Қазақстан • 07 Наурыз, 2018

Кәсіпкерлерге шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша гранттар бөлінеді

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Президенттің бес әлеуметтік бастамаларын» іске асыру аясында шағын несиелендіруді кеңейту тетіктері туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтып берді.

Кәсіпкерлерге шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша гранттар бөлінеді

Брифинг барысында тілшілер кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге жаңа шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша гранттар бөліне ме соны сұрады. Вице-министр айтып өткендей, 2017 жылы Қазақстанда пилоттық режимде бірқатар өңірлерде өзінің шағын кәсібін ашқысы келгендерге гранттар бөлу тетіктері сынақтан өткізілді. Мемлекет бұл мақсаттарға 30 млн жуық теңге бөлді.

250 мың теңге грант сомасына, мысалға үй шаруасындағы әйел тігін машинасын сатып алып, үйінде қандай да бір бұйымдарды тігуді бастай алады. Немесе электрмен дәнекерлеуші қысқа мерзімді курстарда оқығаннан кейін осындай грант арқылы дәнекерлеу аппаратын сатып алып, өзінің шағын кәсібін бастай алады. 

Жалпы, вице-министрдің айтуынша, мемлекет бөлетін шағын несие сомасы 2017 жылы 0-ден 19 млн-ға дейін теңгені құрады.

«Орта есеппен алғанда бұл сома қала немесе ауылға байланысты 5-6 млн теңге шегінде ауытқиды. Оған қоса, мемлекет жаңадан бастаған кәсіпкерлерге несие сомасынан 85%-ға кепілдік береді. Шағын несиелер ниет білдіргендерге «Бизнес Бастау» бағдарламасы немесе басқа да бағдарламалар бойынша оқығандығы туралы сертификат болған жағдайда берілетінін айта кеткен жөн. ШОБ-пен айналысатын, шаруа қожалықтарына, фермерлерге шағын несиелер жаңа жұмыс орындарын ашатын болса беріледі», — деді Нұржан Әлтаев.

Еске салсақ, 5 наурызда ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жариялаған болатын. Төртінші бастама шағын несиелендіруді кеңейтуді қарастырады.