Айтайын деп отырғанымыз, жақында Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында жергілікті әкімдік пен Семейдің іргесіндегі «Агрофирма «Приречное» ЖШС арасында жасалған меморандум аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 15 тонна азық-түлік пен көкөніс арзан бағада саудаланды.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаевтың айтуынша, ақпанның 20-сы күні өткен жәрмеңкеде 7,5 тонна картоп, 530 келі сәбіз, 270 келі қызылша, 1 тонна сарымсақ пен 675 келі орамжапырақ пышақ үстінен сатылып кетіпті. Көкөністердің барлығы бар болғаны 83 теңгеден саудаға шығарылғандықтан жұрт талап алыпты.
«Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуін болдырмау мақсатында аудан әкімдігі тарапынан бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы ретте өткен жылдың 13 қазанында Семей қаласына қарасты «Агрофирма «Приречное» ЖШС-нің директоры Мұхит Тұмабаевпен аудан әкімдігі екі жақты меморандумға қол қойған болатын. Аталмыш келісім аясында өңіріміздегі ең іргелі көкөніс өсіретін шаруашылық осымен екінші мәрте аудан орталығына арзан бағадағы азық-түлік тауарларын әкеліп отыр. Алғашқы жәрмеңке 13-14 ақпан күндері өтсе, бір аптадан кейін, міне, екінші мәрте жәрмеңке ұйымдастырылды. Алғашында ауданға жалпы көлемі бес тоннадан (2,7 тонна картоп, 630 келі сәбіз, 280 келі қызылша, 910 келі сарымсақ, 800 келі орамжапырақ) астам азық-түлік өнімдері жеткізілген болатын. Тұрақтандыру қорынан бөлінген өнімдер тікелей өндірушіден жеткендіктен әлбетте үстеме бағасыз болатыны анық. Бұл сөз жоқ, ауданымыздағы осынау азықтық өнім түрлерінің бағасын біршама тұрақтандырып, жұртшылықтың қажетін өтейтін игілікті шара деп білеміз», - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы