Өмірдің мәні де, сәні де – Ана. Анасыз дүние – тұл. Сондықтан да дана халқымыз орынды айтқандай қамшының сабындай қысқа ғұмырда аналарға құрмет көрсетіп, өмірден өткен мұндай ғазиз жандардың рухына тағзым ету – үлкеннің де, кішінің де, басшының да, қосшының да айнымас парызы. Осындай мақсатта Ақтөбе аймағында «Аналарға тағзым» атты елімізде баламасы жоқ бірегей жоба жасақталу үстінде. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осыған орай Ақтөбе жұртшылығының өкілдері газет тілшісіне өз ой-пікірлерін былайша жеткізді.
Камалхан ҚУАН,
білім беру саласының ардагері, Қазақстанның оқу ісінің үздігі:
– Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың деген қасиетті қағида бар. Мұның өзі ана алдындағы борыш пен парыздың өте терең екенін танытады. Өңірде бой көтерген «Аналарға тағзым» орталығы аналар алдындағы парызды өтеудің бір белгісі мен көрінісі іспеттес. Ана өз перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөлетін мейірімі мол жанашыр жан. Отбасы мен шаңырақтың алтын қазығы. Осы орайда облыста қолға алынған «Аналарға тағзым» жобасының маңызы мен рөлі жоғары деп санаймын. Анасын аялап, құрметтей алатын кез келген азамат оған өз үлесін қоса алады. Бұл жоба келешек ұрпақтың бойында биік адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына сүбелі үлесін қоса алады деген ойдамын.
Гүлмейрам СРАЖОВА,
Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры:
– Қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер мен әйел-аналардың тағдырына селқос, енжар қарай алмасақ керек. Бұл тұрғыда облыс әкімінің кеңесшісі Құралай Байменова мүгедек аналарға қолдау мен қамқорлық көрсету мәселелерін ұдайы көтеріп келеді. Ашығын айтқанда, мүгедек қыз балалардың да отбасын құрып, ана атануына толық моральдық құқы бар. Мұндай кезде олар бірқатар кедергілер мен қиыншылықтарға кезігетіні айтпаса да белгілі. Осы орайда аталған әлеуметтік проблема «Аналарға тағзым» жобасы аясынан тыс қалмайды деп сенім артқымыз келеді. Мүмкіндігі шектеулі қыз балалардың ана атануы – оның өмірінің бақыты. Осыны ұмытпасақ екен.
Алмагүл САРЫБАЙ,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, «Шолпан» қыздар клубының жетекшісі:
– Қазіргі кезде қыз балалардың тәрбиесіне қоғам мен көпшілік тарапынан ойдағыдай көңіл бөлініп жүрмеген секілді. Мені осы мәселе алаңдатады. Бүгінгі күні қыздардың арасында ерте жүкті болу немесе «кәрі қыз» атану көріністері жиі кездесіп қалып жүр. Осы орайда жаңа жоба бұл әлеуметтік түйіннің тінін тарқатуға және қыздардың тәрбиесін жолға қоюға септігін тигізе білгенін қалаймыз. Бұл бағытта «Шолпан» қыздар клубы игі бас-
таманы бірауыздан қолдайды. Біз бәріміз қыз балалардың алдында ел мен ұлттың болашағы тұрғанын түйсіне білуге тиіспіз. Сондықтан да олардың халқымыздың ежелгі озық салт-дәстүрлеріне сай бой жетуіне ықпал етуді басты парызымыз деп білеміз.
Валентина ДЫННИК,
«Олеся» белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы:
– Сұрапыл соғыс жылдарында әйелдердің көрмеген қиындығы мен тартпаған тауқыметі жоқ. Соған қарамастан олар жеңіске деген сенімін жоғалтпай, жанқиярлықпен еңбек етті. Бүгінгі күні де ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген әйел-аналар жеткілікті. Осы орайда «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы еңбек жөніндегі дәстүрлердің сабақтастығына көңіл бөлсе – бұдан еш ұтылмас еді. Бұл бастаманың орны бөлек, қызметі айырықша. Ал аталған орталық ғимараты Ақтөбенің ажарын одан әрі аша түсетіні қандай ғанибет.
Ильман ЮСУПОВ,
«Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
– «Аналарға тағзым» Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып жатқан келе жатқан келісті кешен. Оның елімізде ешқандай теңдесі жоқ. Мұндағы жасақталатын экспозиция залында қазақ халқының тарихында айырықша із қалдырған тұлғалар, ерлігі мен еңбегінің және қайталанбас бітім-болмысының арқасында ел аузында қалған қазақ қыздары Бопай ханым, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Аққағаз Досжанова, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жамановалардың өмір жолдарынан мол деректер қойылмақ. Оның келешек ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісіне тигізетін ықпалы мол болатыны кәміл. Қазақ халқы секілді Қазақстандағы шешен халқының өкілдері де аналар мен әйелдерге ерекше құрметпен қарай біледі. Біз облыста аналарға тағзым ету мақсатында құрылған жарқын жобаға айырықша тәнтіміз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»