Асқар Хамзин осыдан он жыл бұрын Аққайың ауданына қарасты № 3 Смирнов мектебінбасқарып тұрғанда оқушыларға ауласының қарын күретіп, бақшасының арамшөбін жұлғызып, отынын жарғызған. Прокуратура тексеру барысында сондай-ақ балалардың тамағына заңсыз ақша жинатқызғанын да анықтаған. Заңға қиғаш осындай әрекеттері үшін жұмыстан аластатылған.
Алайда, оның бұдан кейін Шал ақын ауданы Афанасьевка ауылдық округінің әкімі болып тағайындалғаны, арнайы тексеруден қалай өткені түсініксіз. Жаңа қызметте қоластындағыларды отын кесуге күштеп жіберіп,қызметкерлердің бірін ара шағып, оқиға орнында көз жұмған. Экс-әкім болса тәртіптік кеңестің қызметтен босату туралы шешімімен келіспей сотқа жүгінген. Бірақ жеңіліс тапқан.
Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін «батырың» былтыр Айыртау ауданындағы Төменгі Бұрлық мектебіне мұғалім болып орналасып, іле-шала мүйізі қарағайдай директор болып шыға келген. Оның басшылық қызмет атқаруға еш құқы жоғын біле тұра аудандық оқу бөлімі жолсыздыққа көз жұма қараған. Әдеп кеңесінің жуырда өткен отырысында мектеп директорын қызметтен босатуға шешім алынып, аудандық оқу бөлімінің жетекшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.
Өмір Есқали.
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.