Бұл сұмдық оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы Шұбарсу ауылында болды. Бұл ауыл кезінде Шымкент қаласы тұрғындарының саяжайы болатын. Сонау бір толқынмен Өзбекстаннан келген ағайын осындағы арзан саяжайларды сатып алып, үлкен ауылға айналдырып жіберген еді. Әбді Қожықов та осы топпен Өзбекстаннан көшіп келіп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан. Оның жалғыз ұлы жиырма сегіз жастағы Жандарбек кейінгі жылдары күрт өзгеріпті. Есірткі тартады-ау деп шамалайды әкесі. Өз-өзімен жүрген соң жалғыз баласын полицияға қайдан ұстап берсін. Қояр деген үміті болды. Темекі шеккен Жандарбек түнде далаға шығуға қорқады екен. Күніне намазын қаза қылмай оқып, сосын ұйықтай беретін болған.
Қанды оқиға болатын күні себеп болатындай ұрыс-керіс болмаған. Келіні дәрі керек деген соң Әбді ақсақал оны дәріханаға жіберіп, Жандарбекке отын әкел деп бұйырады. Сөйтсе ұлы дастархандағы пышақты іле кеткен екен. Ол әйелін қуып барып пышаққа жыққан соң, айқайды естіп үйден шешесі атып шығады. Келіні қорқырап жығылып жатқанын көрген ол ұлынан қорқып, кері қашады. Есірткі көзін тұмандатқан ессіз ұл туған шешесін де пышақтап тастайды. Қанды қырғынның үстінен түскен әкесіне көзі қызарған ұл «сіз де өлесіз, мен де өлемін» деп пышағын жалаңдатып тұра ұмтылады. Әбді ақсақал елірген баланың қолын қайырып, пышағын алады да, айқайлап көршісін шақырады.
Осылайша, айналдырған бес-алты минуттың ішінде бір отбасының шаңырағы ортасына түскен. Келіні алты ай бұрын босанған еді. Жетім қалған нәрестені қыздың әке-шешесі келіп алып кетіпті.
Отбасы бір күнде ойрандалған Әбді Қожықов баласын ақтарға сөз таппай отыр. «Жүз жылға кесілсе де өкінбеймін» дейді. Бірақ бір нәрсенің байыбына барғысы келеді. Әшейінде момын баласына есірткі әкеп беріп, сатып жүрген кім?! Өйткені есірткіге еліккен осы ауылдың бір тұрғыны баласын пышақтап тастаған екен. Яғни адамды ақыл-естен айыратын анашаны сатып, пайда тауып жүрген қаскүнемдер бар. «Соларды тауып, жазаласа», дейді жүрегі қан жылаған бейбақ әке.
Бүгінде бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы