Аймақтар • 10 Наурыз, 2018

Семейлік Диана Байжұманова «Ұлттық ұлан аруы-2018» байқауының жеңімпазы

1019 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскери қызметкер қыздар арасындағы «Ұлттық ұлан аруы-2018» мәртебесін семейлік ару жеңіп алды.

Семейлік Диана Байжұманова «Ұлттық ұлан аруы-2018» байқауының жеңімпазы

Сонымен әділқазылар алқасының шешімімен онлайн жүйесіндегі ашық дауыс беру барысында сұлулық конкурсының жеңімпазы болып Шығыс Қазақстан облысының аруы, жерлесіміз семейлік Диана Байжұманова аталды. Диана Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының  5511 әскери бөлімінде табысты еңбек етуде. Ефрейтор Диана Байжұманова Семей қаласында туған. Ұлттық ұлан сапында 2017 жылдан бастап, қаржы қызметінің бас маманы ретінде жұмыс істеп келеді екен.

Айта кету керек, ҚР Ұлттық ұланының қатарына семейлік сұлу бір күнде келе салмады. Ол осы бөлімде табан аудармай 15 жыл қызмет еткен өз анасының ізімен жүріп, әскери қызметті жалғапты.

Орта мектепті тәмамдасымен Диана Семей қаласындағы қаржы-экономикалық колледжіне «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітіреді. Содан кейін жас маман ретінде, еліме еңбек етсем деген нақты мақсатты ұстанады. Армия қатарында жүріп, Диана Қазақ инновациялық университетінде негізгі мамандығы бойынша жоғары білімді сырттай алып шығыпты.

- Әскери қызметті жақсы көремін,-деді Диана Байжұманова,-адамды тәртіп пен жинақылыққа үйретіп, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Адамды нағыз адам жасайтын армия деп білемін.

Осынау жауапкершілігі мол жұмысында әдемі ару қыз ерлерден қалыспай еңбек ететіндігі тағы бар. Нәзік жаратылысына қарамастан әскери қызметтің барлық жүгін көтере білетін жан. Тіпті сапқа тұрудың икемділігін игеріп, спорттық жарыстарға қатысып, қару-жарақ ұстаудың барлық қыр-сырын меңгерген. Тіпті бұның бәрін алдыңғылардың қатарында орындайтынын қайтерсің. Классикалық әдебиетке жаны құштар, өлең шығағарғанды да жақсы көреді. Сүйікті мақалы «генерал болуды армандамаған сарбаз сарбаз емес» деген нақыл сөз екен.

Раушан Нұғманбекова,

сурет автордыкі. 

Семей