Аймақтар • 08 Наурыз, 2018

Жамбылда суретші Татьяна Шелудченкованың «Өмір. Махаббат. Шабыт!» атты көрмесі ашылды

1451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында суретші Татьяна Шелудченкованың «Өмір. Махаббат. Шабыт!» атты шығармашылық көрмесі ашылды.

Жамбылда суретші Татьяна Шелудченкованың «Өмір. Махаббат. Шабыт!» атты көрмесі ашылды

Аталған көрмеге суретшінің «Көбелек», «Көгершіндер көзіндегі мұң», «Көктем», «Гармония» секілді 18 жылдан бері жинақталған туындылары қойылды. Бұл күні музей көрмесіне тараздық тұрғындар көптеп жиналып, шығармашылық иесінің шынайы шабытпен өрілген шығармаларына куә болды.

Татьяна Шелудченкова Әулие­ата өңіріне акрил техникасын қолдану арқылы әйнек бетіне сурет салу өнерін дамытқан туындыгер ретінде танымал. Осыдан он үш жыл бұрын алғашқы шығармашылық көрмесін көпшілікке ұсынған сурет­шінің түрлі техниканың көме­гімен жасалған туындылары күні бүгінге дейін көпшілік назарында. Содан бері тынымсыз шығармашылық ізденісте келе жатқан Татьянаның бұл жолғы көрмесі де келушілердің сурет өне­ріне деген қызығушылығын оятты. Суретшінің «Өмір. Махаббат. Шабыт!» атты көрмесінің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ғалия Әлімжанова Татьяна талантының қыр-сырына тоқталып, оның сурет өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқанын жеткізді. Сондай-ақ белгілі су­ретші Айдархан Сихаев әріп­тесінің кәсіби шеберлігінің жоғары екенін айтып, туындыларына оң баға берді.

Өз сөзінде Татьяна Шелуд­чен­кова шығармашылығын баға­лап, талантын танып көрмеге ке­лген көпшілікке жүрекжарды ле­бізін білдіріп, сурет өнерінде әрі қарай да еңбек ете беретінін, жоспарларының да жеткілікті екенін жеткізді. Расында да тылсым әлемнен сыр тартып, жұмбақ күйде жан түкпірінде ғажайып бір сезімді оятатын суретшінің шынайы шы­ғар­машылығы көпшіліктің ықы­ласына ие болды.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы