Әлем • 07 Наурыз, 2018

Бар жақсылық – балаларға

1038 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызының құттықтау хатын алды. Алғыс айту күнімен құттықтаған лебізді мерекелік шарада облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова оқып берді.

Бар жақсылық – балаларға

Фото: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ

Еліміздің бірінші ханымы және барлық балалардың анасы Сара Алпысқызының: «Өмір сүріңіздер, жақсы көріңіздер, кеші­рім­ді болыңыздар. Жүректеріңізден сенім, үміт, махаббат өшпесін. Сіздерге бақыт, ден­сау­лық тілеймін», деген ізгі тілегі атырау­лық балаларға қуаныш сыйлады.

«Шаңырақтағы» алты отбасында 59 бала бар. Олар балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваны «Үлкен мама» деп атайды. Тіліне, дініне бөлінбей, бір үй­де тату-тәтті өмір сүріп жатқан балалар өнерге де жақын. Түрлі үйірмелерге қа­т­ы­сып, шы­ғар­­машылықтарын шыңдап жүр. Арал­арын­да жас актерлер де бар. Об­­лыс әкім­ді­гінің қол­дауымен дін істе­рі бас­­қармасы «Ақ­па­­рат­тық-талдау орта­лы­ғы­­ның» тап­сырысы не­­гізінде түсірілген «Ама­нат» фи­льмінде осы балалар үйінің тәр­би­е­ле­ну­ші­л­ері Руслан Джаббаров, Бекзат Се­рік­қали, Нұрдәулет Шудабай басты рөлдерді ойнады. Мерекеге орай оларға да алғыс хаттар табысталды.

Әрине әр бала өз отбасында, ата-анасы­ның аялы алақанында өскені жақсы. Бірақ өмір­де әрқилы тағдыр бар. Балалар ауылын ме­кендейтін балғындар қашанда мемлекет қам­қорлығында. Үлкен жүректі азаматтар мен өңірдегі мекемелер, кәсіпорындар да қай­ырымдылық жасаудан тыс қалып көрген емес. Облыстық кәмелетке толмағандардың іс­тері жөніндегі мамандандырылған аудан­ара­лық сотының төрағасы Айгүл Тәшенова, судьялар Нағима Ысқақова, Ғизатолла Отар­ұлы, Сәния Айдарбаева, Атырау қалалалық соты­ның судьялары Лаура Лұқпанова, Меди­на Серікбаева, Әйгерім Қаршыға се­кіл­ді абзал жандар Алғыс айту күніне ар­налған шараға арнайы келіп, балаларға сый­лықтар табыстады. «Барбанг» күрд этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Әли Сеидов пен «Еділ-Жайық» қарақалпақ этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынба­са­ры Жеткербай Пішенбай, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Жастар қанатының төр­ағасы Алексей Ишин, «Жастар ресурстық ор­та­лығы» басшысының орынбасары Айдана Ба­ла­шевалар да балаларға базарлықтарын ала келді. Еріктілер тобы концерттік бағдарлама қойды.

– Мұндай шаралар балаларға мереке сый­лайды, – дейді Гүлсара Ботатаева. – «Үйі­міз­ге қонақ келеді» деп балалар алдын ала дайындалады. Кішкене кездерінен осы тәр­би­ені алып өскеннен кейін оларға қоғамға бейім­делу, жетістіктерге жету қиынға соқ­пай­ды. Түрлі байқауларда жеңімпаз атанған мақ­таныштарымыз бар. Балалар ауылының қа­бырғасынан кетсе де, өмірден өз орындарын тауып, елге пайдасын тигізіп жүрген жас­тарды үлгі етіп отырамыз. Балалар ауы­лы және жасөспірімдер үйіне облыс әкімі Нұр­­лан Ноғаев та жиі келеді. Бұл жерде ба­қытты балалық шақты қамтамасыз етуге қа­жет жағдайдың бәрі жасалған. Биыл жаңа ғимараттың құрылысы басталады деген қуанышты жаңалығымыз бар.

«Қуантсаң, баланы қуант» деген осы. Өзде­ріне жасалған жақсылыққа әдемі киім­де­рін киіп, дөңгелене билеп, шаттана ән шыр­қап алғыс айтқан балғындарға қарап оты­рып, осылай ойлайсың. Тағдыр түрлі болса да, баланың бәрі бақытты, өйткені оларды ая­лай­тын ел бар, жаны ізгі жақсылар бар.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ