Оған қатысуға биыл 23 әйел ынта білдірді. Автошерудің шарты бойынша әйелдер көлігін түрліше безендірді. Осы жарыста бас жүлдені алған Екатерина Кожевина өзінің темір тұлпарына көйлек пен шляпа «кигізіп», сыланған сұлудың кейпін көрсетті. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері Ғалия Қасымова өзі мінген «Лада приорасын» ұлттық оюлармен және ұлттық киім киген қуыршақпен безендіріпті.
– Ең басты мақсатымыз, әйелдердің ынтымағын көрсету, жол ережесін сақтауды насихаттау және көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлау болды, – дейді Жастар ресурсы орталығының директоры Айгүл Абдуллина.
Әйелдер жүргізген темір тұлпарлар шеруі қала ортасындағы Жеңіс саябағынан орталық Абай даңғылы арқылы қаланың бір шетіндегі «Астықжан» сауда орталығына дейін жүріп өтті. Шеруді көрген қалалықтарды машиналардың безендірілуі ерекше қызықтырды. Олар үшін көліктерді әйелдердің тізгіндеуі де бүгін ерекше жарасым тапқандай болды. Рульдегі әйелдердің барлығының да көлік жүргізуде кемінде үш жыл өтілі бар.
– Рульге арулар отырған автошерудің тағы бір мақсаты, «әйел машина жүргізе алмайды» деген қалыптасып қалған түсінікті жоққа шығару еді. Қайта ең ұқыпты және жол ережесін қатаң сақтайтын жүргізушілердің әйелдер екенін айтқым келеді, – дейді жергілікті полиция бастығының орынбасары Әлібек Бермұқанов. Шеру мәреге жеткен соң, ұйымдастырушылар жүргізушілер үшін викториналық сұрақтар қойды. Жүргізуші арулардың барлығы да мерекелік сыйлықтарға ие болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ