Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, мыңдаған адамдарды жақсылық жасауға рухтандыратын елдегі ірі қайырымдылық ұйымдары мен қозғалыстардың негізін қалаған әйелдер қатысып, пікірлерін білдірді. Олардың қатарында «Қайырымдылар клубы» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашева, «Әлемжан жолы» қоғамдық қорының директоры Құралай Исенова, Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ бас дәрігері Сәуле Кенжебаева және мүгедектердің «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Қарлығаш Тынабекова бар.
Жиында сөз алған «Қайырымдылар клубы» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашева өздерінің осы уақыт аралығында атқарған қызметтеріне тоқталып, түрлі шараларға шолу жасады. Ал «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Қарлығаш Тынабекова орталықта бұрындары жұмыс жасаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйірменің жұмысы қайта басталатынын баяндады. Оған кез келген мүгедек жанның қатысуына мүмкіндік барын және үйренем деп келген жандарға үйірменің кестесін өз уақытына қарай ыңғайлап беретінін жеткізді.
Гүлмира Әбдірашеваның айтуынша, жақсылық жасау үшін қалталы болу міндетті емес, ең бастысы, мұқтаж жандардың мұңына құлақ түріп, олардың көңіліндегі ойды көре білетін көз бен көмектескім келеді деген ниет болса жеткілікті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»