Білім • 07 Наурыз, 2018

Мұғалім де, оқушы да қат болып тұр...

931 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл облыста жергілікті жоғары оқу орындарында оқығысы келетін түлектерге 200 грант бөлінді. Мектеп түлектерін ҰБТ-ға қатысуға ынталандыру үшін гранттардың 65-і педагогикалық, 100-і медициналық және 35-і инженерлік-техникалық мамандықтарға арналған.

Мұғалім де, оқушы да қат болып тұр...

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазір бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Грант тағайындау конкурсында әлеуметтік жағдайы төмен және арнайы топтағы жастар, ауыл мектебін бітіргендер, мүмкіндігі шектеулі жастардың да мүддесі ескерілген. Сондай-ақ мектептерде кең жолақты интернет жылдамдығын арттыруға 184,4 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір өңірдегі балабақшаларға баратын балаларды қабылдауды жедел жүзеге асыру, 1-сыныпқа келетін оқушыларды электронды жүйе бойынша тіркеу, бірыңғай ақпараттық жүйе, цифрлы білім беру контентін енгізу сияқты жаңашылдықтар жүргізілуде. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет барысындағы жұмыстардағы жеделдік, жаңартылған ұлттық білім беру мәліметтер базасын жасау, ұстаздардың бос орны туралы T-hunter мамандандырылған жүйесі, Smart-мектеп, заманауи электронды Teacher office, жедел ақпараттық жүйе және әкімшілік-шаруашылық қызметті жоспарлау сияқты 10 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, ата-аналар онлайн режімінде өтініштерін жолдап, балаларының оқу үлгерімін бақылай алады. Ұлттық білім беру мәліметтер базасында әрбір мектеп бойынша дерек қоры жинақталады. Жоспарланған жобаларды тиісті техникалық жабдықтарсыз жүзеге асыру мүмкін емес.

Бәрі де жақсы-ақ. Бірақ ауыл, аудан орталықтарындағы мектептерде оқушы саны азаюда, керісінше, мұғалім саны көп. Ауылдағы мектепте оқушы жоқ болса, мұғалім кімге сабақ бермек? Ойланарлық мәселе. Жыл сайын облыс орталығындағы педа­го­гикалық колледж бен университет бі­тірген түлектердің ауыл, қалалар­дағы мектептерге орналасуы жайында жүргізілетін нақты мәліметтер сызбасы жасалуы қажет. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жүзеге асырылған 2009-2015 жылдарда облыс мектептеріне 2770 мұғалім келді. Олар қазір қызмет етіп жүр ме?..

– Математика мен ағылшын тілі пәндері бойынша жағдай белгілі, – дейді облыс әкімі Б.Бақауов. – Кез келген адамның бұл мамандықты алып кетуге мүмкіндігі жетпейді. Ал бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспейтіні түсініксіз. Биыл бастауыш сынып бойынша – 63, математика бойынша – 57 және ағылшын тілінен 50 педагог жетіспейді.

Бұл ретте облыс орталығындағы бастауыш сынып мұғалімдерін даяр­лайтын Б.Ахметов атындағы колледж бен педагогикалық университет басшылығы пән мұғалімдерінің жетіспеуіне талдау жасау керек шығар. Білім басқармасының мә­лі­ме­тінше, қазір облыста 29 мектепті оң­тайландыру күтіп тұр. Олардың 11-ін жабу, оқушылар саны 5 балаға жетпейтін 15 мектепті жабу, 18-ін қай­та құру да ұсынылды. Облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Бексейітова былтыр ауылдардағы 25 мектеп директорының орны бос тұрғанын, мысалы, Жас­қай­рат, Тегістік ауыл­дарында, Шар­бақты ауданының Ше­гірен, Во­ло­дарская, Назаровская, Успен ау­данының Қаратай, Кова­левская және Май ауданының Ма­лайсары, Абай мектептерінде директорлар тағайындалмағанын және бұл орындар ұзақ мерзімде бос тұрғанын жеткізді. Мұғалім бар. Бірақ аталған мектептерде бала саны өте аз. Облыста ауылда да, қалада да үш ауысымды мектеп мәселесі мүлде жоқ, өйткені ауылдарда бала саны азайып барады, әр сыныпта 5-6 оқушы, бірді-екілі мұғаліммен қалған. Оқу бітіріп келген жас мұғалима еріксіз қалаға қайтары сөзсіз.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, өңірде 96 мыңнан астам оқушы 387 мектепте білім алуда, ал оның 251-і шағын мектептер. Ауыл әкімдері шағын мектептерді сақтап қалуды өтінеді. Қазіргі мәселе – шалғай ауыл­дардан қатынап оқитын балаларды мектепке жеткізу, 20 шақты оқушысы қалған шағын жабдықталған бастауыш сыныптары бар мектептерді сақтау мен мұғалімдердің еңбекақысын төлеу жайы.

Білім басқармасының мәліметінше, бала санының жетіспеуіне байланысты 13 бастауыш сынып, 2 негізгі мектеп және Шалдай мектеп-интернаты жабылды. Өңірде 251 шағын кешенді мектепте бар-жоғы 16 мың­нан астам оқушы білім алады. Мысалы, Екібастұз қала­сының Құрылысшы ауыл­ын­-
дағы мектепте 2 оқу­шы оқып, 9 адам жұмыс іс­тесе, Ақсу қаласының Төрт­құдық ауылындағы ша­ғын орталықта 3 бала ға­на қалғаны анықталған. Сапа­лы білім, жаһандық жаңа­шы­лдық туралы айтудың өзі мұң. Шағын мектептер оқушыларын жинап аудан орталықтарында интернат ашу мәселесі әлі күнге дейін кідіріп тұр. Былтыр өңірдегі аудан орталығы Ақтоғайда ашылған білім берудің жаңа­шыл үрдістеріне сай жаб­дық­талған, жарқыраған, барлық жағдайы жасалған интернатқа бар-жоғы 9 оқушы ғана келіпті. Шал­ғай ауылдарда тұратын ата-аналар балаларын ин­тернатқа бергілері келме­ген. Ауыл баласының ша­ғын мектептегі білім дең­гейі төмен. Ауыл, аудан әкім­діктері шағын мектептер жа­б­ылмаудың орнына, бала­лар­дың дұрыс білім алуына қолдау жасап, бос қалған ауылдарына оңтүстіктен ел көшірудің тиімді жолдарын ойластырғандары жөн сияқты.

Екібастұз қаласы мен қала ау­ма­ғын­дағы ауылдар 129 ұстазға мұқтаж. Бас­­қа да мысалдар жеткілікті. Елі­мізде қабылданған «Дип­ло­ммен – ауыл­­ға!» бағ­­дар­­ла­­ма­сының қалай жүзеге асып жат­қаны осы мысалдан кө­рі­неді. Оқу бітірген мамандар дайын үй мен әкімдіктер ұсын­ған жеңілдіктер болса ғана ауылға барады.

Екіншіден, өңірдегі мектептерді бітіретін түлек­терді ҰБТ-ға қатысуға ынталандыру қажет. Аудан-қала әкімдеріне мектеп түлектерін ҰБТ-ға қатыстыру керектігі үнемі ескертіледі. Өйткені жыл сайын мектеп бітірер кезде ҰБТ-ға қатыспайтын өңір түлектері алыс және ж­а­қын шетелдерге оқуға атта­­нады. Былтыр 11-сынып­ты бітіретін өңірдегі 3738 оқу­шының 2676-сы немесе 71,5 пайызы ғана тестілеуге қатысқан. Негізі, ҰБТ-ны тек қана еліміздің жоғары оқу орын­дарына түскісі келетін тү­лек­тер ғана тапсыруға мін­детті делінеді. Мысалы, Ус­пен ауданында былтыр мек­теп бітірген түлектердің 52 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысқан. Аудан Ресеймен ше­каралас болғандықтан, мек­теп бітірушілер сол жақ­қа жол тартатын көрінеді. Об­лыстағы білім беру сала­сына бөлінген қаражат 61,6 млрд теңгені құрайды. Өңір­де орта білім мазмұнын жаңарту аясында «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымына қ­а­расты педагогикалық ше­берлік орталығында 2 мың­дай мұғалім дайындық курсы­нан өтті. Мұғалімдерге әрб­ір санат үшін мемлекет тарапынан еңбекақыны арттыру мақсатындағы қар­жы­ландыру қарастырылуда. Санатқа лайық болу үшін атестаттаудан өткізу барысында портфолия түрінде том-том қағаз жинайтын. Енді жаңа тех­нология нәтижесінде ұстаз­дар жеке куәлігінің кө­шір­месі мен өтінішін берсе жеткілікті. Ақпаратты ұлт­тық мәліметтер білім бе­рудің базасынан алады. Бұл қа­ғаз­бастылықтан арылта­ды. Жазғы уақытта бас­тау­­ыш сынып, қазақ тілі ж­ә­­не ағылшын тілі, физи­ка, математика, биология, хи­мия, информатика, гео­гра­­фия, Қазақстан тарихы және дүние жүзі тарихы пәндерінің мұғалімдері бі­лік­­тілігін арттырды. Бі­рақ, оның нәтижесі бай­қал­мауда. Осы ретте об­лыс әкімі мектеп­тегі мұ­ға­лімдер іздеуді және оң­тү­с­тіктен келетін қоныс ау­дарушылардың отбасыл­а­ры арқылы мектептегі бала са­нын толтыру және оларға жағ­дай жасау бастамасын же­дел қолға алуды тапсырды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы