Аймақтар • 08 Наурыз, 2018

Павлодарда көп балалы аналарға құрмет көрсетілді

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көпшілік назары адамзаттың нәзік жаратылысына ауған бұл күндері Павлодарда ұзақ жасаған және көп балалы аналарға құрмет көрсетіліп жатыр. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Павлодарда көп балалы аналарға құрмет көрсетілді

Көктемнің шуақты мерекесінде 10 кейуана ғасыр тойын тойлау үстінде. Олардың алтауы облыс орталығында, өзгесі аудандарда тұрады. Облыс әкімі Болат Бақауов жүзге келген тыл еңбеккері Евдокия Максимованы құттықтады. Үш бала тәрбиелеп өсірген ол елінің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен. Ал ең ұзақ жасаған Күлжәмилә Ахмедиянова әжейдің жасы 106-ға келген. Сонымен қатар облыс басшысы Болат Бақауов 8 наурыз мерекесіне орай алты және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген ардақты аналарға  «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыс етті. Аналарға арнап жайылған ақ дастархан басында емен-жарқын әңгіме құрған аймақ басшысы өзінің де көп балалы отбасынан шыққанын жеткізді. Дүние есігін оныншы сәби болып ашқан үйінің сүт кенжесі үшін анасының алтын алқасы бойтұмарға  айналған. Ана болу бақыты бір жағынан үлкен жауапкершілік. Марапатқа ие болып жатқан әрбір әйел мұны жақсы түсінеді.

- Өте қуаныштымын. Өзім алты перзентімді ұстаздық қызметіммен  қатар алып жүріп, өсіріп жатырмын. Солардың амандығын тілеймін. Еліміз тыныш болсын. Өзге де әйел адамдарды, аруларды 8 наурыз Халықаралық мерекемен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - деді Әсел Рақымжанова есімді көп балалы ана.

- Мен үшін бүгін өте қуанышты күн. Барлық аналарды 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Мен өзім көп балалы отбасынан шықанмын. Өмірге 6 сәби әкелдім. Енді менің Отан алдындағы міндетім – сол балаларымды өсіріп жеткізу. Сонымен қатар білім беру, ең біріншіден оларға жақсы тәрбие беру. Барлық аналарды мерекелерімен құттықтаймын, - деді көп балалы ана Март Оралханова.