Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

Нәурізектегі нәзіктік

819 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем шуағы» атты мерекелік шара өтті. 

Нәурізектегі нәзіктік

Бұл жарық тіршіліктегі екі жылуды ерекше сезінбеу мүмкін емес шығар! Бірі ерте көктем лебімен жеткен дала таңының жылуы болса, екіншісі – алпыс екі тамырын иіткен ана алақанының жылуы! Екеуі айналып келгенде бір ғана ұғым, көңілдің шуағы, өмірдің шырағы – Ұлы жаратылыс!

Бұл ойлар кешегі шуақты мерекенің шұғылалы сәтінде, атап айтсақ «Қазақстан» орталық концерт залындағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем шуағы» атты концертті тамашалап отырған сәтімізде санамызда сәулеленген.

Шаттықты шараны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ме­рейлі мерекеге арналған құт­тықтау сөзімен ашты. Онда Пре­зи­дент ел өмірінде әйелдердің ерек­ше рөл атқаратынына тоқта­лып, Қазақстандағы өскелең ұр­пақтың санасына адамгершілік құн­дылықтарды сіңірудің қажет­тілігін айтты.

 – Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «ұл туса ұрпағым өседі, қыз туса ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең-бай­тақ Ұлы Даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақ­ты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көре­гендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. Біздің халқымыз «да­на­лардың өзі аналардан жаралады» деп бекер айтпаған. Гендерлік саясат пен феминизм дәстүрі қазақ мәдениеті үшін ешқашан жаңалық болған емес. Дала өркениетінің негізін қалаған бабаларымыз қыздарды қадірлеуді о баста өмір салтына айналдырған. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Қазіргі жаһандану заманында қазақ қызына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек, – деді Президент.

Расымен де, Елбасы атап өт­кендей, біз ел мен жер тарихын айтқанда баһадүр баба­лар­дың ерлік істерімен бірге, сол ат үстінде арыған аруақты батыр­ларға майдан алдында дулығасын әперіп алдынан шығатын аңыз-арулардың ардақты есімдерін ұлықтап отырғанымыз жөн. Біз әсте, бабалары найзаға сүйеніп түн қат­қан, аналары найзаға сүйеніп тол­ғатқан жауынгерлігімізді сол әзиз жандармен бірге айт­қан­да ғана айбарланатынымыз­ды ұмытпағанымыз абзал. Тек­ті аналарының атын ұранға айнал­дырған ұлт та Алаштың алдына түсе қоймас. Осындайда, «Ұмай ананы ұранына қосып, «Қар­қабаттап!» қалың жауға бет қойған қайран ерлікке қайрақ болған асыл Аналар-ай!» дейсің!

Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауында «Қа­зақстан әйелдерінің бойында елі­міз­дегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға септігін тигізетін мейірімділік пен жасампаздық энергиясының сарқылмайтын көзі бар», деп атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әрбір қа­зақтың қызында дәуірдің жақ­сы­сын бойына сіңіріп, жаманын жуытпайтын ішкі сүзгі болуы керектігін тілге тиек етті.

– Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Қыздарымыздың өздерінің ұрпақ тәрбиелеушісі екенін ұмыт­пағандары ләзім. Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұ­тас ұлт та сондай болады. Сон­дықтан ар-намыс, адалдық пен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік сияқты асыл қасиеттер қазақ аруларының бо­йындағы ұлттық иммунитет іспетті, – деді Қазақстан Президенті.

Қай кезеңде болсын ана­лар­дың арқасына артылған жүк жеңіл болған емес. Ол аналар тізімінің басында «Жер әлемнің қадірменді жарты патшасымын!» деп жар салған Құрыш пат­шаға қылыш тіреген түп анамыз – Тұмар әже тұр! Оны біз қол төңкеруге ке­тіп бара жатқан Қо­быланды ба­тыр­дың тақымына Тай­бурылды тарту еткен қыз Құртқаның хикаясынан көре аламыз. Біздің бүгінде Ақ­жүністей ажарлы, Баян сұлудай бәденді перизаттардан бері келе жатқан сол ұрпақ сабақтастығы мен дәстүр жалғастығының алтын арқауы мәңгілік үзілмесе деп тілейтініміз анық.

Алаштың ару қыздары мен текті аналары ежелден ар мен намыстың нақты өлшемі, сұлулық пен сымбаттың үкілі үлгісі бола білген. Елбасы айтқандай, бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың білім алуына байланысты бүкіл салмақ аналарға түсіп отыр.

– Бала қамқорлығына қатысты негізгі міндетті өздеріңізге алып, олардың дүниетанымын қалыптастырасыздар, өзіне деген сенімін жетілдіресіздер. Сіздер өз сенімдеріңізбен, үміттеріңізбен және махаббаттарыңызбен елі­міз­дің жарқын болашағының берік негізін қалап келесіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әйел табиғатына әлемнен мысал іздер болсақ, ежелгі Спар­та әйелдері есімізге түседі. Соғыс­та шейіт болған ұлдарының мүр­делерін қалқанның үстіне салып әкеле жатқанда, сол спарта­лық зарлықтар «батыр туған екен­мін ғой!» деп масаттанады екен. Міне – Рух! Міне, қайсар­лықтың қаймағы болған қайран Ару-Азаттық!

Елбасының кешегі «Біз аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне ай­налдырған елміз. Бір заман­да бабаларымыз «әйел – ыры­сың, қыз – өрісің, келін – тыны­сың» деген. Бүгінгі сіздер ұлыс­тың ұйытқысына, ұлттың ұя­тына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі біз тәуелсіз елімізде тұрып жатырмыз. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын аналардан артық ешкім білмейді», деген сөзі де осы ойларды ордаландыра түсетіндей.

Мемлекет басшысы бір сөзінде елімізде 250 мыңға жуық ананың «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталғанына назар аударып, мемлекетіміздің қарқынды дамуына қазақстандық әйелдердің зор үлес қосқанын атап өтті. Расымен де ұлттың ұстыны аналар екені, тіршіліктің тетігі сол нәзік жандылардың еншісіне бұйырғаны шындық сөз. Сондықтан Елбасының «Жа­һан­дану жағдайында қыздарымызға тән асыл қасиеттерді сақтауымыз керек. Интернет заманында қап­таған ақпараттар легін біржола тоқ­тату мүмкін емес. Әрбір бой­жет­кеннің жақсы мен жаманды ажырата білетін ішкі сүзгісі болуы қажет», деген сөзін де қазіргі қызғалдақ бойжеткендеріміз елемей өтпеуі керек деп білеміз.

– Жаңа ұрпақтың дүниеге келуі және халқымыздың кө­беюі – мемлекетіміздің басты стра­тегиялық мақсаты. Әйелдер же­тістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ. Сіздер кәсібилік пен спорт­тың, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыздар. Қазіргі таңда үш мыңға жуық докторанттың 60 пайызы – әйел­дер. Мәжіліс депутаттарының үштен біріне жуығы қыз-келін­шектер. Жалпы, мемлекеттік қыз­меттегі әйелдердің үлес салмағы 50 пайыздан асады. Мұ­ны мемлекетті басқару ісінің тиім­ділігін арттыруға септігін тигі­зетін дұрыс үрдіс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Шынында да, сөзіміздің басында айтып кеткен батыл да батыр аналарымыздың ізін басып, ісін жалғап келе жатқан еліміздің айбынды арулары аз емес қой. Алаш үшін ат жалында жүрген айымдарымызды қалай айтпай кетерміз? Олардың да өнегелі өмір өрнектері ертең-ақ келешек ұрпақтың санасында сәуле шашары анық.

Елбасы сөзін еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын шуақты мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тілеп аяқтады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны «Алтын алқа­мен» және Астана тұрғыны Р.Ая­ғанованы «Күміс алқамен» марапаттады.

Р.S. Біз осынау көрікті жиыннан көшелі ой түйіп, көңіл көкжиегіне көш түзедік. Есімізге «Абай жолы» романындағы оқудан келе жатқан шәкірт бала жас Абайдың ауыл шетіне іліккен бетте «көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре бергені» түсті. «Қайран, Мұқаң!» дедік. Иә, әлгі «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөзді де осы Мұхтар ата айтып еді ғой! Бұл нені аңғартады? Мүмкін шығармадағы шәкірт баладай ересектің де, келешектің де бейсана таным түкпірінде алдымен адам баласы анасын іздейтін шығар? Мүмкін түгел тіршіліктің тұма басы Ана алдында мәңгі сәби дегенді меңзейтін шығар? Қайткен күнде де Ананың құшағынан кең құрлық, мейірімінен мол мұхит жоқ-ау!..

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»