– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында мемлекетіміздің одан әрі дамуына, әлемнің озық 30 елінің қатарынан көрінуіне жол ашатын міндеттерге баса мән беріліп, еліміздің дамуын тежейтін кедергілерді жою мәселелері де қарастырылған. Сол кедергілердің бірі, қоғам дерті – сыбайлас жемқорлық. Жолдауда осы індеттің алдын алуға бағытталған күрестің жалғастырылатыны атап көрсетілді. Мұны тек мемлекеттік органдарға ғана емес, еліміздің әр азаматына берілген тапсырма деп түсінгеніміз жөн. Себебі қоғамымыздың таза, ашық болуына, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне барлығымыз бірдей жауаптымыз.
Елбасымыз айтқандай, бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. 2014 жылдың соңында Елбасының ұйытқы болуымен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия бекітілді, ал 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң қабылданды. Сол уақыттан бастап елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың түбегейлі жаңа үлгісі жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, негізгі басымдық алдын алу шараларына, оның ішінде, жемқорлық көріністерін жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оны жоюға, екіншіден, құқықтық сауаттандыру шараларына, халықтың барлық әлеуметтік топтарына арналған оқыту, түсіндіру жұмыстарына, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға берілуде. Яғни жемқорлықтың салдарымен емес, оның бастапқы себептерімен күреске баса назар аударудамыз.
– Бұл бағытта қолға алынған шаруалардың орындалу барысы, сонымен қатар бұл іске деген бүгінгі қоғамның көзқарасы туралы айтып өтсеңіз.
– Осы мақсатта арнайы дыбыстық құрылғыларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәселесі түсіндірілетін арнайы аудиороликтер таратылып, кинотеатрлардың күту залында, LED-экрандарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, емханаларда, жоғары оқу орындарында, сауда үйлерінде және басқа да әлеуметтік нысандарда орналасқан теледидарлар арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырған әрі құндылықтар жүйесін нығайтуға бағытталған бейнероликтер халық назарына ұсынылуда.
Білім ошақтарында «Адал ұрпақ» клубтарының жұмысы жанданып, жо-ғары оқу орындарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы омбудсмен» жобасы іске асырылуда. Театрларда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған қойылымдар қойылды.
Облысымыздың барлық аудан, қалаларында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтар да белсенділік танытып, өткен жылы 300-ден астам түсіндіру жұмыстары жүргізілді, қалалар мен аудандарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Есіктен есікке» жобасы да іске асырылды. Этномәдени, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар да белсенділік танытып, халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыруға өз үлестерін қосуда.
Көп жағдайда, осындай алдын алу шараларын өткізу барысында, сыбайлас жемқорлық дегеніміз не деп сұрағанда, қатысушылардың көбісі пара алу немесе пара беру деп жауап қайтарып жатады және мұндай жағдай тек қана мемлекеттік қызметшілер арасында кездеседі, бұл тек мемлекеттік қызметшілерге тән деген де уәждер айтылып жатады.
– Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі заң бұзушылыққа барған мемлекеттік қызметшілер туралы хабар-ошар көбейіп кеткендей көрінеді. Ал шындығында қалай?
– Иә, кейде қызметтік дәрежесін жеке мақсатта пайдаланғандығы үшін мемлекеттік қызметшілер әшкереленді дегенді естіп жатамыз. Осыны естіген кейбір адамдар жіберілген қателіктерді, кемшілікті түзетуге емес, керісінше бүкіл мемлекеттік қызмет жүйесін жамандауға дайын тұрады. Жалпы, мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты сын айтылып жатады ғой. Дегенмен облыста 7000-ға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етсе, олардың ішінде бірен-сараны ғана жемқорлық әрекеттеріне барып жатады. Ал бір адамның жіберген қателігін көре отырып, жалпы мемлекеттік қызметшілердің жұмысына баға беру дұрыс емес деп санаймын және кей жағдайда бұған итермелейтін азаматтарымыздың өзі де екендігін айта кету керек.
Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары қолданыстағы заң нормасына сәйкес жемқорлыққа қарсы мониторинг жасауды қамтиды. Осындай мониторинг 2017 жылдың қорытындысы бойынша жасалып, облысымызда сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 93 адамның сотталғандығы анықталды.
Оның ішінде 43-і лауазымды тұлға, ал қалған 49-ы жеке және заңды тұлға. Яғни жауапкершілікке тартылғандардың 53 пайызы мемлекеттік қызметке мүлдем қатысы жоқ облысымыздың тұрғындары. Бұл жерде, әрине, мемлекеттік қызметші кінәлі емес деп айтпаймын. Бірақ та мұндай жағдайдың пайда болуына барлығымыз бірдей жауаптымыз деп ойлаймын.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары нақты жемісін қаншалықты беруде деп ойлайсыз?
– Біз өз тарапымыздан өткізілген барлық шараларда жемқорлықпен келген табыстың құт болмайтындығы және адамның бойында бар жақсы қасиеттерді жоғалтып алмау аса маңызды екендігін үнемі айтудамыз. Себебі ұры ұрлық жасауын қойса да, «ұры» атауы оның қыр соңынан қалмайды деген сөз бар. Өмірде бір рет аңдамай басып, қателікке жол берілсе, ол өмір бойы алдыңнан шығады да тұрады.
Жалпы, өткен жылы халықтың бүкіл әлеуметтік топтарына арнап 800-ге жуық түсіндіру, оқыту шараларын өткіздік. Мұндай шаралар республика деңгейінде де көптеп өткізілуде. Бұл, әрине өзінің нәтижесін беруде. Мысалы, 31 қаңтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте прогресті бағалайтын 9 рейтингтік агенттіктердің бірі – Әлемдік сот төрелігі жобасы есебін жариялаған болатын.
Жоғарыда айтылғандай, соңғы жылдары Қазақстан бірінші кезекте сыбайлас жемқорлықтың пайда болуының себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты ұстанып келеді. Осы ұстаным, яғни басымдықтың жазалаудан алдын алу шараларына ығысуы халықаралық рейтингтік агенттіктердің оң бағасын алып отыр. Мысалы, әлемдік сот төрелігі жобасының бағалауы бойынша Қазақстан 0,51 ұпай жинап, 2016 жылғы нәтижелермен (73) салыстырғанда
9 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің арасында 64-орынға табан тіреді. Мұндай нәтижелерге қол жеткізудің негізгі факторларының бірі – «Сыбайлас жемқорлықтың болмауы» индикаторы бойынша көрсеткіштің 2016 жылмен (0,43) салыстырғанда 0,02 ұпайға өсуі (0,45) деп нық сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»