Президент жариялаған бес бастаманың әрқайсысы өзінің мазмұны бойынша айқын. Олар мемлекеттің әлеуметтік саясат жүйесінің, көптеген мемлекеттік ресурстар бағытталған, нақты белгіленген салалардың (жоғары білім беру, тұрғын үй құрылысы, т.б.) айтарлықтай жаңаруын білдіреді.
Біріншіден, ипотекалық кредиттеу қайта жандандырылуда. Ел үшін қиын экономикалық жағдайларға қарамастан, мемлекет ғаламат шаралар қолдануда. «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында ипотеканы арзандату – бұл жүз мыңнан астам жас отбасылар үшін тиімді мүмкіндік.
Екіншіден, жалпы жаңғырту жолына білім беру гранттарын көбейту жоспарланған. Жаңа 20 мың бюджеттік грант, ең алдымен, ауыл жастарының жоғары білім алуына жол ашады. Цифрландыру трендтерімен ілесетін индустриялық даму үшін қажет инженерлік-техникалық кадрларды дайындауға аса ерекше көңіл бөлінеді.
Үшіншіден, тұрғын үй құрылысы мен банк секторларын қолдау арқылы барлық экономикалық жүйе үшін мультипликативтік нәтижеге бір мезгілде қол жеткізіледі. Жалпы құрылыс индустриясында жаңа өсімді күтуге болады. Бұл он мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының пайда болатынын білдіреді.
Төртіншіден, микрокредиттеуді, қамтуды жыл сайын 7 мыңнан 14 мыңға дейін ұлғайтып, екі есе көбейту өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстан салық салу мөлшерлемесі төмен мемлекет екенін айтып өткен жөн. Бірақ салық жүктемесін жалақысы төмен адамдар үшін 10 есе, яғни 1%-ға дейін төмендету – мемлекет тарапынан жасалған түбегейлі шара, 2 млн-нан астам адам сол шараның бенефициарларына айналады. Жалпы алғанда, заманауи әлем жағдайларында Елбасының бастамаларына теңдес шаралар жоқ.
Президент елімізге Конституцияда берілген анықтаманы – әлеуметтік мемлекетті – сөзбен емес, іспен шын мәнінде жүзеге асыруда. Ұзақмерзімді тұрақты даму үшін берік негіз болып табылатын адам капиталының өсуіне алғышарттар мен еліміздің барлық азаматтары үшін сапалы әлеуметтік жағдайлар жасайтын бүгінгі бастамалар сол анықтамаға толықтай сәйкес келеді.
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры