Жаңа акция аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жасы 103-ке келген Астана қаласының тұрғыны, еңбек және тыл ардагері Дана Құлмұхамедқызы Досполованы құттықтады. Апамыз үйіне арнайы келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған нұротандықтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Дана әже 1915 жылдың 12 қыркүйегінде Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Жантеке ауылында туған. Жастайынан еңбекке араласқан асыл әжей ел тарихында ерекше маңызға ие Транссібір темір жол магистралінің құрылысына да үлес қосқан. Аталған магистральді салу кезінде апамыз аспаз болып жұмыс істеген екен. Соғыс жылдарында да тылда еселі еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатқан жандардың қатарында болды.
Дана әжейді барша нұротандықтардың және Елбасы, партия Төрағасының атынан шын жүректен құттықтап, сый-сияпат тарту еткен Мәулен Әшімбаев заты асыл осындай апаларымыздың өнегеге толы өмір жолы жас ұрпаққа қашанда үлгі екенін айтты. Олар өткен ғасырдың қиын-қыстау кезеңдері: азамат соғысы, тарихымызда зұлмат жылдар деп таңбаланған саяси қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы сияқты небір тар жол, тайғақ кешулерге тайсалмай төтеп беріп, елінің ертеңі үшін аянбай күресе білді. Сол арқылы апаларымыз қайсар рух пен жалынды жігердің жарқын үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде аяулы да асыл апа-әжелеріміз Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына куә болды. Бүгінде олар азат елдің азат ұрпақтарын тәрбиелеп, немере-шөберелерінің ортасында бақытты өмір сүруде.
– Мейірімділіктің нышанындай болған 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – әдеміліктің, ізгіліктің және жылылықтың мерекесі. Соған орай «Нұр Отан» партиясы «Ел аналары» деген ауқымды шараны қолға алып отыр. Осы акция аясында партияның барлық филиалдары ғасыр жасаған және жасы жүзден асқан әжелерімізді үйлеріне арнайы барып құттықтауда, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Шын мәнінде әулетінің ғана емес, тұтас еліміздің алтын қазығы, береке-бірліктің ұйытқысы болып отырған осындай апа-әжелеріміздің өмірінен алар сабақ мол. Сондықтан нұротандықтар абыз аналарды жеке-дара құттықтап, ақ баталарын алуды өздерінің абыройлы міндеті деп санайды.
– Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта етігімен су кешіп, келешек ұрпақ үшін жанын беріп еңбек еткен аяулы жандарға құрмет көрсетуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз. Өйткені біздің бүгінгі бақуатты өміріміздің бастауында еліміздің іргесі берік, бірлігі бекем болуына зор еңбек сіңірген осындай аналарымыз тұр, – деген Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы барлық ақ жаулықты әжелер мен аяулы аруларды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.
Бүгінде Қазақстан бойынша жасы жүзге жеткен және асқан 415 әжей бар. Олардың басым бөлігі, яғни 80-і Оңтүстік Қазақстан облысында тұратынын атап өткен жөн.
Айта кетейік, «Ел аналары» акциясы еліміздің барлық өңірінде өткізілуде. Соның аясында нұротандықтар облыс, аудан орталықтарымен қатар, шалғайда орналасқан ауылды жерлердегі апа-әжелерімізді де арнайы барып, мерекелерімен құттықтауда.