Аймақтар • 11 Наурыз, 2018

«Жұлдызша» турнирінің жеңімпаздары 500 мың теңгенің сертификатын алды

490 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменде шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі облыстық «Жұлдызша» турнирі осымен бесінші мәрте ұйымдастырылды. 

«Жұлдызша» турнирінің жеңімпаздары 500 мың теңгенің сертификатын алды

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып өткізілген сайыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен өскемендік хоккейдің ардагерлері арнайы қатысып, лебіздерін білдірді. «Облысымызда нағыз ерлер ойыны саналатын хоккейге бет бұрған жастарымыздың қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі жарыс соның бір дәлелі деуге болады. Биылғы турнирде топ жарған кіші топ хоккейшілері республикалық жарысқа қатысуға мүмкіндік алады. Сол жарыста жас хоккейшілеріміз облысымыздың намысын абыроймен қорғайтындарына кәміл сенеміз», - деді Ә.Нүсіпова.

Жарыс қорытындысында Өскеменнің жас хоккейшілері кіші топта (2006-2007 жылдары туған балалар) үздік атанса, семейлік өрендер 2004-2005 жылғы ойыншылардан құралған командалар бәсекесінде ешкімге дес бермеді. Жеңімпаз командалардың әрқайсысына облыс әкімінің арнайы жүлдесі – 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТОВ