Әлем • 08 Наурыз, 2018

Қиырдағы қазақ қызы

680 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Францияның денсаулық сақтау министрі­нен бастап, Ренн қаласының мэрі, сенатор­лары мен депутаттары әр мереке сайын қазақ қызының қызмет үстелін құттықтаулар мен алғыс хаттарға, ал құшағын гүлге тол­тырады.

Қиырдағы қазақ қызы

Әрине республикалық «Заң» журналы жария­лаған Франциядағы ең үздік шетел ғалымдарының рейтингінде көш бастаған қазақ ғалымын достары жайдан-жай «Білім олимпиадасының чемпионы» атандың деп, Франция гимні «Марсельезаны» орындап құттықтамаса керек-ті.

Бүгінде Ренндегі 40 мыңнан аса дәрігер Франция денсаулық сақтау министрлігіне кеңес беретін Дәрігерлер ордасының кеңесшісі болып отырған Жанар Төребаеваның алдында «Гиппократ» антын берген соң ғана қызметіне кіріседі, докторлығын қорғайды.

– Француздарда «өз еліңде жүріп істеген ісің мен қылығың – отбасыңнан алған тәрбиенің жемісі, ал өзге елдегі істеген ісің мен көрсеткен мінезің – туған елің­нің бейнесі», деген сөз бар, – деп әңгімесін бас­таған Жанар Төребаева француз жерінде білім алу мақ­сатымен барған кезде қалып қойғанын айтады. Қазіргі Санкт-Петербург мемлекеттік медицина педиатрия академиясын бітірген Жетісу жерінің тумасы Алматыда кандидаттығын қорғаған соң, докторлықты жалғастыру үшін 1999 жылы Батысқа бет алады. Біздің елде дами қоймаған онкогериатрия мамандығын жетік меңгерген жас маманға француздар жығыла жабысады да, оқуын бітірген соң барлық жағдайын жасап алып қалады. Ренн медицина университетінде эндокринология мен оңалту мамандығын қосымша меңгерген гериатрдың бүгінде негізгі қызметі сол оқу орнына қарасты емханада қарттарды емдеумен жалғасуда.

«Адам жасы ұлғайған соң жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, онкология, бүйрек әлсіреуі сияқты созылмалы аурулар қаупі ұлғайды. Сондықтан үздіксіз дәрі іше­тін қарттардың ағзасын бүлдіріп алмау үшін дәрінің түрі мен дозасын дұрыс беріп, әр ауруға әрқалай ем жасау керек. Сон­дық­тан гериатрия саласы қай елде де маңызды.

Францияда гериатрия медицинаның жеке саласы ретінде 50 жылдан бері жұмыс жасайды. Менің білуімше, Қазақстанда гериатрия әлі де болса кенжелеп тұр. Бұл мамандықты меңгергендердің өзі халықаралық талапқа сай келгенді қойып, тәжірибе жүзінде көп ештеңені көрген жоқ деп айта аламын. Бұл жақта терапевт-гериатрларды айтпағанда, медбикелер мен күтушілердің өзі гериатрия саласына бейімделіп дайындалады. Мысалы, біз Тағамтану және Ақыл-ес орталығымен бірге жұмыс істейміз. Ем алуға келген науқасты тұтас жұмыс тобы болып, күні бойы жан-жақты тексеріп болған соң ғана үйіне қайтарамыз. Қарттардың өмір сүру сапасы төмендейтіндіктен әлеуметтік жағдайын да зерттейміз. Пациентке ғана емес, балаларына да кеңес береміз», дейді Қазақстанның да гериатрия саласын дамытуды перзенттік борышы деп санайтын дәрігер.

Алайда Отанына үлес қосқысы келіп, Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен еліміздегі құзырлы органдарға гериатрия саласын дамыту бойынша жобасын жіберген Ж.Төребаева тұшымды жауап алғанды қойып, жобасын да кері қайтарып ала алмағанын айтып налиды. Әрине, мұндайда француздар атағын аспандатып отырған маманның жобасы жарамсыз болды дегенге ешкім нана қоймасы анық.

«Еуропа елдерінде мықты мамандардың электронды базасы бар. Оны аңдып отыратын мекемелер де көп. Олардан маған күніне 2-3 ұсыныс келіп түседі. Бұл жақта бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан да еңбек ету мен тынбай үйрену барлық мамандық иесінде әдет болып қалыптасып кеткен. Францияда ең жоғары жалақы медицина саласының қызметкерлеріне беріледі. Екінші орында – заңгерлер. Мемлекет медицина университетінің студенттеріне жылына 5000 еуро шәкіртақы бергеннен бөлек, ауруханаларда кезекшілік атқарғаны үшін бір түнге 57 еуродан төлейді. Олар 4-курстан бастап тек тәжірибеден өткені үшін жылына 2500 еуро алады. Интерндер айына 2000 еуро, жас дәрігерлер 3000 еуродан бастап, тәжірибелі дәрігерлер 20 мың еуроға дейін айлық алады. Сондықтан олар әлеуметтік мәселелерге ешқашан тап болмайды. Меніңше, ғылыммен айналысқан кісі отбасымды қалай асыраймын, әкімшілік жұмыстың үдесінен қайтсем шығамын деген мазасыз ойлардан аулақ болғаны жөн. Сонда ғана ол біліктілігін де, елдің ғылымын да дамыта алады. Мұндай мәселелер Францияда толықтай шешілген. Сондықтан да біз уақытымыз бен ақыл-ойымызды өз саламыз үшін ғана жұмсаймыз», дейді гериатр.

Жанар Төребаеваның айтуынша, 67 млн халқы бар Франция білім саласына баса мән бе­ретін көрінеді. Яғни 318 млрд еуро болатын жылдық бюджеттің 97 млрд-ы білім саласына бөлінеді екен. Ғылыми жаңалықтар ашуға арналған үлкен орталықтардың да аз емес екенін алға тартқан ғалым Нобель сый­лығы иегерлерінің көптеп шығуын мемлекеттің ғылымды дамытуға күш салаты­ны­мен байланыстырады. Шетелде оқып жүр­ген қазақ жастарына көңілі толатын дәрігер, солардың елге барып еңбек етуі үшін де дәл осындай бағдарламаның керек екенін айтады.

«Өз салам бойынша сарапшы дәрежесіне ие болғаннан кейін маған оқу орнын ашуға мүмкіндік туды. Қазақ жастары ана тілімен қоса, бірнеше әлем тілін меңгергені дұрыс. Озық елдің тілін меңгеру арқылы оның ғылымын да өз еліңнің игілігіне жарата аласың. Былтыр Алматы қаласына барып, мектептерде француз сыныптарын ашуға атсалысып келдім. Енді сол жастар Франциядан келіп білім алса деген ниеттемін. Шетелде жүрген талантты қазақ жастары Қазақстанға барып лекция оқып, уақытша қызмет етіп жүрген шетелдіктердің ешқайсысынан кем емес. Біздің мемлекет елі үшін шын жаны ашитын сол мамандарды, өзге елге кеткен «байлықты» тезден қайтарып алуы керек», деген Ж.Төребаева бауырлас қалалар Алматы-Ренн қарым-қатынасының қайта жандануына да септігін тигізген көрінеді.

Ж.Төребаева 1991 жылдың сәуір айында бауырлас қала ретінде бірлесе жұмыс атқара бастаған қос шаһардың байланысы 2005 жылдары нашарлап кеткенін айтады. 2011 жылы оқуын тәмамдаған қазақ қызы қалалар қатынасын қайта жандандыруды өзі қолға алады. Сөйтіп екі қала достығының 20 жылдығына қала мэрінен «Алматы» саябағын ашуды сұрайды. Алматы-Ренн бауырлас қалалар ассоциациясының президенті болып сайланған ол өтініші көп өтпей орындалған соң, 2016 жылы осы саябаққа Абайдың ескерткішін орнатуға да рұқсат алады.

P.S: Расында, кіндік қаны Ұлы Дала топырағында тамып, қиырдағы халықтың құрмет-қошеметіне бөленген қазақтар аз емес. Ал басқалар бағалаған сол бауырды біз қашан бауырға басамыз?!

Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»