Түні бойы жауған жаңбыр аяқ асты мұзға айналып, ауа-райы көктемгі ерекшеліктерін енді білдіре бастады. Семейде көктайғаққа орай, 1-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне сабаққа баруға тыйым салынды. Бірақ, ересектер үшін жұмыс күні жалғасуда. Қаладағы Жедел жәрдем ауруханасындағы травматология бөлімінің медбикесі Әсел Мусинаның айтуынша, мұнда келіп түскендер ішінде әртүрлі жарақат алғандар бар. Қабырғалары сынғандар да кездеседі. Қазіргі уақытта бөлімге көшеде келе жатып, тайып жығылған 18 семейлік келіп түсіпті. Оларға дереу алғашқы көмек көрсетілген. Алтауының сүйегі сынса, қалғандарының еті көгеріп, аяқ, қол, кеуде тұстары ісіп кеткен. Травматолог дәрігерлер барлығына жанталаса көмек көрсетуде. Қазір жағдайлары қалыпты. Мұзтайғақта абай болуды ақ халатты абзал жандар ерекше ескертіп жатыр.
Раушан Нұғманбекова,
суретті түсірген автор
Семей