Фото: Айбатыр НҰРАШ
Бұдан бөлек, әлеуметтік саланың негізгі жүгі де нәзік жыныстылардың иығында десек болады. Өңірдегі білім мен денсаулық сақтау саласында тиісінше 17 және 8,5 мың әйел адам жұмыс істеп жүр. Тіпті қорғаныс саласында да 127 әйел оқалы киім киіп, әскери тәртіпке бағынған. Ал облыстағы 48 мың кәсіпкерлік нысанның тең жартысына жуығын да бизнес-ледилер басқарып отыр екен.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Орал қаласындағы Достық үйінде өткен салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан зейнеткер аналармен, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектермен кездесіп, оларды көктем мерекесімен құттықтады.
Жиында сөз алған ақын Ақұштап Бақтыгереева, еңбек ардагері Роза Кужекова, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, «Гидроприбор» АҚ инженер-конструкторы Татьяна Пономарева, «ПМК-117» ЖШС директоры Ольга Попова және басқалар сөз алып, елімізде және облыста атқарылып жатқан игі істер туралы, қоғамдағы әйел анаға жасалып жатқан мемлекет қолдауы жайлы айтып, алғыс білдірді. Белгілі айтыс ақыны Жансая Мусинаның тілегіне орай Алтай Көлгінов Орал қаласында республикалық айтыс ұйымдастыруға уәде берді. Кеш соңы концертпен жалғасты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»