бас тартуға және бас­қа да құқықтарын бұзуға жол беріл­мей­тіні айтылды. Дегенмен де, жа­зылмайтын дертпен өмір сүру кез келген адамға оңай емес. Сон­дықтан әркім өз денсаулығына ұқыптылықпен қарап, дұрыс жүріп, саламаттылықпен өмір сүргені абзал.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»